11.07.2021, 12:38
Қараулар: 77
БІЗ БІЛЕТІН «БАССОЛЬ»

БІЗ БІЛЕТІН «БАССОЛЬ»

Бағзы заманда бір данагөй қария қатар отырған екі қыздың (бірі байдың қызы, екіншісі кедейдің қызы болса керек) ақыл-парасатын сынамақ ниетте:

– Айтыңдаршы, дүниеде тағамнан не тәтті? – деп сұрапты.

Сонда байдың қызы:

– Әрине, қазы-қарта, жал-жая тәтті ғой, – дейді.

Ал кедейдің қызы:

– Жоқ, дүниеде тұз тәтті, – деп жауап беріпті.

Оған әлгі ақылман:

– Тұзды тағам ретінде өзін жей алмайсың ғой, оның тәттілігін қалай дәлелдейсің? – дейді.

– Оныңыз рас, өзін жеке жеуге келмейді, бірақ ол кез келген тағамның дәмін келтіреді емес пе?! Сондықтан тұз тәтті, – деп айғағын келтіріпті кедейдің қызы.

Иә, тұздан өткен тәтті жоқ. Біздің арғы ата-бабаларымыздан бері тұтынып жүргеніміз Басқұншақтың тұзы. Ол бұрынғы Одақ көлеміндегі ең ірі тұз кені болып есептеледі. Оған сапасы жағынан да балама жоқ. Соғым етін тұздасаң да, кез келген тағамға салсаң да дәмі таңдайыңа татиды ғой, шіркін. Ал, Соль-Илецкнің тұзы удай ащы, соғым етін тұздауға келмейді, бұзып аласың.

 

БАБАДАН ҚАЛҒАН БАСҚҰНШАҚ

Ол кезде музейде істейтінмін. 1981 жылдың күзі, дәлірек айтсақ 12 қараша. Іргемізде көршілес жатқан Ленин орденді Басқұншақ тұз өндірісінің тарихымен танысу мақсатында іссапармен солай қарай жол шеккеніміз бар. Пойызымыз кешігіп,  қасымдағы жолдасым, Орда кеңшарының №4 фермасының зоотехнигі Неғымен Еркеғалиев екеуіміз жаяу басып кеттік. Жүріп келеміз. Алдымыздан екі қалашықтың қарасы  көрінеді.

– Қызыл үй қайсысы? – деп сұрадым серігімнен.

  • Анау Төменгісі, ал мына Ортаңғы Басқұншақта гипс өндіріледі, –деді ол. – Көрдіңіз бе, үш Басқұншақ, үшеуі де өндіріс орны.

Кезінде бұл жерлерді Хазар қағанатының жайлағаны тарихтан белгілі. Бертін келе оны отқарулы орыстар басып алғанына да тарих куә. «Қанша жеріміз қолды болды?» деген қыжылдың сыртқа шыға алмай іште тұншыққанын несіне жасырайық.

Әңгімелесе жүріп діттеген жерімізге қалай келіп қалғанымызды сезбей де қалдық.

  • Осында менің әкемнің апасы тұрады. Қарсы болмасаңыз сонда барайық, – деді жолсерігім. Келсек, апай таңғы шайын ішіп отыр екен. Жөн сұраса келе ол кісі жерлесіміз болып шықты. Жетібайдан. Мұнда 1927 жылы келіпті. Ал, мен үшін ең маңыздысы ол кісі тұз өндірісінің нағыз ардагері екен. Үнзила Файзуллина есімді апайымыз сол 1927 жылдан 1962 жылға дейін, яғни табаны күректей 35 жыл Басқұншақ тұз кәсіпшілігінде істеген болып шықты. 30-жылдардың стахановшысы Үнзила Файзуллина 1943 жылы Еңбек Қызыл Ту орденімен наградталыпты. Марқұм жолдасы Ұлы Отан соғысының ардагері, ол да осы тұз өндірісінен зейнетке шығыпты. Үнзила апайдан біраз әңгімеге қанық болып, Бассольдің музейіне келдік. Сол уақытта қоғамдық негіздегі ведомстволық бұл музейді төрт жыл бұрын ұйымдастырған Бассольдің еңбек ардагері, майдангер Г.С.Моторин мені кәнігі ескі танысындай қарсы алды. Өйткені біз бұрыннан хат-хабар алысып тұратынбыз. Өз ісінің нағыз майталманы тұз өндірісінің өткені мен бүгінін бес саусағындай біледі екен. Тарихын айтып тауса алар емес. Музейде ертедегі тұз өндірушілердің сүймені (лом), күрек, чекмарь сияқты басқа да құрал-саймандары қойылыпты. Мені тұрғындардан жиналып алынған самаурындардың мол коллекциясы таң қалдырғанын несіне жасырайын. Реті келгенде самаурындардың осындай мол коллекциясы Даринск ауылындағы М.А.Шолоховтың мемориалдық музейінің экспозициясында орын алғанын айта кетейік.

БАҚЫР ТИЫНҒА БАҒАЛАНҒАН ЕҢБЕК

Тақырыбымыздан аздап ауытқып кеттік-ау деймін. Енді Басқұншақ тұз өндірісінің мың жылдық тарихына оралсақ. Тарихи деректерден білгеніміздей алғаш тұз шығаруды V-VII ғасырларда осы жақты мекен еткен хазарлар мен қыпшақтар, басқа да көшпелі тайпалар қолға алыпты. Ал орыстар тұз өндіруді тек Иван Грозныйдың тұсында, Астрахан хандығын бағындырғаннан кейін, яғни 1556 жылдан кейін бастаған.

Патшалық Ресейде халық өмірі өте ауыр болды. Үнемі жоқшылық, ауыр еңбек, толықтай құнықсыздық тұз өндірушілердің пешенесіне жазылғандай. Малынан, жерінен жұрдай болып кәсіп іздеген бөкейлік қазақтардың саны осы тұста бес мыңның үстіне шықты. Міне, бөкейлік қазақ жұмысшылары –батырақтар осылай пайда болды. «Мыңдаған қырғыздар, – деп жазады Бөкей даласын зерттеген этнограф ғалым Алексей Харузин 1888 жылы өзінің «Дала очерктері» атты еңбегінде, – адам айтқысыз жағдайда, жеркепеде тұрып, капиталистерге  аяусыз қаналып, бақыр тиын пұлға бола, мүмкін дүниедегі ең ауыр жұмыстың бірі саналатын тұз өндірісінде істеу үшін Басқұншақ көліне барады» десе, 1890 жылы тау-кен инженері В.Гаркемнің жазған есебін тұла бойың тітіркенбей оқу мүмкін емес. «Басқұншақ көліндегі тұздың орналасуы сондай, – деп, жазады ол, – жұмысшы үшін мұндағыдай ауыр еңбек еш жерде де таптырмас. Жұмысшылар тұзды рапада (тұзды суда) тұрып сындырады. 40 градус ыстықта, көзді аштырмайтын аппақ аяңда, рапаның адам тәнін жеп қоятын қасиеті жағдайында жұмыс істеу ауырлығы жөнінен өзге өндіріс орындары табыла қоймас. Рапада ұзақ уақыт болудан аяқ жараланып кетеді. Осындай орында ашыған, қажыған, өліп бара жатса да пұттық чекмарьмен қимыл жасап, рапаның әсерінен аяғы жараға толған жұмысшылардың бетіне қараудың өзі қорқынышты». 1891 жылы «Астраханский листок» газетінде белгісіз журналист тұзшы еңбегінің адам төзгісіз ауырлығын былайша суреттепті: «Сентябрь таңы. Ауаның салқындай бастағаны байқалады. Иықтарына күрек, лом салған аш-жалаңаш қырғыздар арестанттарша жай басып, соқпақ жолмен көлге қарай топ-топ болып кетіп барады. Суық, тәнді жеп қоятын рапаға түсіп, жалаң табанға тікенше қадалатын кристалдардың үстінде істегілері келмейді ғой. Еріксіз бір жұмысшының аяғына назар аудардым. Ол аяғын әрең-әрең қозғайды. Тізесіне әр түрлі, үлкендігі бес тиындық пен жарты сомдық шамасындағы жамау сияқты бірдеңелер сықасып тұр. Мұның бәрі жара. Әлгі қырғыз маған аяғын көрсетіп тұрып, үйренген әдетпен жараның біреуінің ішіндегісін сығып тастады.

  • Сен мұнымен қалай жұмыс істейсің? – деп, сұраймын. –Ауырады ғой.
  • Білем, ауырады. Жұмыс істеу керек. Кушать надо. Не работаем, не кушаем, – дейді ол».
  • Міне, тұз өндірісіндегі бір үзім нан осылай табылатын еді, – дейді музей басшысы. Өндірістегі жұмыс күні 14 сағатқа созылатын. Тұз оюшы Сүлеймен Бекболатовтың 1914 жылғы есеп кітапшасына назар салыңызшы, –дейді одан әрі еңбек және соғыс ардагері Г.С.Моторин. Көріп тұрғаныңыздай жалдану шарты бір колымажкаға төлейтіні 20 тиын, бір жұмыс күніне 500 килограмм тұз сындыру міндеті қойылыпты. Өндірісте балалар еңбегі кеңінен пайдаланылған. Олар көлден тұз тасуда көлік айдаушы болған. Жұмысшылар көктемнен күзге дейін көл жағасында жертөледе немесе қазақтардың өздері әкелген қараша киіз үйлерде тұрған. Лом мен күрек, пұттық чекмарь, күйдіріп бара жатқан күннің ыстығы және надсмотрщиктің өткір бишігі – тұз өндірісіндегі еңбек жағдайының сиқы осындай болған. Каторгалық еңбек, антисанитариялық ауыр тұрмыс жағдайы, қайыршылық табыс, су тапшылығы, медициналық көмектің болмауы жаппай эпидемиялық ауруларға ұшырататын. Ал, олар ондаған, жүздеген адамның өмірін жалмап кетуші еді, – дейді Г.Моторин бізбен әңгімесінде. Ол Бассольдің орыс, әсіресе, қазақ жұмысшыларының тұз өндіруші кәсіпқой капиталистер Лианозов, Сапожников, Типковтардың тарапынан адам төзгісіз қанаушылыққа ұшырағанын тілге тиек етіп, көптеген мәлімет келтірді. Қазан төңкерісіне дейін Басқұншақ тұз кәсібінде істеген ордалық марқұм Абдолла Денгизбаев (Рафаэль Денгизбаевтің атасы) ақсақалдың айтуы бойынша тұз оюшылар жазда 40 градустан асатын ми қайнатқан ыстықта, күзде сүйек сырқыратар суықты белшесінен батып, 14-15 сағат рапада жұмыс істеген. Көлден құрғаққа тұз шығаруға тек түйе ғана шыдаған. Оған не өгіз, не жылқы жарамаған, тұз олардың аяғын жеп тастайды екен. Түйенің мойын терісінен тіккен етік бір маусымға да төзбейтін көрінеді. Осыған қарап тұз оюшы жағдайының қандай қиын болғанын болжай беріңіз.

БІР ЖЫЛДА АЛТЫ МИЛЛИОН ТОННА ТҰЗ

Әділін айту керек, Бассольдің төрт аяғынан тік тұрып кетуі В.И.Лениннің есімімен байланысты. Еділ бойында азамат соғысының дүмпуі басылмай, әрі ақ бандылар қаһарын төгіп тұрған шақтың өзінде Совет үкіметінің басшысы Бассольді қалпына келтіріп, алға қарай дамуына үлкен көңіл бөледі. 1921 жылы тұз өндіруді механикаландыру үшін Бассольге екі қуатты экскаватор жіберу жөнінде тиісті орынға тәртіп береді. Оған архивте сақталған телеграммалар куә. Міне, осы В.И.Ленин жіберген «Бьюс-Айрус» және «Любик» атты екі эксковатордан бастап Басқұншақ тұз өндірісінің жаңа дәуірі басталды. Бұдан былай тұз өндірісінде өте ауыр қол жұмысын техника атқаратын болды. Сөз реті келіп тұрғанда айта кетейік, Г.С.Моторин келтірген деректерге қарағанда жалпы Бассольге байланысты В.И.Лениннің араласуымен 8 құжат қабылданған көрінеді.

Музейді аралап шыққасын екеуіміз тұз өндірілетін көлге бардық. Ардагердің айтуына қарағанда, кеңестік кезеңге дейін көлде үш мыңнан астам қол күші жылына не бары жарты миллион тоннадай тұз өндірілген болса, қазір (1981 жылды меңзеп тұрса керек) 100 жұмысшы жылына 6 миллион тонна тұз өндіреді екен. Бұрын мұнда барлық жұмыс қолмен атқарылса, енді қуатты тұз комбайндары жұмыс жасайды. Г.С.Моторин тұз техникасының параметрін де көрсете кетті. Ұзындығы 4,2, ені 3 метрге жуық, биіктігі 4 метр шамасындағы алып комбайн (солесосный комбайн) сағатына 300 тонна тұзды жуып, вагондарға тиеді (тұз өндіретін жерге рельс тартылған) екен. Сөйтіп, бір өзі бұрынғы кездегі 230-300 тұз оюшыны, 400 жүк тиеушіні және 500 түйе арбаны алмастыратынын білдік. Сол уақытта Бассольде тұз фабрикасы жұмыс істеп тұрды. Онда да болып автоматтандырылған жұмыс процесін өз көзімізбен көрдік. Онда күнделікті асқа пайдаланатын тұз қорапталады және кесектеледі, яғни брикеттеледі (мал азығына арналған тұз). Көлде қыста жұмыс тоқтайды екен, бірақ фабриканың шығыс жағында үйілген тұз таулары оның жыл бойы жұмыс істеуіне жететін көрінеді. Тұз тауларынан әрі-бері асып түсіп, нығыздап тапап жүрген ДТ-100 пе, әлде С-100 ма, әйтеуір шынжыр табанды трактор көзге шалынды.

Сынаптай сырғыған уақыт-ай, десейші?! Одан бері қаншама жылдар жылжыды. Кезінде бүкіл Одақты қамтып, дүрілдеп тұрған айтулы мемлекеттік кәсіпорынның бүгінгі халі нешік екен? Бөкейліктер бел жазбай еңбек еткен кен орны жекенің қолына өтіп кетті ме, кім білсін?

Амантай ХАМЗИН,

еңбек ардагері,

тарихшы-өлкетанушы