9.04.2021, 10:28
Қараулар: 249
ТАҒЫЛЫМДЫ ТАҒДЫР ИЕСІ

ТАҒЫЛЫМДЫ ТАҒДЫР ИЕСІ

Биыл Шарап Сирановтың туғанына 105 жыл толды. Шарап Сиранов туралы баспа беттеріне бұрын да жарияланды. Еңбегі сіңген Бөкей ордасының тарихы-музейі ғимараты қабырғасына суреті басылып, есімі жазылған мемориалдық белгі тақта да орнатылды. Өмір жолы парасат пен ұлағатқа толы, қазына кеуде ұлы тұлғаның есімін жадымызда тағы бір мәрте жаңғыртқанның еш артықтығы болмас.

Қой басымен шаруа шешкен

1970 жылдары Алматыда музей қызметкерлерінің Одақтық ғылыми конференциясы өтеді. Оған Мәскеу, Киев, қазіргі Санкт-Петербург, Грузия, Армения, Татарстаннан әйгілі музей мамандары жиналады. Музей мәселесін жан-жақты талқылаған екі күндік жиналыстан кейін қонақтарды Ұзынағашқа апарып қонақ қылады. Жамбыл музейінің ауласына үстелдер қойылып, кең дастархан жайылады. Дастарханда апорттан басталып, жүзімге дейін жайнап тұр. Қызыл күрең апорт, алтын сары лимонканың мұрын жаратын  иісі аузыңның суын құрытады. Келген қонақтардың дені славяндар, дастарханға ерекше мән беріп, тамсанып, таңғалысын жасырмай ашық айтып жатады..

Қазақстанның Мемлекеттік музейінің директоры Сара Есова сол жағына Мәскеудің революциялық музейінің директорын, оң жағына Орданың тарихи музейінің директоры Шарап Сирановты алып, басқа қонақтарды үстелдің екі қапталына лауазымына, жасына қарай жайғастырған екен. Дастархан басына жайғасқан қонақтар Алматының әсем табиғатын, екі күн бойы өткен мәжілісті, қазақтың қонақжайлығын мақтап, жеңіл ас-судан алып отырады. Кешікпей ас келеді, аспен бірге бас келеді. Үлкен тәрелкеге салынған қара қойдың басы қасындағы пышағымен бірге құйқасы дірілдей келіп Сара Есова мен мәскеулік қонақтың ортасына қойылады. Қонақ ыңғайсызданып, әрі итеруге мәдениеті жібермей, өзі шалқая береді. Сара Есова үй иесі ретінде басты мәскеулік қонаққа ұсынып: «Бұл біздің дәстүріміз бойынша қонаққа арнап мал сойылып, сыйлы қонаққа  бас ұсынылады. Сол құрметке сіз ие боп тұрсыз» дейді. Піскен бастан қаралай шошып отырған қонақ, қос қолын кеудесіне қойып, рақметін айтып, бас ұстаудан бас тартады. Бас жылжып-жылжып, қонақтардың ішіндегі жасы үлкені, соғыстың от-жалынын кешкен, көпті көрген Шарап ағайдың алдына келеді. Сонымен бас бөлісі жөнінде лекция басталып кетеді. Шарап ағай: «Әр халықтың өзінше дәстүрі болады ғой, оның талайын көрген шығарсыздар. Бас ұстаудың да мәні бар және ол қонаққа құрмет, әрі қонақтың да қаншалықты жөн білетінін байқатады. Мына құлақты орталықтағы жанашырымыз ретінде, алыстағы қазақтардың жағдайына құлағы түрік жүрсін, қажетінде хабарласып тұрсын деп сізге ұсынамын» деп, бір құлақты майлылау құйқасымен қоса кесіп алып, мәскеулік директордың алдына қояды. Көзді алып: «Сәке, сіз біздің бәрімізге, яғни Қазақстандағы музейлерге бас-көз болып отырған адамсыз ғой, әлі де солай жалғастыра беріңіз» деп Сара Есованың алдына қояды. Тағы бір құлақты Ленинградтан келген тілшіге: «Қазақ елінің хал-жайын ести жүріңіз» деп береді. Екінші көз Кавказдан келген қонақтың еншісіне тиеді. «Ал таңдайды бізде «шешен бол» деп осы асты пісірген келінге немесе топ бастауға икемі бар бозбалаға береді» деп қолына ала бергенде, «А, можно мне оратором быть?» деп жас журналист қыз орнынан атып тұрады. «Әрине, қызым, жазғандарың осы таңдайдың суретіндей әдемі жымдасып шығатын болсын» деп таңдайды салтанатпен ұсынады. Таңдайға ие болған қыз бүкіл болашақ шығармашылығы осыған тіреліп тұрғандай қос қолдап алып, бас иіп алғыс айтады. Жұрттың бәрі мәз, таң-тамаша. Осы ретпен қара қойдың жарты құйқасының әрбір жапырағы арнаулы бағытпен таратылады. Шарап ағай сөйтіп отырып: «Сәке, миын алып, қасықтап ішкізейін бе?» деп сыбырлайды. «Қой ойбай, мына түріңмен бас тартуды музейдің экспонатына қосып жіберерсің» деп Сара Есова ыршып түседі. Ақырында: «Ал, жігіттер, бұл қойды бағып мал, сойып ас қылғаннан басқа кінәларың жоқ, сендердің де ұрттарың майлансын» деп тәрелкені ас басқарып жүрген жігіттердің қолына ұстатады. Ас алуға рұқсат берілген соң ыссы тамаққа бас қойған қонақтар, бас үлестірудің осыншалық пәлсапасына қайран қалып: «Что, что означает, как сказал?» деп бір-бірінен сұрап анықтасып, әжептәуір дүбірлесіп қалады. Осы кезде өзіне қосымша сөз сұрап алған мәскеулік директор: «Менің міндетімді тамаша атқардыңыз, мен енді Қазақстан музейлерінің жағдайын арнайы біліп отырамын» деп қолындағы құлағын көрсетіп, біраз мақтау айтады. «Әй, қайным, қойдың басымен осынша шаруаны шешкен сен тегін емес екенсің» деп Сара Есова да Шарап ағайға шын ризашылығын білдірсе, «Ой, ағай, еңбегімізді бір қайтардыңыз ғой, жеке қонақ болатын адам екенсіз» деп елдің жігіттері де мәз болысқан екен. Бұл оқиға Шарап Сирановтың бір ғана отырыста көрінген жеке басының бір парасы ғана. Ол —  халық даналығын, ұлт әдебін жүрген ортасына, ұрпақ тәрбиесіне жұмсай білген парасатты жан еді.

Өлке тарихының жоқшысы

Шарап ағай 1940 жылы әскер қатарына алынғанша ұстаздық қылған. Ұлы Жеңістен кейін мұғалімдерді әскер қатарынан босату жөніндегі Үкімет жарғысына орай елге оралып, жұбайы Дина Әліпқалиева екеуі жұмсаған жерден табылған  ұстаздар болды. Шарап ағамыздың  өмір мектебінен түйгені көп. Көпшіл, шежірешіл, құйма құлақ болса, әр айтқаны ұлағатты әңгімешіл ағамыздың қасиеттері мен халықпен жұмыс жасай білу қабілеті, ұстаздық болмысы музей ісінде көп нәтиже берді. Оқу, іздену арқылы кәсіби шыңдалды. Бастапқыда музейде аға ғылыми қызметкер, кейіннен музей директоры болып жоғарылады. Жайсаң мінез, қарапайымдылығымен көпке сыйлы Шарап ағайдың әңгімесін халық құмарта тыңдайтын. Оның экскурсиясын тыңдаған қонақтар ғасырлардан сыр бүккен Бөкей ордасының қасиеті мен киесіне таңданысын жасырмайды. Ш.Сиранов туған жердің қасиетін түсіндіруде, оның тарихын жоқтап, мұрасын жинауда қазақтың мәдениет, әдебиет саласының бетке ұстар тұлғалары Мұса Дінішев, Зейнолла Тұрарбеков, ҚазКСР ҒА философия және құқық институтында ғылыми қызметкер болып жасаған Мұстафа Ысмағұловпен рухани жақсы қарым-қатынаста болып, солар арқылы берісі Алматы, Астрахан, әрісі Мәскеу, Невель қаласы мұрағаттарынан Бөкей ордасы тарихына қатысты мәліметтер алдыртты. Ол – сонау жылдарда Қазақ теле-радио комитетінен Құрманғазы, Махамбет туралы кинофильмдерді сұраныспен алдыртып, оларды жергілікті тұрғындарға ауыл клубтарынан көрсетіп, өнері мен ерлігі, өмірі аңызға айналған бөкейліктер жөнінде ағарту шараларын ұйымдастырған азамат еді.

Ол облыстық әскери комиссариат басшылығына қатынасхат жолдап, Ұлы Отан соғысы жылдары жау бомбасы түскен Шоңай – Сайхын – Жәнібек  теміржолы бойында құрбан болған ерлерді жоқтаған, есімдері белгісіз болса да жауынгерлердің рухына арнап обелиск орнату жөнінде ұсыныстар жолдайды. Оның сауаты, білігі, қолының өнері ел кәдесіне жарады. Халық алғысын алды. Ізденістері, ойының жүйріктігі, қолының шеберлігі не бір істен шыққан көне тұрмыстық бұйымдарға жаңа өң беріп, оларды жәдігер ретінде музей экспозициясынан «сөйлетті». Суретке түсіру, шығару, кинопроекторге түсіру әуестігінен ауданда, ауылда, музейде өткен түрлі шаралар барысы, өлкемізді, музейді көруге келген не бір жайсаңдар мен жақсылардың бейнесі фотоқорда қалды. Ісі ыждағатты, еңбегі үлгі осынау ақсақалдың қолының табы қалған жұмыстарының нәтижесі бүгінгі ұрпақ кәдесіне жарауда.

Бүгінде аты алысқа кеткен облыстық Хан Ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей-қорығының тұмса бастауында Шарап Сирановтың еселі еңбегі, өлшеусіз үлесі бар.

                                                                                    Гүлжиян САПАРҒАЛИЕВА,

облыстық Хан Ордасы тарихи-мәдени,

архитектуралық-этнографиялық

музей-қорығының бөлім басшысы