14.05.2020, 10:35
Қараулар: 26
БЮДЖЕТ ҚАРЖЫСЫ ЕСЕЛЕНДІ

БЮДЖЕТ ҚАРЖЫСЫ ЕСЕЛЕНДІ

Мамырдың 12-сінде кезектен тыс ХL сессия өтті. Сессия күн тәртібінде аудандық мәслихаттың 2019 жылғы  30 желтоқсандағы  №34–2 «Бөкей ордасы ауданының 2020-2022 жылдарға арналған бюджеті туралы»  шешіміне өзгерістер енгізу мәселесі қаралды.

Аудандық қаржы бөлімінің басшысы Раушан Абдуллина аудан бюджетінің 1 070 949 мың теңге қосылып, 6 198 911 мың теңгемен алмастырылғанын айтты. Қаржының былай еселенуі салықтық түсімдердің азайтылып, төменгі бюджетке берілетін өтемақы есебінен жүзеге асып отыр.

Республикалық бюджет трансферттері есебінен атаулы әлеуметтік көмек, әлеуметтік топтама мен жастар практикасына қарастырылған қаражат та еселенді. Таратып айтсақ, АӘК-ке қарастырылған 102 785 мың теңге 126 153 мың теңгеге, жастар практикасының 40 958 мың теңгесі 65 960 мың теңге артты. Әлеуметтік топтамаға бұрын 14 891 мың бөлінсе, төтенше жағдайға байланысты азық-түлік-тұрмыстық жиынтықтармен қамтамасыз етуге деп 29 828 мың теңгеге қаржысы еселеніп, 44 719 теңгені құрап отыр. Үкімет төтенше жағдаймен жалғасқан дағдарыста қарапайым халықтың жағдайын жақсарту, қолдау мақсатында NEET санатындағы жастарға және табысы аз көпбалалы отбасыларға, табысы аз еңбекке қабілетті мүгедектерге  жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыру үшін гранттарға деп  38 003 мың теңге қарастырып отыр. Бұған дейін бизнес-идеяларды жүзеге асыруға  18 557 мың теңге көлемінде грант қарастырылған еді. Бұдан бөлек қоғамдық жұмысқа 119 000 мың теңге бөлінген.

Бөлім басшысы Раушан Абдуллинаның баяндамасынан ұққанымыз, 2020-2021 жылдарға арналған Жұмыспен қамту жол картасы шеңберінде Үштерек ауылындағы мектепті,  «Жасөспірімдер туризмі және экология орталығы» МКҚК ғимаратын,  Бөрлідегі М.Бегалиева атындағы мектепті, Хан Ордасындағы «Ақбота» балабақшасын, Мұратсай ауылдық округіне қарасты Тайғара елді мекеніндегі бастауыш мектепті  күрделі жөндеуге,  «Ауыл-Ел бесігі» жобасы шеңберінде ауылдық елді мекендердегі      әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым бойынша іс-шараларды іске асыруда аудан орталығындағы көшелердің асфальтбетонды жабыны бар жолдардың жүру бөлігін күрделі жөндеуге тиісті қаржы бөлінген.

Ұлпан ӘНУАРҚЫЗЫ