12.05.2021, 14:37
Қараулар: 151
ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҒЫНЫҢ МӘРТЕБЕСІ ЖОҒАРЫ

ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҒЫНЫҢ МӘРТЕБЕСІ ЖОҒАРЫ

 

Елімізде екі адамның бірінде қос-қостан дипломы бар. Бірақ сол қатырма қағазында көрсетілген мамандығы бойынша жұмыс жасайтындар аз.  Табақтай дипломдарын сандықтың түбіне тастап, мүлдем басқа салаға бет бұрғандары қаншама? Тіпті екі қолға бір күрек таппай жұмыссыз жүргендері де бар. Сондықтан да қазіргідей бәсекелестіктің бәсі артқан нарық заманында  жұмысшы мамандығын алған жастар  озып тұр десек артық айтпағанымыз.  Өйткені, отандық кадрлардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру  кәсіптік-техникалық негіздегі мамандықтардың мәртебесін көтерумен тікелей байланысты. Соның ішінде жұмысшы кәсібіне қолдау көрсету — ел дамуына оң ықпал ететіні сөзсіз. Халықаралық «WorldSkills» байқауы  да кәсіби-техникалық негіздегі жұмысшы мамандықтардың шеберлік дағдыларын дамытуға өз үлесін қосып келеді. Маман тапшылығын азайтып қана қоймай, жас мамандардың кәсіби дағдылары мен құзыреттіліктерін көрсетуге  мүмкіндік беретін бірегей жоба.  Бөкей ордасы колледжінің студенттері де аталмыш байқауларда топ жарып, шеберліктерін байқатып жүр.

Бұл жолғы «WorldSkills Kazakhstan – Bokeyorda — 2021» атты колледжішілік байқауға түрлі мамандық бойынша  45 студент қатысып, үздік атануға барын салды.  Аталмыш сайыста үміткерлер теориялық негізде білген-түйгендерін практика жүзінде дәлелдеуге тырысып бақты. Мәселен, «Жеңіл автокөлік жөндеу және қызмет көрсету» мамандығының студенттері  «ВАЗ 2106» автокөлігінің қозғалтқышын бөлшектеу, оған диагностика жүргізу, қандай ма ақаулықтарды анықтау, оны жою, қайта  құрастырып, біліктіліктерін таразыға салды. Ал «ауылшаруашылық машина және тракторды жөндеу слесарі» мамандығының студенттері дәнді дақылдарды жинауға  және шөп шабуға арналған агрегатты жөндеу жолдарын көрсетті. «Дәнекерлеу технологиясы» бойынша әр қатысушы металл тораптары мен құрылғыларын электр-газ жалынды өңдеуден өткізу арқылы  біртұтас қосылыс қалыптастыруға тырысса, «Дизель қозғалтқышына жөндеу және техникалық қызмет көрсету» мамандығы бойынша бақ сынағандар  трактордың компрессорын бұзып, қайта құрап, «ТНВД» сорабын агрегатқа дұрыс орналастыру, форсункаларды,  май құбырларын, стартерді дұрыс орналастыру, тракторды тұтату бойынша да қабілет-қарымдары да жіті назарға алынды. Кондитерлік-аспаздық біліктілік бойынша сынға түскен қыздар берілген ас мәзірі бойынша шеберліктерін танытса, «Графикалық дизайнның» мүмкіншіліктерін терең меңгерген студенттер де  логотип, буклет,  диаграммалар т.б жасауда алдарына жан салмады.

Қазылар алқасының ұйғарымымен «Жеңіл автокөлік жөндеу және қызмет көрсету» құзыреттілігі бойынша У.Хайроллин жеңімпаз атанса, «ауылшаруашылық машина және тракторды жөндеу слесарі» құзыреттілігінен І орынды Б.Сәлімгерей еншіледі. «Дәнекерлеу технологиясы» құзыреттілігі бойынша Б.Таубаевтың асығы алшысынан түссе, «Дизель қозғалтқышына жөндеу және техникалық қызмет көрсету» құзыреттілігі бойынша М.Нуфтуллин, «Кондитерлік ісі» құзыреттілігі бойынша Ф.Нұрмұхановалар жеңісті қолдан бермесе,  «Аспаз ісі» бойынша Н.Елтаеваның өнері жоғары бағаланды. «Кондитерлік ісі» құзыреттілігі бойынша Ф.Нұрмұханова, «Наубайшы шеберлігі» құзыреттілігі бойынша Н.Марданова,  «Графикалық дизайн» құзыреттілігі бойынша  А.Сахуовтың жұмысы да оң бағаланып, І орын берілді. Жеңімпаздардың бәрі де өздері қатысқан құзыреттіліктері бойынша облыстық чемпионатқа жолдама алды.

­Дәнекер мамандығы бойынша білім алып жатырған Батырбек Таубаев болашақ кәсібін табысы мол кәсіп санайды.

— Қазіргі таңда электр және газбен дәнекерлеуді білу үшін де жан-жақты білім қажет. Сол себепті де осы мамандықты терең меңгеру үшін қысқа мерзімді курстан өтуге бел будым.  «WorldSkills»  секілді байқаулар тәжірибемізді шыңдауға мүмкіндіктер беретіні сөзсіз. Осы жолы түрлі металдарды қолданып, газбен және электрмен дәнекерлеудің жолдарын көрсеттім. Жұмыс барысында қазылар алқасы дәнекерлеу операцияларын жүзеге асыруда әр қатысушының бейімділігін, ептілігін, металдың сапасын, қалыңдығын т.б ұсақ-түйектерге дейін мән берді,-дейді жеңімпаз Батырбегіміз.

— Аспаздыққа бала кезімнен қызығамын. Түрлі тағам дайындау сырт көзге оңай көрінгенімен технологиялық ережелерін сақтай отырып кәсіби түрде дайындаудың  жөні бөлек. Сондай-ақ, тәрелкеге әдемілеп салу да шеберлікті талап етеді. Кешегі байқауда мен винегрет салатын төртбұрыш формасына келтіріп, ерекше ұсынуға талпындым. Қазылар да бұл шешіміме жоғары бағасын берді, — үздік аспаз танылған Назым Елтаева.

Айта кетелік, аспаздық өнерлерін ортаға салған қыздар қауымы  көже дайындап, котлет пісіріп, винегрет салатын әзірледі. Сырт көзге қарапайым болғанымен талапқа сай, талғамнан шығар тағам дайындау оңайға түспегені рас.

Кондитерлік шеберліктерін байқатқан студенттердің арасынан  Фарида Нұрмұханова  алдына жан салмады.

— Бұл байқауда  кондитердің арнайы киімінің болуы және жұмыс орнының тазалығы, берілген  үнемді пайдалану әдістері де  назарға алынды. Әр түрлі тәттілерді «Ертегілер әлемі» деген тақырыптан ауытқымай жасап шығаруға тырыстық. Негізі торт жасаудың өзіндік әдістерін үйреніп алған дұрыс. Әдетте, торт пісірерде ұнды міндетті түрде електен өткізу керектігін, көпіртілген жұмыртқаға ұн қосарда миксермен емес, арнайы таяқшамен араластыру керектігін ескере бермейтінін байқаймын, -деген ол кондитерлік саланың артықшылықтарын сөз етті.

Графикалық дизайн саласы да қарқынды дамып келеді. Бүгінде қайсыбір компания не өндіріс орны болмасын өнімдерінің ерекшелігін айқындайтын жарнамалық бағыттағы логотиптерді жасауға мүдделі. Дәл осындай мамандықты аудандық колледжде үйреніп жүрген Асылхан Сақуов та жоғары білім деңгейін байқатты.

—  Техниктер, бағдарламашылар, яғни компьютердің тілін білетін жандар   қашанда сұранысқа ие. Графикалық дизайнның да болашағы зор. Осы байқауда біздерге үш модуль бойынша тапсырма берілді. «Жеті жеміс» деп аталған кезеңде арнайы программаларды қолдана отырып, логотип жасадық. Екінші кезеңде 3Д форматында қорапша үлгісін жасап, шығардық. Үшінші кезеңде «Ақтау Тур» тақырыбында креативті жарнамалық буклет жасап шығардық. Үш кезең бойынша да ой-қиялыма ерік бере өзгелерге ұқсамайтын, сатылымды, тартымды дүние жасауға тырыстым,-дейді ол.

— 1949 жылдан бері өткізіліп келетін халықаралық «WorldSkills» байқауы  бүгінде  әлемнің 70-тен аса мемлекетінде дәстүрлі түрде өткізіледі. Бұл байқау – жұмысшы  мамандықтардың мәртебесін асыруға ықпалы мол жоба.  Жастардың жұмысқа орналасуына мүмкіндік береді. Әсіресе, облыстық, республикалық деңгейде өтетін байқауларда қатысушылардың деңгейін тек колледж оқытушылары ғана емес, түрлі өндіріс орындарынан арнайы келетін жұмыс берушілер де бағалайды. Өйткені, бұл байқауда студенттер теориялық ілімдерін таза практика жүзінде дәлелдеп, көрсетеді. Сол себепті де облысқа жолдама алған қатысушыларға  таптырмас мүмкіндік дер едім. Маман тапшылығын азайтып, еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, инновациялық дамуына қосар үлесі зор. Қазіргі таңда кәсіптік-техникалық мамандықтарға деген сұраныс жылдан жылға артып келеді, мемлекеттің де қолдауы зор,- дейді колледж басшысы Бағдат Лұқпанов  дейді аталмыш шараның маңыздылығына екпін түсіре.

Колледж студенттері тек облыстық деңгейде де үздік көрсеткіш көрсетіп келеді. 2016 жылы 4 құзыреттілік бойынша өткен өңірлік чемпионатында «Дәнекерлеу технологиясы» құзыреттілігі бойынша А.Құттығалиев  ІІІ орынға ие болса,  2019 жылы аталған чемпионатқа 6 құзыреттілік бойынша сынға түскен Е.Саменов «Құрғақ құрылыспен сылақ жұмыстары» құзыреттілігі бойынша ІІІ орын, «Аспаз ісінде» А.Маратова «Үздік аспаз» аталымын иеленді.  Ал 2020 жылғы Бөкей ордасы колледжі базасында өткізілген «WorldSkills Kazakhstan»  Орал өңірлік чемпионатында «Кондитерлік ісі» бойынша Д.Ахметова, Н.Елтаева, А.Масаловалар жүлдегерлер қатарынан табылған болатын.

Арайлым ЕСМАҒҰЛ

Бөкей ордасы ауданы

Ауыл жаңалығы

Басқа да мақалалар