12.05.2021, 16:22
Қараулар: 109
ГРАНТ СТАРТ АЛДЫ

ГРАНТ СТАРТ АЛДЫ

«Менің аулам– менің бағым» бағдарлама аясында 200 АЕК мөлшерінде алынған грант иелері теректерін отырғыза бастады.

Аталмыш іске атсалысуға аудан әкімінің орынбасары Мейрамбек Аққалиев, Сайқын ауылдық округ әкімі Нұргүл Омарова, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Шынғыс Абдоллин және бірқатар мекеме қызметкерлері қатысты.

–«Менің аулам – менің бағым» бағдарламасының бастапқы мақсаты жұмыссыз немесе әлеуметтік осал топтағы азаматтарды табысқа жеткізу. Аталмыш бағдарлама тал егіп, табыс табамын деген азаматтарға керемет мүмкіндік. Біз еңбек етемін деген азаматқа бұтақ, қажетті  тыңайтқыш пен құрал саймандарын жеткізіп беруге дайынбыз. Әрине, бұл бизнес түрі бүгін- ертең табысқа алып келмейді. Дегенменен қаржыны да ешкім қарызға беріп отырған жоқ. Тек жергілікті азаматтар еңбек етіп, өз табыстарын тапса екен деген оймен іске асқан бағдарлама,- деді аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы Исатай Оз.

Әзірге, аудан бойынша тал егем дейтіндер де көп емес. Ұсынысқа қызығушылық білдіртіп грант иеленген тек екі азаматша екен. Самал Мұхитова көп балалы ана және аз қамтылған отбасы ретінде есепте тұрса, Алмагүл Бақтыгұлова да аз қамтылған отбасы қатарына кіреді.

Қазіргі таңда әр отбасы таңқурайдың 68 бұтағын, алты алма терегін және төрт өрік талдарын отырғызу барысында. Жақын арада қажетті құрал- саймандар жеткізіледі деп күтілуде.

Еркебұлан РАХМЕТОЛЛА