9.04.2021, 9:56
Қараулар: 269
АУЫЗ БЕКІТЕЙІК, САҚТЫҚҚА ДА МӘН БЕРЕЙІК

АУЫЗ БЕКІТЕЙІК, САҚТЫҚҚА ДА МӘН БЕРЕЙІК

Аса қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Барлық мақтау Аллаға тән. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедке Алланың салауаты мен сәлемі болсын!

 

Құрметті жерлестер!

Баршаңызды он екі айдың сұлтаны, қасиетті Рамазанның басталауымен шын жүректен құттықтаймын! Отбасыларыңызға бақ-береке, ырыс пен ынтымақ тілеймін!

Жаратушы Жаббар Иеміз әрбір ізгі амалдың сауабы еселеніп жазылатын берекелі айда ұстаған оразамызды, жасаған дұғамызды, оқыған намазымызды, шын пейілмен жасаған әр құлшылығымызды, орынды себептермен ауыз бекіте алмай қалған жандардың берген садақаларын қабыл еткей!

Рамазан айында Алланың ризалығы үшін ауыз бекіткен исі мұсылман баласы өзін ішіп-жеуден ғана шектемей, жаны мен тәнін жамандықтан сақтап, ізгілікке ұмтылады. Әрбір іс-әрекетін мұсылманға тән әдеп аясында орындауға тырысады. Өйткені, Рамазан – кез келген амалды риясыз ниетпен жасауға тәрбиелейтін, адамды тақуалыққа үйрететін ай.

Биыл Рамазан айы сәуірдің 13-ші жұлдызынан басталады. Өкінішке қарай, биыл да қасиетті Рамазан айын пандемия жағдайында өткізгелі отырмыз. Коронавирус атты жұқпалы дертті оқшаулану, сақтану арқылы ғана жеңуге болатынын анық аңғардық. Осы ретте сіздерді ауызашар кезінде, құлшылық сәттерінде санитарлық талаптарды қатаң сақтауға шақырамын. Денсаулық – бәрінен қымбат құндылық, Алланың адамзатқа берген аманаты. Сол себепті аманатқа қиянат қылмай, өзіміздің де, жақын жандарымыздың да саулықтарына немқұрайлы қарамайық. Мешітте де ауызашарлар өткізілмейтінін қаперлеріңізге береміз. Қасиетті Қадыр түні 8 мамырдан 9 мамырға қараған түнге сәйкес келіп тұр. Алайда, елдегі қиын жағдайға байланысты Қадыр түнін де көпшілікпен бірге қарсы алуға болмайтынын түсіністікпен қабылдарсыз деп сенеміз.

Ауыз бекітіп, ораза тұтқан адам рухани тазарып, кемелденіп, күнәларынан арылады. Ауызашар алдындағы тілеген дұға қабыл болатыны хадистерде де келтіріледі. Медицина тұрғысынан да оразаның адам денсаулығына пайдасы бары дәлелденді.   Алайда денсаулығының кінәраты бар науқас, емізулі баласы бар және жүкті әйелдерге ораза ұстау міндеттелмейді.

«Садақа – алдағы бәле-жаладан құтқарады» дейді. Мұсылман баласы жақсылық жасауда жарысып, садақа беруден қашпауы тиіс. Биылғы жылдың пітір садақасы жан басына 420 теңге болып есептелді. Пітір садақасы Рамазан айының алғашқы күнінен бастап Ораза айт намазына дейін беріледі.

Ардақты ағайын, Алла Тағала осынау тағылымы мол айда ниетіміз бен амалымызды қабыл етіп, баршамызды Рамазаннан Рамазанға төрт көзімізді түгел жеткізсін.

Жаратушы Иеміз жер бетінен жұқпалы індетті жойып, жұртымызға жар болғай, елімізді аман, жерімізді тыныш еткей! Әмин!

Қуандық НАСЫРОВ,

ауданның бас имамы