9.02.2020, 15:48
Қараулар: 134
«ЖАҢА ЖОЛ» – ЖЕТІ АУДАННЫҢ АЙНАСЫ

«ЖАҢА ЖОЛ» – ЖЕТІ АУДАННЫҢ АЙНАСЫ

2020 жыл ел үшін елеулі оқиғаларға толы. «Орда жұлдызы» газеті үшін де ерекше жыл. Биыл аудан үнжариясына 90 жыл толады. Сонау 1930 жылдың 7 қыркүйегінде «Жаңа жол» деген атпен жарық көрген басылымның тағдыры қилы-қилы. Жиырма екі жылдан соң №27 нөмермен тоқтап, редакция жабылған. Бұған Орда  ауданының тарап, көршілес Жәнібекке қосылуы себеп болды. Араға аттай жиырма жыл салып, редакциямыз қайта енші алып, жеке дара шыға бастайды. 1973 жылы «Жаңа жолымыз» «Орда жұлдызы» боп атын ауыстырды. Тоқыраудың тапшы кезеңін бастан кешіп, бір-ақ бет боп шыққан кездері болды.

«Орда жұлдызының» о баста «Жаңа жол» аталып, тек қазіргі Бөкей ордасы емес, Жәнібек, Жаңақала, Жалпақтал мен Тасқала, Азғырға ортақ бір басылым болғанын екінің бірі біле бермейді.

Биыл тоқсанға толатын газетіміздің тұма бастауында кімдер тұрды, олардың тағдыр жолы қалай болды деген сауал үлкен қызығушылық тудырары анық.

 

Жеті ауданның ортақ тілі  «Жаңа жол» газетінің шығу тарихы сонау 1930 жылдан бастау алады. Жетісіне екі рет шығатын «Жаңа жол» Орда, Жәнібек, Азғыр, Жаңақала, Таловка, Жалпақтал және Шежін (Тасқала) аудандық партия комитеттерінің және кәсіпшілер одағының газеті болған. Жаңа жолдың 1930 жылдың 8 қазанда шыққан №9-ы  табылғаны жөнінде «Орда жұлдызының» 23.06.2022 жылғы санында  Г.Сапарғалиеваның «Қабырғаға қаланған газет» атты мақаласы жарияланған болатын.

Үстіміздегі жылы «Жаңа жол» газетінің 1930 жылдың 30 сентябрінде жарық көрген №7 санының 5 данасы жоғарыдағы мақалада көрсетілген үйден табылды. «Жер жүзі пролетарлары, бірігіңдер» деген ұранмен А3 форматы көлемінде шыққан газеттің бір данасы 5 тиын тұрыпты. Жазылу бағасы; 1 жылға 3 сом 50 тиын, 6 айға 1сом 80 тиын, 3 айға 1сом, бір айға 40 тиын тұратын газет Орда ауылындағы  баспаханада басылып шығып тұрған. Жауапты редакторы – Ғатау Махамбетұлы. Газеттің бірінші, төртінші беттері латын әрпімен, екінші, үшінші беттері араб, төте әрпімен басылған.

Газеттің бірінші бетінде Қазақстанның онжылдық тойына еңбекші жұршылықты жоспарды толық орындауға атсалысуға, Орда ауданының Жаңақала мен Орал аудандарының астық дайындау мен мал дайындау жоспарын орындауда социалдық бәсекеге шақырғаны, Орда аудандық партия конференциясы олардың шақыртуын қабыл алғандығы жөнінде кеңінен қамтылады. Келесі «Шетелдерде тағы да ереуіл жасады» атты мақалада Бударесте жүздеген жұмыссыздың демонстрацияға шыққаны жөнінде айтылады. Осы бетте Жаңақала ауданында астық дайындау жұмысы қарқын ала алмағандығы және осындай келеңсіздіктің Азғыр ауданында да белең алғандығы баяндалады. Астық дайындауда, сақтауда Орданың Сартөлген  ауылында: Орда, Сайқын  керек-жарақ кооперативтерінің астық дайындау науқанына арналған тауарлардың бұрмаланып жеке басқа кетіп жатқаны; Жәнібек ауданының Тау ауылдық кеңес төрағасы мен хатшысының жұмысының олқылықтарын сынаған хабарламалар жарияланған.

Газеттің 2-3 беттері араб, төте жазуымен жазылған. Мұндағы бірінші мақала ауыл салығы және оның жұмсалу жағдайларын баяндаған. Жеке шаруалардың астық дайындауда шарт жасасуы жөнінде Қазақстан комиссарлар кеңесі төрағасының орынбасары А.Будыниктің қаулысы жарияланса, келесісінде шаруашылық жұмыстарды ұйымдастыру; Орда аудандық партия комитетінің құрамын сайлау туралы айтылып, бюро мүшелігіне тізім берілген. Мал дайындау, сиыр, қой жүнін дайындаудағы Орда, Сайқын пунктері мал шаруашылығы одағы жоспары, кооператив мүшелерінің жарнасы туралы баяндалады. Сондай-ақ, Қасымтау ауылының уәкілі Өтешұлының Сағыз, Шалқар, Тапан, Сүйіндік 1- ауыл кеңестерін мал азығын дайындауға  (пішен шабу, шөп қорын жасақтау, шөп сүрлеу) бәсекеге шақыру жұмысына жастардың қатысуының кемдігі жөнінде жазылған мақалалар жарияланыпты. Газеттің төртінші бетіндегі бірінші мақала да назар аударарлық. Онда «Жаңа жол» газетінің №2 санында газетшілер Қ.Тайтайұлы, Ғатау Махамбетұлының газетті ел ішінде көптеп тарату мақсатында тасталған үндеуін қабыл алғандар туралы, атап айтсақ, олар: Ордадан Қайрушұлы, Қисайынұлы, Баймұқанқызы, Колесников, Әжіғалиұлы, Неғыметұлы, Шәкеш, Сайқыннан Айталыұлы, Төкелұлы, Бабанұлы, Қаракөлден Сейтқалиұлы, Манасұлы, Қарабасұлы, Шоңайдан Молдасұлы, Тайырұлы, Ғабдошұлы, Нұрмұқамбетұлы, Қ.Ишанғалиұлы; өзге де жерлестерін осы мақсатта жұмылуға шақырғандығы жөнінде мақалалар жарияланған.

Газеттегі бір ерекшілік — сын, ескертпе хабарларды берген адамдардың есімдері көрсетпей, оның орнына «Көрген», «Сезген», «Жолаушы», «Жас қалам», «Найза», «Маса» т.б. лақап аттармен көрсетіп отырған.

«Күміс үзеңгі, бөкіс етік, жирен айғыр» деген сыни мақалада Азғыр ауданы Қошалақ ауылының кеңес ағасы Меңдәліұлының елге үлкен қысымшылық көрсеткендігі және халықтың ақшасына 150 сомға жирен айғыр, 40 сомға күміс үзеңгі сатып алып шалқайып жүргендігі айтылады.

Газеттің осы бір санын парақтап, жасаған шолуымызда 1930 жылы қыркүйекте елде болған оқиғаларға қаныққандаймыз. Байқағанымыздай, билік органдарының атқарып отырған жұмыстары туралы, сондай-ақ, жеке-жеке ауылдардағы шаруашылықтың жағдайы нақты көрсетіліп, кейбіреулері ешбір кемшілігі жасырылмай сынға алынса, жақсы жұмысымен көзге түскен азаматтардың есімдері де басқаларға үлгі ретінде берілген. Осыдан бұқаралық ақпарат құралдарының биліктің бір тармағы ретінде қызмет екенін байқаймыз. Газет шақырады, тартады, біріктіреді, жұмылдырады, қысқасын айтқанда, елдің ішіндегі жағдайды реттеп отыруға атсалысады.

Заман ағымы сан құбылып, қоғамымызда бірталай өзгерістер орын алуда, осының бәрі сарғайған беттерде тарих боп қала бермек және де келесі ұрпақтарға өткеннен сыр шертіп, өз кезеңінің көрінісін жеткізбек.

Газеттің бүгінгі саны – тарихтың жаңа парағы, өткен күннің хаттамасы екеніне тағы бір мәрте көз жеткізгендейміз.

Мельс ҮШЕНОВ,

                                                        облыстық Хан Ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық

музей-қорығының әдістемешісі