16.04.2021, 10:23
Қараулар: 140
ҚАРЖЫ КЕҢЕСТЕ ТАЛҚЫЛАНЫП, СЕССИЯДА БЕКІТІЛДІ

ҚАРЖЫ КЕҢЕСТЕ ТАЛҚЫЛАНЫП, СЕССИЯДА БЕКІТІЛДІ

Қоғамдық кеңесте негізінен аудандағы жеті ауылдық округтің қаржысы қаралып, округ әкімдері өз хабарламаларында қосымша қаражат қажеттілігін алға тартты. Басым көпшілігі қаражатты ауылдарды абаттандыруға, жарықтандыруға сұрады. Арасында  тазалықты жүзеге асыру үшін жеңіл көліктің тіркемесін алуға, қоқыс алаңын талапқа сай қоршауға, қызметтік үйді жөндеуге, тіпті қаңғыбас иттерге арналған вольер жасауға да сұрағандар болды.

Жеті ауылдық округі әкімдерінің хабарламаларын мұқият тыңдаған кеңес мүшелері өз  ұсыныс-пікірлерін де білдіріп отырды. Мәселен, қоғамдық кеңестің белсенді мүшесі бөрлілік Нағым Тәжімұратов Саралжындағы қоқыс төгу орны ауылға кіреберіс жол маңында тау-теке болып көрініп тұрғанын айтып, оның орнын ауыстыруға ұсыныс тастады. Сонымен қатар салынғанына не бары аз уақыт болған балалар ойын алаңдарының сапасына наразылық білдірді. «Үш-ақ жылда оларды қайта жөндеу қажеттілігі туып, тағы да мемлекет қоржынынан қыруар қаржы жұмсалады»,-деді Нағым аға.

Сайқын ауылдық округі әкімі Нұргүл Омарованың хабарлауынша, биыл Сайқын ауылдық округінде саябақтарға велотұрақ, иесіз жануарларды уақытша ұстауға арналған база және қаңғыбас иттерді залалсыздандырып, тиісті шаралар өткізу үшін вольер салынбақ. Осы және жарықтандыру, т.б. шаруаларға 12 млн. 607 мың теңге жұмсалмақ. Қазіргі таңда қазақы ою-өрнегі бар, жарықтандырылған 31 панно аудан орталығы көшелеріндегі бағаналарға орнатылды. Оған 1 млн. 395 мың қаражат жұмсалды.

Қоғамдық кеңесте әскерге шақыру жайы да айтылды. Медициналық тексерісте жолданған 19 бөкейліктің тек 6-ауы толықтай әскерге жарамды болған. Осының өзі жастардың денсаулық көрсеткіші төмендігі, сонымен қатар  патриоттық тәрбиенің кемшіндігі де айтылды.

Аудан аумағында малдың жұқпалы ауруларының алдын алу және жою бағытында атқарылған жұмыстар хақында баяндаған аудандық ветеринария станция басшысы Алмабек Құрмашев:

–Тұрғындар бруцеллезге сынаманы малдарын қырға жібермес бұрын алуға мүдделі болғаны дұрыс. Сонда ауру малды табынға қосып, өзгенің обалына қалмайды, тиісінше аурудың кеңінен таралуына кедергі болады. Сондықтан сынаманы қаңтардан бастаған жөн. Екпе жетпейді деген уәждерге келер болсақ, екпелер толық жетуі үшін мал иелері қолындағы мал санын дұрыс беруі шарт. Біздің базаның есебіндегі мал саны бір басқа да, ауылдық округі әкімдері жүргізген мал санағының нәтижесі мүлдем басқа. Осы сәйкессіздік салдарынан былтыр қарасан ауруына қарсы екпе жетіспеді, – деді сала басшысы.

Осы мәселелер кезектен тыс ІV сессия мінберінде де қаралып, депутаттар тарапынан бірауыздан мақұлданды. Сонымен қатар сессия күн тәртібінде қоғамдық кеңес құрамындағы өзгерістер хабарланып, жаңа үміткерлер тізімі халық қалаулылары тарапынан қолдау тапты.

Раушан ЖАНАТҚЫЗЫ