27.05.2021, 15:10
Қараулар: 174
ЕРКІН АҒАМ ЕРЛЕДІ!

ЕРКІН АҒАМ ЕРЛЕДІ!

Ерлегені емей немене?! Хан ордалық Еркін Жабасов ағамыз әр жартыжылдық сайын жүз мыңдап қаржысын беріп, аз қамтылған ауылдастарына рухани демеу көрсетіп, облыстық «Орал өңірі» мен аудандық «Орда жұлдызының» тиражын көбейтуге септігін тигізді. Нақтырақ айтсақ, «Орал өңірі» газетіне 12 ауылдасын, аудандық басылымға 37 ауылдасын жаздырып берді. Тек мұнымен шектелмей, еліміздің басты газеті «Егемен Қазақстанға» да жаздыруды ұмытпады.

Ауылдық округ әкімі Медет Сисенов: «Еркін ағамыз мәрт адам. Көп істі айтқызбай тындырып, жариялауға қарсылық білдіріп жатады. «Ер-аға, қолдауыңыз керек боп тұр» деп алдына бара қалсақ, тауымызды шағып, меселімізді қайтарған емес. Бөкей хандығының 220 жылдығына арналған зәулім құрылыс үшін қор ашқанымызда алғашқылардың бірі боп, қомақты қаржы берді. Басылымға жазылу науқанында да жомарттық танытып отыр. Үлгі етерлік іс!» – дейді.

Иә,  тек өзі ғана жазылып қана қоймай, ауылдастарын да рухани игіліктен қалыс қалмасын деп қайырлы іс қылған Еркін ағамызға айтарымыз алғыс қана! Бар болыңыз, нар аға!