12.05.2021, 14:51
Қараулар: 161
ЖАДЫМДА ҚАЛҒАН ЖҮЗДЕСУ

ЖАДЫМДА ҚАЛҒАН ЖҮЗДЕСУ

Көзі қарақты оқырман генерал Шәкір туралы бұдан бұрын да мақала шыққанын жақсы біледі. Бірақ мына мақаланың жөні бөлек. Ауданға аты таныс өлкетанушы ағамыз Амантай Хамзин кезінде Мәскеу барып, генералдың шаңырағында болып, батырдың өз аузынан ата тегі, балалық шағы туралы естелігін тыңдап, танымал тұлға туралы толыққанды мақала ұсынып отыр. Жақсы дүниенің артық етпесі анық.

Шәкір Жексенбаев Мәскеудің төрінде, өсіп-өнген топырағынан жырақта жүрсе де жерлестерінің хал-жағдайларына алаңдап, немқұрайлы қарамайтын елжанды азамат еді. Соғыстан кейінгі бейбіт күндері туған жеріне үш рет келіп, Шоңай, Бисен, Орда, Сайқын ауылдарын аралап, өзінің құрметіне ұйымдастырылған түрлі кездесу, мәдени шараларға қатысып, сөз сөйлеп, естеліктерімен бөліскен-ді. Шәкір ағамызбен әр мемлекеттік мейрам сайын хат-хабар алмасып, бір-бірімізге құттықтаухат жолдап, амандығымызды біліп отыратынбыз. Шәкеңнің ауданымызда үкімет наградасына ие болған еңбек озаттарын құттықтағанын (мысалы қазір арамызда жүрген Халықтар достығы орденінің иегері сайқындық Сайфеден Қожантаевты т.б) аудандық  «Орда жұлдызы» газетінен оқып, нар тұлғалы жерлесіміздің осынау қарапайымдылығына, парасаттылығына ерекше тәнті болдық та. Музейдің тапсырмасымен Мәскеуге барған сайын елдің жайына алаңдап, жерлестерінің әр жетістігіне қуанып отыратын батыр ағамыздың шаңырағына арнайы бас сұғып, сәлем  беріп, әңгімелеспей кеткен кезім болған емес.

Әлі есімде… 1980 жылы сол кездегі одақтың ортақ астанасына тағы бір мәрте жолым түсті. Куусинен көшесіндегі №17 үй, тағы да  сол №85 таныс пәтердің қоңырауын бастым. Ертеңгі уақыт болатын, есікті Шәкеңнің өзі ашты. Үйде жалғыз екен. Зайыбы Нина сіңлісіне, немересі Марина   институтындағы жұмысына кетіпті. Ұл-келіні бөлек тұрады екен. Ұлы Олегтің медицина ғылымының докторы, профессор, ғылыми жұмыспен айналысатынын білдік. Шәкең де менен жерлестерінің аман-саулығын, хал-жағдайларын, аудан шаруашылығының жай-күйін тәптіштеп сұрап жатыр,  мен де білгенімше жауап қайырып отырмын.

Бір кезде Шәкең шай қойды. Шай демекші, ол кісі шайды  ерекше баппен  дайындайды екен. Фарфор құманды толтыра бір шай қасық шамасында үнді шайын салып, орта белден асыра қайнаған су құйып, екі қабат жұмсақ орамалмен тұмшалап жауып қойды. Бұқтырылып, өз буына піскен сүт қатқан шайдың хош иісті дәмі таңдайыңа татиды ғой, шіркін! Үлкен кісіге шай құйғызып  қойған ұят болар деген оймен шайды құюға ыңғайлана бергенімде, ағамыз тоқтатып:

–Үй иесі қонағын жұмсағанын қай тегіңде көрдің, жасың кіші болғанмен қонақсың, әрі ауылдан келдің, – деп шайды өзі құйды. Нар тұлғалы генералдың қолынан шай ішемін деп кім ойлаған?! Осылайша екеуіміз емін-еркін біраз әңгіменің басын қайырдық.

– Шәке, шыны керек, жерлестеріңіз сіздің азаматтық, әрі  Ұлы Отан соғысы жылдарындағы өмір жолыңыздан біршама хабардар. Егер құпия болмаса, әскери кезеңге дейінгі өмір тарихыңыздың беймәлім тұстарынан сыр тартсақ қайтеді?

– Несі бар, болады, еш құпиялығы жоқ. 1901жылы 28 ақпанда Сайқынның түстік бетіндегі Қаракөл Шоңай елді мекенінде Айтәлі Жексенбайұлының отбасында дүниеге келіппін. Руым – адай. Кәрі құлақтардан естуімше Халеткен атты атамыздың әкесі Исатай-Махамбет бастаған шаруалар көтерілісіне қатысқаны үшін хан Жәңгір мен ақ патшаның кәріне ұшырап, әйелі, бала-шағасымен Маңғыстау жақтағы бір елсіз жерге аударылыпты. Содан ХІХ  ғасырдың аяғына тәмам қара табан кедей Халеткен сол Маңғыстау шөлейтінен арып-ашып, Бөкей ордасына келіп, пана табады. Көп жыл өзі де, балалары да хан тұқымдарының  сарайында жалшылықта жүреді. Өз атам Жексенбай Науша Бөкейхановтың қойын қырық жыл баққан көрінеді. Балалары жалшылықта жүріп табан ақы, маңдай терімен тапқан табысының нәтижесінде өз алдарына күн көретіндей тәп-тәуір дәулетке қол жеткізеді. Алайда, «жас жей ме, жақ жей ме» дегендей, тапқан-жиғаны жиырма адамнан тұратын үлкен отбасыға қайдан шақ келсін?! Жексенбайдың ер жеткен балалары, соның ішінде әкем Айтәлі де Басқұншақтағы тұз өндірісінде жұмыс істеп, қосымша нәпақа табады. Мен де тұз да істедім. 1908-1912 жылдары Шоңайда бастауыш мектепте оқып, 1912-1917 жылдары  Ордадағы жоғары бастауыш мектепте білім алдым. Ұлы Қазан төңкерісі кезінде Басқұншақ тұз кәсібінде жұмысшылар одағының басқармасында қызмет етіп жүргенмін. Ауыл-аймақты жаппай советтендіру жүріп жатқан кез. Оқығаны бар деді ме, мені Шоңай болысының кеңесі атқару комитетіне хатшы  сайлады. Мұнда 1918 жылғы қазаннан 1919 жылғы маусым  аяғына дейін істедім. Міне, осы кезеңде 1919 жылдың 6 наурызында Шоңайда  «Ақ ниет» атты ауылшаруашылық артелін ұйымдастырдық. Артельдің төрағасы Жәкішев деген кісі, хатшысы мен болдым. Бұл еңбек артелі Астрахань губерниясының жер бөлімінде ресми тіркелген заңды шаруашылық еді. Артельдің құрамында 16 отбасы, 88 адам болды. Біздің, яғни Жексенбаевтар әулетінен 18 адамы бар, үш отбасы кірді. Ең үлкеніміз Жексенбай сексенде, ең  кішісі Есбосын бір  жаста, мен 18 жаста едім. Артелімізде 129 гектар жер, 1 бұлық, 4 тырна, 1 молотилка  болды. Дәндік тұқым сатып алу үшін үкімет он мың сом қаражат қоса бөлді. Осы кезде Ордада қазақ жастары еріктілерінен атты әскер полкі құрылып жатыр деген хабарды құлағым шалды. Мен жұмысымды басқа кісіге тапсырдым да Ордаға келіп, полк жігіттері қатарына қосылдым. Ал, енді одан арғы өмірбаяным әскери қызметіммен байланысты, – деп әңгімесін тәмамдады генерал жайдары жүзбен.

Иә, Шәкеңнің одан кейінгі бүкіл ғұмыры әскери саламен тығыз  байланысты болғаны     баршаға аян. Ағамыздың әскери саладағы қызметі 1919 жылы таңдаулы қызыл әскер қатарында Орынбордың Борсиоглебск қаласындағы үш айлық атты әскер курсынан басталды. Бұл оқу Мәскеудегі жұмысшы-шаруа Қызыл әскер бас штабы жанындағы әскери академиямен жалғасты. Кейін Шәкір Жексенбаев рота командирінен бастап, әскери мектептің бөлім меңгерушісі, ҚазақАССР-ы  әскери комиссиратының  бөлім меңгерушісі, Белоруссия әскери округінде полк штабының бастығы қызметтерін атқарды. 1930 жылдың бас кезінде жерлесімізге әскери химиялық қызметке ауысуға ұсыныс  түседі. 1931 жылы жоғары химиялық академиялық курстан өткен соң  оның ендігі жауынгерлік жолы әскери химиялық қызметпен тікелей байланысты өтеді. Соғысқа дейін Украинада, Забайкальеде, Қиыр Шығыста әр түрлі әскери химиялық қызметтерді өз дәрежесінде атқарады. Ұлы Отан соғысы майдандарында    Кеңес әскерлері қорғанысын, керек кезде шабуылын да айтарлықтай қамтамасыз ете білді. Ол жөнінде техникалық әскердің генерал лейтенанты П.Е.Красота Ш.Жексенбаевтың «Соғыстың түтіні де  ащы» атты естелік кітабына  жазған алғы сөзінде Ш.Жексенбаевты соғысқа дейін де жақсы  білетінін, оның химиялық қорғаныс саласында білікті маман екенін айта келіп: «әскери операцияларды химиялық қорғаныс және шабуыл тұрғысында ұтымды қамтамасыз етуде Шәкір Жексенбаев армия, майдан қолбасшыларынан бастап қатардағы солдаттар тарапынан үлкен беделге ие болды. Біз үшін ол үлкен өнеге болса, аталмыш әскери бөлімде жүруіміз үлкен мақтаныш сезімін туғызды» деп жазба қалдырыпты.

Соғыс жылдары Ш.Жексенбаев Батыс, Орталық, Брянск, Балтық жағалауы, Ленинград майдандарының  химиялық қорғаныс  бөлімдерін басқарып, қатардағы офицерден генерал дәрежесіне дейін жоғарылады.

Даңқты жерлесіміз соғыстан кейінгі әскери қызметін ұстаздыққа арнады. Мәскеуде химиялық қорғаныс әскери академиясында, әскери инженерлік академиясында,  ДОСААФ-тың Орталық мектебінде бас-аяғы 17 жыл  қызмет жасады. СССР Қарулы күштері қатарында қырық жыл қызмет етіп, 1958 жылы доғарысқа шығады. Қоғамдық жұмысқа да белсене қатысып, өзі есепте тұрған Фрунзе  ауданының екінші учаскелік партия   ұйымының бюро мүшесі, Ұлы Отан соғысы ардагерлері кеңесі комиссиясының мүшесі болады.

Сөз орайы келген соң айта кетелік,  Шәкеңнің  әскери өміріне қатысты фотосуреттерінің ішінде мені ерекше мақтаныш сезімге бөлеген, терең толғандырған бір сурет бар еді. Ол – ағамыздың бір топ маршалмен түскен суреті. Маршалдардың ортасында жалғыз генерал  тұр, ол – біздің әйгілі жерлесіміз Шәкір Жексенбаев. Есімде қалғандарын айтсам, олар Кеңес Одағының Батыры атағының екі мәрте иегері, маршал К.К.Рокоссовский, Кеңес Одағының батырлары, маршалдар И.Х.Баграмян, Л.А.Говоров, А.И.Еременко. Осы фотосуретті музейге сұрағанымда, Шәкең: «Айырылысар дос қимасыңды сұрайды» деген шырағым, қинама, бере алмаймын» деп шорт кескен-ді. Расымен де, 1945 жылы Мәскеуде Жеңіс парады алдында түскен бұл тарихи сурет генерал  Шәкір Жексенбаевтың маршалдар арасындағы беделін айшықтай түскендей көрінді. Болмағасын ағамыздың оқ-дәрі  иісі сіңген әскери киімдерін (шинель мен фурашка) сұрап алып, оларды сәлемдеме ғып алдын ала салып жібердім.

Шәкеңнің жасы ұлғайған шағында өзінің өткен өмір жолы туралы «И горек дым войны» атты естелік мемуар (туындыны әдеби өңдеген жерлесіміз марқұм Мирболат Сүлейменов («Орда жұлдызы» газетінің редакторы болған Хамит Сүлейменовтың ұлы) жазуын ерлікке пара пар десе болады. Шәкеңнің Отан алдындағы ұзақ та  жемісті еңбегі үшін елеусіз қалмады. Түрлі орден, медальдармен, грамоталармен марапатталды.  Есімі Орал облысының «Құрмет кітабына» енгізіліп, Орда ауданы, Орал қаласының «Құрметті  азаматы» атағы берілді. Алматы, Орал қалалары мен Сайқын аулында Шәкеңнің атында көше бар, ауданымыздың Ұялы  ауылындағы  білім ошағына батыр ағамыздың есімі беріліп, ескерткіш мүсіні де бой көтерді.

Әскери қызметіне жан-тәнімен беріле қызмет еткен Шәкеңнің пешенесіне мазмұнға бай ұлағатты да келісті ғұмыр сүру бұйырыпты. Осыдан 32 жыл бұрын 1988  жылдың ақпан айында, өзінің туған күні қарсаңында 87 жасында дүние салды. Даңқты жерлесіміздің жерлеу рәсіміне Орал қаласы мен Орда ауданынан арнайы делегация Мәскеуге барып, барша жерлестері атынан топырақ салып, көңіл айтты.

Шәкір Жексенбаевтың асқақ есімі, ұлағатты ғұмыры ел-жұртының жадынан ешқашан өшпек емес. Ел тарихымен бірге жасай берері хақ.

Амантай ХАМЗИН,

тарихшы, өлкетанушы