4.06.2021, 9:38
Қараулар: 77
АӨК: ҰТЫМДЫСЫ НЕДЕ?..

АӨК: ҰТЫМДЫСЫ НЕДЕ?..

Соңғы кезде АӨК, яғни ауылшаруашылық өндірістік кооперативі туралы көп айтылып жүр. Жыл басынан бері аудан көлемінде аталмыш кооперативке біріктіру мақсатында бірнеше жиын және насихат жұмыстары ұйымдастырылған болатын. Тіпті БҚО бойынша Қазақстан Фермерлер қауымдастығының төрағасы Серік Жарылғапов бастаған ауылшаруашылығы саласының мамандары кеп, ауылды аралап, «Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған ұлттық жобасын» талқылауға арналған жиын өткізді. Осы жиында АӨК-ті  насихаттап, аталмыш кооператив ауыл жұртына тиімді мүмкіндік деп айтқан болатын. Билік пен бұқараның алтын көпірі ретінде осы жиыннан біз де табылдық. Ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің тиімді тұстары мен басымдық беретін пайдасын өзімізше сараптап көрдік. Сонымен…

«АӨК деген не?  Біріккен азаматтар не ұтады?» деген сұрағымызбен бірден аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Сүйінбек Хайроллин жүгіндік.

–  Жалпы тілмен айтқанда ауылшаруашылық өндірістік кооперативін жеке тұлғалардың бірігіп, ауылшаруашылық бағытында жұмыстануы деп түсінсек болады. «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» деген емес пе атам қазақ. Жалғыз өзі өндіре алмаған ісін нәтижелі ету үшін ауылдағы ағайын пікірлес ауылдастарымен кооператив құрауы керек.  Мысалыға, үш ауыл тұрғыны кооператив ретінде бірікті делік. Біріншісінде трактор, екіншісінде тіркеме болса, ал үшіншісі жанармай мәселесін мойнына алса, мал азығы мәселесі біркелкі шешіледі ғой. Енді біріккен азаматтар не ұтады және кооперативтің тиімділігіне тоқтала кетсек. Кооперативтің ең ұтымды жері – мемлекеттік жеңілдіктермен бағдарламаларға қол жеткізу.

– Мемлекет тарапынан ұсынылатын жеңілдіктер дедіңіз. Енді сол бағдарламалар туралы таратып айтсаңыз?

– Біріншіден, ол малды асылдандыруға ұсынылатын бағдарламалар. Жалпы тілмен айтқанда субсидия. Мысалыға, сізде шаруа қожалығы болмаса, жеке малыңызға субсидия берілмейді. Ал АӨК болып біріксеңіз, сол бағдарлама арқылы үкімет көмегіне қол жеткізесіз. Жалпы ауданымызда бар малдың 30%-ы жеке тұрғындардың есебінде. Енді бәрі демесек те көпшілігі біріксе, өздеріне тиімді болары сөзсіз. Ол деген қаржылай көмек. Мысалыға, әр 25 аналық ірі қараға бір асыл тұқымды аталық мал алатын болсаңыз, сол аталық мал үшін үкімет 150 мың теңге құрайтын субсидия төлейді. Сонымен қатар әр аналық малыңызға да 10 мың теңге көлемінде қаржылай қолдау қарастырылған. Енді әр 25  қойға бір асыл тұқымды қошқар алатын болсаңыз, аталық малға 15 мың теңге субсидия төленсе, әр аналыққа 2500 теңге көлемінде қолдау көрсетіледі. Сонымен қатар, құдық қазуға және арнайы техниканы лизингке алғанға да субсидия қарастырылған. Жалпы құдық қазғанға шыққан шығынның 50%-ын үкімет қайтарса, лизингке алынған техниканын 50%-ына дейін республикалық және облыстық бюджеттен қайтарып алсаңыз болады, – деді бөлім басшысы.

–Үкімет тарабынан сондай қолдау көрсетіліп, ауыл тұрғындарына да кооперативке біріккен тиімді делік. Осы тиімділікті ұғынып,  ауданымызда АӨК-ке бірлескендердің саны көп пе?

– Көп немесе аз деп те айтуға ауызым бармайды. Қазіргі таңда аудан бойынша жеті кооперативіміз бар. Соның үшеуі Мұратсай ауылдық округінде болса, үшеуі Сайқын ауылдық округінде. Тағы біреуі Ұялы ауылдық округінде тіркелген. Аталып кеткен жеті кооперативте 225 бас ірі қара 325 бас қой аналығы тіркелген. Оған қоса екі бас ірі қара аталығы бар. Ендігі кезде, біз өз тарапымыздан жеті бас ірі қара және 13 бас қой аталығын тауып беру мақсатында жұмыстанып жатырмыз. Болашақта субсидияға қол жеткізеді деген ойдамыз. Енді шындыққа келсек, АӨК ауылдық округ орталықтарына емес,  елді мекендерге арналған тиімді жоба,– деді Сүйінбек Хайроллин.

– Сөзіңізге жүгінсек, АӨК құру ауыл азаматтарына өте тиімді. Бірігіп жұмыстану жөнінде әңгіме қозғалса, бір кездері елімізде қолға алынып, теріс нәтижемен аяқталған тәжірибе еске түседі. Осыдан он жыл бұрын бірқатар аудан тұрғындары кооператив болмаса да серіктес болып бірігіп, қомақты  несие алды. Ақыр соңында бірі төлесе, бірі төлемеді. Тіпті бір бірімен соттасқан жағдайлар орын алып жатты. Дәл осы оқиғаға қайта ұрынбас үшін қандай сақтық  шаралары бар?

– Иә, өкінішке орай аудан тарихында аталмыш тәжірибе бар. Дегенмен ол кезде берілген несиенің бәрі кепілсіз болды. Тіпті сол кісілердің көбі әлі күнге дейін сол несиені төлемеуде. Ал АӨК құрып, несие алатын болсаңыз, міндетті түрде кепіл қою қажет болады. Сонымен қатар әр кооперативте жетекші болады. Сол жетекші әр төленген немесе төленбеген несиеге жауапты, – дейді Сүйінбек Хайроллин.

Осы тақырып төңірегінде ауыл азаматтарын да сөзге тартқан едік.  Солардың бірі Сайқын ауылдық округінің тұрғыны Бекболат Меңжанов:

– Көп жылдар бойы қой санын көбейтуді мақсат еттім. Кооператив болып бірігіп, мал санын көбейту өте керемет мүмкіндік деген ойдамын. Арнайы техникаға ұсынылатын 50%- ды құрайтын лизинг субсидиясына да қызықтым. Қазіргі таңда, туысқан және досыммен бірігіп кооператив болып тіркелдік. Жалпы жиынымызда 158 бас қой, 25 бас ірі қара аналық бар. Сонымен қатар, конкурс арқылы жер алуға керекті құжаттар жиналуда, – дейді.

Кооператив болып бірлескен ұжымға ұсынылатын жеңілдіктерге қызығушылық танытып, кейін айнып қалған азаматтарымыз да бар екен. Өз есімін көрсетпеуді сұраған аудан тұрғыны:

–  Бастапқы кезде, ұзынқұлақтан АӨК болып тіркелсең, жер кезексіз және конкурсқа түспей де беріледі деген ақпарат естігенедім. Дегенмен олай емес екен. Жерді міндетті түрде конкурс арқылы алады екенсің. Ендігі кезде жерге жеңілдік болмаса, несіне қызығамын? Құс шаруашылығымен айналыссам деген ой бар. Жалпы құс шаруашылығы құдық қазуды талап етпейді. Трактор немесе шөп шабуға арналған техниканың қажеттілігі жоқ. Ал керекті ГАЗель немесе УАЗ автокөліктеріне субсидия қарастырылмаған. Жалпы кооперативке ұсынылған мүмкіндіктер тек мал немесе егін шаруашылығына бағытталған деп айтсақ болады. Әрине, әр құс басына немесе жұмыртқасына субсидия қарастырылған шығар. Дегенмен ол көмекқаржыға қол жеткізу үшін сол шаруашылықты аяққа тұрғызу қажет емес пе? Ал бастапқы кезде үкімет тарапынан жеңілдіктер ұсынылмаса, өз күшімен дамыған шаруашылыққа ол көмектің қажеті неде? – деген пікірімен бөлісті.

Иә, мекеме қызметкерлерінің АӨК-ке қатысты насихат жұмыстарымен таныссаң, күні бүгін құжаттарыңды жинап, көршіңмен болса да бірлесіп жұмыстанғың келіп кетеді. Әрине, үкімет ұсынып отырған бағдарламалар қызықтырады. Дегенмен сол бағдарламарға ие болу тәртібімен қазбалап кетсең, Бермуд үштағанына түскен кемедей бағытыңнан жаңылысасың.

Мысалыға, малды асылдандыру мақсатына ұсыналатын субсидиядан бастайық. Әр 25 аналығыңа бір асыл тұқымды аталық қажет. Берілетін субсидия сомасын жоғарыда көрсетіп кеттік. Ендігі кезде сол аталықтың бағасына тоқталсақ.  Ірі қараның бір асыл тұқымды аталығы кем деген 350 мың теңгені құраса, қой аталығы 100 мың теңгеге дейін бағаланады екен. Жалпы кооперативіңізде 50 ірі қара болса, кем деген екі асыл тұқымды аталық болуы шарт. Айтарлықтай, 50 аналығыңыз бола тұра қаражатыңыз тек бір бұқаға жетсе, субсидия төленбейді. Әр 25  бас аналық көрсеткішіне 1  бас аталық болу міндет. Қойдың мәселесі де дәл осындай. Сонымен қатар, субсидияға ие болсаңыз бір жылға дейін малыңызды сатуға құқығыңыз жоқ. Бұл жерде мал азығы мәселесі пайда болады. Бәрімізге мәлім, ауданда мал ұстап отырған азаматтарымыздың көбі малын сатып, қалған малдың азық мәселесін шешеді.

Копператив құрсаң, лизинг қолжетімді. Десе де, мұнда да екі ұарап, бір шоқуды қажет ететін тұс жеткілікті. Біріншісі, сол техниканы лизингке алу үшін міндетті түрде жерің болу керек екен. Кооператив болып біріккендер өз малын ауыл немесе елді мекен аумағына жаюға құқығы болса да, шабындыққа арналған жерді конкурс арқылы алу қажет. Сонымен қатар, лизингке алынған арнайы техникаға берілетін 50% субсидия бар. Аталмыш 50%-дың жартысын республикалық бюджет төлесе, қалған сомасы облыстық бюджет арқылы беріледі екен. Оған қоса, 50%-ға дейін деген сөзге назар аударайық. Жалпы республика бюджетінен аударылатын 25%-ы міндетті түрде сізге төленетін болса, облыстық бюджеттен қалған соманы алу үшін жұмысыңыздың ауқымдылығын көрсетуіңіз қажет. Сондықтан 50 емес 35%-ына ие болуыңыз да мүмкін. 35%-ға да тәубә етуге де болады. Дегенмен, жалпы облыс бюджетінен қарастырылатын қолдаудан шет қалуыңыз да ықтимал екен. Жалпы республика бюджетінен нақты лизингке қарастырылған 25%-ы екі жыл  ішінде төленеді ғой деп саспай жүрсеңіз, облыс бюджетінен қарастырылған қаржыдан сізге жетпей қалса, ендігі жылы төленбейді екен.

Жалпы барлық ережесімен таныса келе, АӨК-тің жыры көп екенін аңғардық. Шаруа қожалық және АӨК жер алу үшін конкурсқа түсетін болса, комиссия мүшелері басымдықты кооператив жетекшілеріне береді екен. Дегенмен, шаруа қожалығын құрамын деген азаматтың қаржыландыру сомасы көп болса, басымдық рөл ойнамайды деп айтсақ болады. Әдеттегідей, мәселені шешетін ақша.

Еркебұлан БИСЕНҒАЛИЕВ