27.11.2020, 10:37
Қараулар: 337
СУРЕТКЕ АРҚАУ БОЛҒАН – КОРОНАВИРУС

СУРЕТКЕ АРҚАУ БОЛҒАН – КОРОНАВИРУС

 

Әлемді коронавирус жайлаған үрейлі шақта позитивті көңіл-күйді жоғалтып алмай, жақсылыққа сене білудің мән-маңызын терең түсінгендейміз. Өйткені, аждаһадай ауыз салған бұл кеселдің әзірге кері шегінерге ойы жоқ секілді. Тілсіз жаудың соққысы жойқын, күші алапат…

Коронавирус індетінің алғашқы ошағы саналатын Қытай мемлекетінің Пекин қаласында халықаралық мультимедиялық ассоциацияның ұйымдастыруымен COVID-19 індетін тақырып қылған суретшілер байқауы өткен-ді. Бұған 30-дан астам елдің қылқалам шебері қатысып, 7000 мыңнан астам карикатура ұсыныпты. Шығармашылық адамдардың шабытын еселеген бұл конкурста қатысушылар қазіргі күрделі кезеңді  астарлы бейнелермен жеткізе білген.

Әуре-сарсаңға салған коронавирусты әзілмен сойылдап жатқан суретшілер де  жоқ емес.  Украиналық карикатура шебері Валерий Момот карантин режіміне арналған карикатуралар сериясын шығарып үлгеріпті және өз сұқбатында әрқашан да оптимист болыңыздар, жақсы көңіл-күй қиын жағдайды жеңіл еңсеруге көмектеседі деп ойын білдірген екен.

 

Ресейлік қылқалам шебері Сергей Елкиннің де сықақ суреттері  көпшіліктің көңілінен шығып жүр

 

Белгілі карикатура шебері Ғалым Смағұл ағамыз да өзінің фейсбуктегі парақшасына «Соғыста көп шошаңдамай окопта жатып, еліне аман келген атамыздың тактикасына көшейік» деп  жердің астына тығылып, аман қалған адамның суретін қалдырыпты. Сондай-ақ, «Коронавирус, кет, кет…» деп ән арнаған Марат Омаровтың бейнесі қоса берілген карикатурасын да жариялады.

 

Белгілі суретші, дизайнер Аңсаған Мұстафаның «Үйде отыр» деген карикатурасы да дер кезінде сақтанбасақ  өмірімізге үлкен қауіп төнетінін ескерткендей.

 

Дайындаған Арайлым МАРАТҚЫЗЫ