12.05.2021, 14:26
Қараулар: 178
ТАУЫҚ – ТАРЫҚҚАННЫҢ ТОҚТЫСЫ

ТАУЫҚ – ТАРЫҚҚАННЫҢ ТОҚТЫСЫ

Мемлекетіміз қалтырағанға қалқан болып, ұмтылғанға бағыт сілтеп келеді. Қай іске көңілі ауып тұр соған бастапқы қаржы беруге дайын. Жалпы әр адамның аяғына нық тұруы үшін қолына таяқ ұстатуға барын салуда. Нақты бизнес-жоспарын ұсынған, кәсіпкерліктің алғышарттарымен таныс, жұмыссыз азаматтарға грант беріледі.

Жыл сайын бұл қолдау түрлі бағыттарды қамтуда. Газетіміздің өткен сандарында биыл қолдау қаржы бағбандық іске басымдық беретінін айтқанбыз. Ал өткен жылдары бұл басымдық атакәсіпке, құс өсіруге  бағыттарға берілген еді.

Мал өсірсең қой өсір, табысы оның көл-көсір десе де, арасында «баға білсең – құс та бағлан» деп құстан түскен табысты жоғары бағалағандар да болды.

Біріншіден, құс өнімдері, яғни жұмыртқасы да, еті де өте пайдалы. Екіншіден, әрі бизнес үшін ең ұтымдысы – құс өнімдері жыл бойы сұранысқа ие болады. Үшіншіден, бақ өнімді тек бірнеше жылдан соң беретін болса, құс шаруашылығында өнім беруі лезде басталып кетеді десем қателеспеймін.

Мемлекетіміз қалтырағанға қалқан болып, ұмтылғанға бағыт сілтеп келеді. Қай іске көңілі ауып тұр соған бастапқы қаржы беруге дайын. Жалпы әр адамның аяғына нық тұруы үшін қолына таяқ ұстатуға барын салуда. Нақты бизнес-жоспарын ұсынған, кәсіпкерліктің алғышарттарымен таныс, жұмыссыз азаматтарға грант беріледі.

Жыл сайын бұл қолдау түрлі бағыттарды қамтуда. Газетіміздің өткен сандарында биыл қолдау қаржы бағбандық іске басымдық беретінін айтқанбыз. Ал өткен жылдары бұл басымдық атакәсіпке, құс өсіруге  бағыттарға берілген еді.

Мал өсірсең қой өсір, табысы оның көл-көсір десе де, арасында «баға білсең – құс та бағлан» деп құстан түскен табысты жоғары бағалағандар да болды.

Біріншіден, құс өнімдері, яғни жұмыртқасы да, еті де өте пайдалы. Екіншіден, әрі бизнес үшін ең ұтымдысы – құс өнімдері жыл бойы сұранысқа ие болады. Үшіншіден, бақ өнімді тек бірнеше жылдан соң беретін болса, құс шаруашылығында өнім беруі лезде басталып кетеді десем қателеспеймін.

–Иә, былтыр «Еңбек» бағдарламасына сай көптеген жұмыссыздарға қолдау қаражат берілді. Солардың арасында 17 азамат құс шаруашылығын өзіне қол санады. Барлығы да өздерінің бизнес-жоспарына сай балапандарын алып, іске кірісті. Алдыңғы легі маусымда, соңғысы қыркүйекте қаражаттарын алып, іске кірісті. Әрине, құс өсірушілерде қыстан шыққанда шығындар бар. Алайда, құстарды  қырып алдым не ісім алға баспады деп өзін-өзі қамтушылар алдымызға келмеді. Жұмыссыздар қатарына тұрмады. Біз оларды бір жыл бойы қадағалап келеміз. Ай сайын фотоесеп және басқа да тиісті есепті сұратып отырамыз. Сонымен қатар істі бастағаннан кейін 2-3 айда кәсіптің барысын өз көзімізбен көріп, бақылап келеміз. Жақында сондай сапарға қайыра шықпақпыз. Ескерте кетейін біздің құс баптаушылар балапандарын өздеріне ыңғайлы жерден, берілген қаражатқа алды. Осы тұрғыда гранттың «Еңбек-Балапан» бағдарламасына еш қатысы жоқтығын айта кеткім келеді. Бұл бағдарлама бойынша қалаға жақын аудандарда балапандар тегін таратылды. Жердің шалғайлығынан бұл бағдарламаның игілігінен тыс қалдық, ­­- деді аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының маманы Медет Әнесов.

ҚҰС ӨСІРДІМ ИГІЛІГІН КӨРЕМ ДЕП

Аталмыш бағдарламамен құс шаруашылығын қолға алған сайқындық Гүлжаухар Байсейітова:

–Былтыр күз айында осы бағдарламамен жарты миллион грантқа ие болдым. Оған Оралдан  жүзге тарта балапан, инкубатор және тауыққа орнын дайындау үшін құрылыс материалдарын алдық. Барымызша баптап, азығын беріп, уақытында суарсақ та бүгінде сол жүз балапаннын тек алпыстайы қалды. Өнімсіз емеспіз. Қазір олар күн сайын 30 дана жұмыртқа беруде. Артылғанын көршілеріме, таныстарым мен басқа да ауылдастарыма сатудамын. Алғашында әр данасын 50 теңгеден сатқанмын, енді 55 теңге ұсынып жатырмын.  Шыны керек, инкубатор алғанымызбен әлі іс жүзінде оның қолданбадық. Балапан деген нәзік болады ғой. Сондықтан ауа райының жылынғанын күтудеміз. Негізі әр істің өз ерекшеліктері болады. Бала кезден малды ауылда өскен жұбайым Сағыныштың құс өсірудегі кеңестеріне құлақ түремін. Ол өз қолымен тағы бір инкубатор дайындап қойды. Нәтижесі алдағы күннің еншісінде,-дейді жас кәсіпкер.

Құс өнімін тез арада көруге болады. Тауықтың етті бройлер түрі  1,5-2 айда 1,8-2 келі ет жинайды. Әрі әр тауықтан жылына 300 жуық жұмыртқа алатынын да ескеру керек. Тек іс бастаймын деген азамат таңдауды дұрыс жасау керек. Мәселен, тауықтың леггорн, хайсекс, ломан түрлерінің жұмыртқалауы жоғары екен. Әрі қай тауық та 8-9 айдан соң жаңартуды талап етеді. Өйткені одан кейін олар жеген жемін де ақтамайды дейді мамандар.

–Құс шаруашылығында ең басты талап тиянақты дайындық. Бұл ретте құстың өсімталдығымен қатар сезімталдығын, азықтың құнарлылығын, жалпы жан-жақты дайындықпен келу керек. Жан-жақты болғанда өсірумен қатар оның өнімдерін сату жолын да табу керек. Бұл тұсың ақсаса, онда табыс көрмейсің деген сөз,-дейді сайқындық құс өсіруші Арман Аршығалиев.

Құс шаруашылығына субсидиялар да бар екен, бірақ… Осы «біраққа» жауапты аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімінің бас маманы Серік Айтқалиев берді.

–Құс шаруашылығына да заңмен субсидиялар қарастырылған. Алайда, біздің қазақ құсты табыс көзі деп қарамайды ғой. Мәселен асыл тұқымды балапан алған азаматқа әр балапан үшін 600 теңге төленеді. Ал құс өніміне берілетін қайтарымсыз қаржыны алу қиындау. Өйткені онда да өз шарттары бар. Мал шаруашылығында субсидия алу үшін тиісті бас аналық пен аталық болу қажет болса, құс етіне субсидияға қол жеткізу үшін кемінде 15 мың тонна ет шығауың қажет. Ал жұмыртқаның субсидиясы жылына 20 млн. дана жұмыртқа өндірушілерге беріледі. Ауданымызда ондай көлемде құс өнімін өндірушілер болмаған. Ауласында ең көбі 60-100 құс өсіруші болмаса, аса бір ауқымды шаруашылық жоқ қой, — деді  маман.

 

…ЖҰМЫРТҚАСЫ БОЙҒА ҚУАТ

Жұмыртқаның пайдасын ықылым заманда анықталған.  Біле білсеңіз, таңғы асқа бір жұмыртқамен тамақтансаңыз, иммунитетіңіз күшейіп, ағзаңыз бактериялармен белсенді күресе бастайды. Жұмыртқаның сарыуызындағы холин компоненті мидың белсенділігін арттырады және есте сақтау қабілетін жоғарылатады, Альцгеймер ауруынан қорғайды. Жұмыртқа спортшылардың мәзірінде болуы міндетті. Себебі бір жұмыртқада ақуыздың тәуліктік норманың 15% бар екен. Бір тауық жұмыртқасында не бары 70 калорий болады. Сондықтан ол салмақпен күресіп жүргендер үшін таптырмас тағам. Жұмыртқаның пайдасы мұнымен шектелмейді. Ол көзге де пайдалы. Құрамындағы зиянды ультракүлгін сәулелерден қорғайтын антиоксиданттары катаракта ауруынан сақтайды. Жұмыртқа A, D, E, B, йод, мырыш, кальций, магний, темір және фосфор сынды көптеген пайдалы дәрумендер мен минералдардан тұрады. Жұмыртқа жүкті әйелдерге де өте пайдалы. Ондағы фолий қышқылы ұрықтың қалыпты дамуына септігін тигізеді. Сонымен қатар бұл қышқыл  адам жүрегін жұмыс істеуін реттейді. Жұмыртқаның пайдасымен қатар зияны да жоқ емес. Жұмыртқаның ең басты кемшілігі – ағзада қауіпті процестерге түрткі болатын холестериннің ең үлкен мөлшері болуында. Оның кесірінен жүрек-тамыр ауруларының дамуы ықтимал. Және бұл тағам аллергиялық реакция тудыруы ғажап емес. Соның салдарына адам тері ауруларынан зардап шегуі мүмкін. Тауық және оның өнімдері ең көп зерттелген нысан болып саналады. Сол зерттеулерге сай жұмыртқаны күнбе-күн үзбей тамақтансаңыз, қандағы глюкоза мөлшері көбейіп, диабетке әкеліп соғуы ықтимал. Тіпті оған деген тәуелділік темекі шеккен адаммен бірдей болады екен. Сондықтан мөлшерден тыс тамақтанудан бас тартқан жөн. Ересек адам күніне үш жұмыртқадан артық жемегені абзал. Жұмыртқаны тек тағамға ғана емес, шаш, бет күтіміне көп қолданған. Ол өз алдына бөлек әңгіме.

…ЕТІ ­– ЕҢ ӨТІМДІ ТАУАР

Тауықтың еті де пайдалы. Денсаулық сақшылары оның құрамындағы кальций, калий, магний, темір, фосфор және В дәрумендері жүрек және қан ауруларына шалдыққандарға келтірер пайдасы орасанын, аурудан әлсіреп қалған ағза үшін қуат көзі екенін айтса, сатушылар үшін тауық еті – табыс  көзі.

Құс өнімі сұранысқа ие. Мамандар жер бетінде адам саны күрт өсіп жатыр. Сондықтан жақын арада мал шаруашылығы етке деген сұранысты толық қамтамасыз ете алмайды. Оны дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы гуманитарлық ұйымы да растап отыр. Оның есебінше, алдағы 10 жылда бір адамның тауық етін тұтынуы жылына 30 келіге дейін жетпек. Сондықтан құс шаруашылығын ұлғайту уақыт талабы деп қарастырған жөн. Мәселен, мал өсімді бір жыл көлемінде берер болса, тауықтың етті түрі 2-2,5 айда толықтай жетіліп, тұтынуға жарап қалады екен. Қазірдің өзінде соғым еті біткен шақта ауылдастарымыз тауық етін көп алуда.

–     Иә, тауық етіне сұраныс соғым етінің сөлі қалғанда күрт өседі. Сонымен қатар бірер аптада кәуап пісіру маусымы басталады. Сонда да құс етіне сұраныс артады. Тек осы кездерде облыстық кәсіпкерлер де құс етінің бағасын өсіріп жатады. Нәтижесінде біздегі сатылым бағасы да жоғарылай түседі. Әрине қаладағы сауда орындарынан құс етін арзандау бағаға да табуға болады. Алайда, біз таңдауымызды тұтынушының сұранысына сай жасаймыз ғой. Сондықтан негізінен тауық етінің американдық түрін аламыз. Әрине, ол аса бір арзан емес, бағасы орташа дер едім. Оны бүгінгі таңда келісін 950 теңгеге сатудамыз. Тек бағаны нарық білетін болғасын құс етінің келесі партиясының бағасы қанша болатынын уақыт еншісінде қалады. Тауық етінің халал түрі де болады. Рамазан айында соған тапсырыс беріп жатады. Тауық тұтастай да, бөлшектеп те сатылады. Мәселен, еті көп тұсы ол тауықтың төсі. Оның бағасы біздің дүкенде 1500 теңге, ал сандарды 1200 теңгеге ала аласыз. Сонымен қатар қанаттарын да бөлек алуға болады. Алайда, тауық етінен дайындалған кәуапты да саттық. Қазір таусылып қалды. Екі келілігі 2500-2800 теңге аралығында. Ал, тауық жұмыртқасына сұраныс толастамайды. Тіпті жұмыртқа бітіп қалса тура нан таусылғандай сезінесің. Өйткені ол құймақ пісірсең де, өзін қуырсаң да, түрлі салаттарға қоссаң да қажетті құрамы ғой. Біз негізінен С1 сортты тауық жұмыртқасын сатамыз. Көлемі де үлкендеу. Дәл қазір жұмыртқаның әр ондығын 450 теңгеге жіберудеміз. Мәселен, зейнетақы не түрлі мейрамдар қарсаңында 360 дана жұмыртқасы бар бір қорап 3-4 күнде сатылып кетеді. Ал басқа күндері сол қорап бір аптаға азық болады, ­­- дейді  жеке кәсіпкер Айман Асанғалиева.

Бағаға келер болсақ, өткен аптада 450 теңгеден сатылған жұмыртқаны кей дүкендерден 500 теңгеге дейін көтерілді. Сәуірдің басында Маңғыстау облысында билік өкілдері жұмыртқаны ондығын 453 теңгеден жоғарылатпауды талап еткендігін алға тартып, бағаға ықпал ету мүмкіндігін сұрап, аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөліміне хабарласқан едік.

–Біздің бағаға әсер ете алатын құзыреттілігіміз жоқ. Ол үшін облыстық масштабта арнайы шешім шығарылып, бағаға шектеу қойылу керек. Сонда ғана біз оны сұрай аламыз. Десе де егер кәсіпкер тауарды шекті бағадан жоғары сомаға алса, онда біз одан бағаны төмендетуді талап ете алмаймыз,- деді аталмыш бөлімнің бас маман Ерлан Нүркенов.

Сөзімізді түйіндей келсек, балапанды сол жылдың күзінде санамағанмен,  бір жылдан кейін санауымызға болатын секілді. Өткен жылы грант алған 17 кәсіпкер күні бүгінге дейін өз кәсіптерін сәтті жалғастырып отыр десек те, жәрмеңкеден жергілікті өнімді көре алмаймыз, не жекелеген чаттардан «саттықта үй жұмыртқасы бар» деген хабарламаны өте сирек естиміз. Құстың көлеңкесіне төтеп бере алмайтын балапандар енді «есейіп», қанаттары қатайып, әне-міне деп өнімді төпетер деп сеніп көрейік.

 Раушан ЖАНАТҚЫЗЫ

Бөкей ордасы ауданы

 

Артық болмас

С1, С2 деген белгілер оның сапасына емес, салмағына және сақталу мерзіміне байланысты екен. Жалпы жұмыртқа Д, С1, С2, С3 және СО, СВ категорияларына сұрыпталады. Д белгісімен диеталық сұрып белгіленеді. Оның сақталу мерзімі жеті тәулікті құрайды. Әрі оны салқындатқышта емес, бөлме температурасында сақтау қажет. Шығарылған күннен бір апта өткенде ол асханалық түріне айналады. Сондықтан диеталық жұмыртқаны таңдағанда оның шығарылған күнін қатаң ескерген жөн. Асханалық демекші С әрпімен белгіленетін жұмыртқа 25 күн қалыпты жағдайда, ал тоңазытқышта 90 тәулікке дейін сақталады. Осы С белгісінің қасындағы әріп, сан белгілері салмағының мөлшері екен. Мәселен, «В» жоғарғы категория саналады. Себебі бұл жұмыртқа салмағы 75 грамнан жоғары. Одан соң «О» – таңдамалысы 65-75 грамм болады. Ары қарай жұмыртқадағы «С» әрпінің қасындағы сан жоғарылаған сайын оның салмағы 10 грамға төмендейді екен.