23.05.2017, 12:44
Қараулар: 1449
Нардың жүгін көтерген Шәкең неден жазықты болды?

Нардың жүгін көтерген Шәкең неден жазықты болды?

в-206

Ауданымыздың Құрметті азаматы, баршаға танымал ақсақал Чарльз аға Қойшыбаев бастаған топ бұдан ширек ғасыр бұрын тарап кеткен М.Мәметова атындағы совхоздың құрылғанына 60 жыл толуын атап өту жөнінде бастама көтергенде, Шәкеңнің бірқатар құрбыларының: «Кеңестік дәуірді аңсағандай соның керегі не?» деп тоқтау салғанын да естігенбіз. Бірақ, олар илікпеді.

«Кеңестік кезең, қала-қалама, ол да біздің тарих. «Орда» совхозы Орда ауданының қайта құрылуына негіз салса, М.Мәметова атындағы совхоз жаңа ауданның аяғынан тік тұруына жағдай жасады. Өйткені, тас түскен жеріне ауыр. Естеріңе түсіріңдерші, ауданның алғашқы басшылары, аупартком, ауатком қызметкерлері қайда орналасқан еді? Совхоздың  аядай кеңсесін иемденіп, тығылысып қонақүйге жатып, совхоз асханасынан тамақтанды емес пе?! Совхоз директорынан бастап мамандарының үйін бес-алты ай таптады ғой. Сонда мәншүктіктердің ешқайсысы «қыңқ» деген жоқ»,-деп уәж айтты. Аудан әкімдігіндегілер де: «Ауасын жұтып, суын ішіп, тұрмыс кешіп жатқан жердің тарихынан жас ұрпақтың да білгендері жөн» десіп, қаржыдан басқа жағынан жәрдемдесуге әзір екендіктерін жеткізді. Ол туралы да, аудандық мәдениет үйінде оздырылған М.Мәметова атындағы совхоздың құрылғанына 60 жыл толуына арналған салтанаттан да оқырмандарымыз хабардар.

Жақында Шәкең редакциямызға бас сұқты. Қолында сол салтанатта жасаған баяндамасы. Компьютермен  теріліп, «А4» форматтағы қағазға басылған оннан астам бетке өз қолымен жазылған 2-3 парақты және қосыпты.

– Өздеріңіз білесіздер, көзім жөнді көрмейді. Баяндаманы айтып отырып, қыздарға қағазға түсірткенмен, оқи алмай жиналғандарға сұлбасын ғана жеткізгендеймін. Бірқатар азаматтардың есімдері аталмай қалыпты. Марқұмдардың артында қалған әйелдері мен жақын-жанаптары өкпе артып, қайсыбірі тілдеп те тастады. Сондықтан мүмкін болса, баяндамамды баспаға қысқартпай жіберсеңіздер,-деді.

Радио мен теледидарда эфир уақыты есептеулі болса, бізде де жол санаулы. Әйтсе де, ардагердің сөзін жерге тастай алмай, баяндамасын ықшамдап, оқырмандарды тек мазмұнымен таныстыруды жөн көрдік. Оның үстіне ардақты ағамыз Сайқынның тарихын тым әріден, туған жерді қалмақ басқыншыларынан азат етуден бастап, осы округте дүниеге келген ғалым Мұхаммед-Салық Бабажанов, қоғам қайраткері Ыдырыс Берғалиев, генерал Шәкір Жексенбаев, тағы басқа танымал тұлғаларды кірістіріпті. Ал, тікелей совхоз тарихына келсек, баяндамашының көрсетуінше, облыстық совхоздар басқармасының 1957 жылғы 6 ақпандағы №26 бұйрығымен 15 ақпанда «Сайқын» қой совхозы болып құрылып, құрамына «Сталин», «Ленин» колхоздары, Әжен ауылы, Шоңай МТС-і, Орда ауылдық кеңесіндегі «Ворошилов» колхозы, Сейітқали, Торғай, Қасымтау ауыл аймақтары беріледі. Директорлыққа Г.Е.Панченко бекітіліп, ол өзінің №1 бұйрығымен бас мамандарды (зоотехник Т.Мырзағалиев, экономист Ж.Хайроллин, есепші М.Құбаев, агроном Г.А.Белохвостов, мал дәрігері Н.Н.Кочергина, инженер Д.П.Артюшичкин), №2 бұйрығымен 5 ферманың меңгерушілерін (Ермекқали Ниязғалиев, Қайнен Ғабдешев, Нұрмұхан Жармағанбетов, Қаби Әлібеков, Мәжит Сариевті) тағайындайды. Директордың №3 бұйрығымен Мұқамаш Өтешқалиев директордың орынбасары Мақсот Әубекеров МТМ, Николай Боготёров автогараж, А.С.Гетманцов құрылыс бөлімі меңгерушілігіне, 19 жасар Иран Дәуленов трактор бригадасының бригадирлігіне, Ж.Бекболсынов пен А.Айтжанов мал маманы, М.Исмағұлов пен И.Бисекенов есеп қызметкерлігіне орналасады.

1958 жылдың желтоқсанында Г.Е.Панченко «Талов» совхозы директорлығына ауысып, оның орнына партком хатшысы Мұрат Насимоллин, ал, Мөкеңнің орнына Сағынғали Елемесов тұрады. 1960 жылы совхозға Кеңес Одағының батыры Мәншүк Мәметованың есімі беріледі. 1964 жылы «Орда» совхозы құрылғанда 2 фермасын (№4 «Ворошилов», №5 «Сейітқали») мал-мүлкі, халқымен соларға берген мәншүктіктер жаңадан 2 ферма жасақтап, меңгерушілікке Кабир Әбдіров пен Құснихат Қабделовті қойыпты. 1972 жылы Орда ауданы қайта құрылған сәтте ауатком төрағалығына сайланған Мұрат Насимоллиннің орнына Қадер Ғайсин келіп, партком хатшылығына Сағидолла Абдолов сайланады. 1975 жылы «Мұратсай» совхозы отау құрғанда тағы бір фермасы (№3 «Әжен») түгелдей сол шаруашылыққа кетеді. 1985 жылы зейнеткерлікке шыққан Қадер Хабибұлының орнын Марат Менеев басса, бір жылдан кейін оны Амангелді Сұлтанғалиев алмастырыпты. Кеңес Одағы ыдырап, совхоздар кооперативтік қоғамға айналар тұста аудан басшылары директорлыққа Ержан Өмірзақовты жіберіпті. Ол қоғамда тарап, пай үлестерін алған кей мүшелері де жан-жаққа кетіп, қалғандары жауапкершілігі шектеулі серіктестікке (төрағасы Е.Өмірзақов) біріккенде, қалай екені белгісіз, жаңа ұжым «Мәмбет» атауын иеленеді. Сөйтіп, батыр қыздың есімі тек орта мектепте ғана қалады.

Баяндамада жазылған адамдардың аты-жөнін теріп алар болсақ, соның өзі газеттің бір бетіне сыймауы хақ, шаруашылықты басқарғандар мен озат атанғандардан ешкімді қалдырмаған сияқты. «Ол кезде совхоз ауылдағы білім, денсаулық сақтау, мәдениет, сауда ошақтарын қамқорлады» деп жіберіп, онда кімдердің істегенін де тізіпті. «Молотов» колхозында туып өсіп, Сайқында оқып, «Сталинде» еңбек жолын бастаған, совхоз құрылғанда шофер, одан диспечер, кейінгі отыз жылдай директордың орынбасары болып, зейнеткерлікке шыққан Қамияр Айтқалиевті, зейнет жасына жете алмай кеткен бас зоотехник Идан Сатыбалдиев, десятник Жұмай Махметов, инженер-техниктер Әзірбай Садаров, Будённый Мағзомов, Қитеш Бисенғалиев, Темеш Рахметоллин, токарь Елемес Мақсотов, тағы басқаларды атапты.

Ал, Ч.Қойшыбаевтың тікелей басшылығымен жасақталған шаруашылықтың іс-қимылы мен мүшелерінің суреттері жапсырылған фотостенд мәдениет үйінің кең дәлізі қабырғаларын түгел алып тұрды. Келушілердің бірқатары одан өздерін, бұрынғы жұмыстастарын көріп, бірі әке-шеше, ата-әжелерін танып, мәре-сәре болысқандарына куә болғанбыз. Сондықтан шараны ұйымдастырушыларға өкпе арту, біздіңше, орынсыз. Қайта оларға қол ұшын беріп көмектеспеген, естеліктер айтып, баяндаманы толықтыруға үлес қоспаған жандарға ренжу керек. «Біткен іске сыншы көп». Егер Шәкең Нарынның нар ұлдарына тән қайсарлық пен табандылық танытпағанда, заты түгіл аты да қалмаған шаруашылықтың 60 жылдығы атаусыз қалар ма еді, кім білсін?! Қайта қара нардың жүгін көтерген ол кісіге түсінген жан мың сан алғыс айту қажет.

Иә, өткенді ұмытпай, тарихтан тағылым алған лазым. «Қателіктен сабақ алмасаң, қатеден көз ашпассың» деген халық даналығын ескергеніміз жөн. Бабаларымыз шежірені сол үшін, рухани жаңғыру үшін жинаған.

Каримолла ҒАЙСИН.

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Суреттерде: Өткен өмір – өшпес тарих…