7.02.2020, 12:22
Қараулар: 339
БЕРЛИНГЕ БАРҒАН  КАМЕЛЕТДИН

БЕРЛИНГЕ БАРҒАН  КАМЕЛЕТДИН

Ер  етігімен су кешіп, ат ауыздығымен су ішкен Ұлы Отан соғысының сұрапыл отты жылдарында  қазақ елінің бостандығы мен тәуелсіздігі жолында күресіп, қан  төккен ардагер аталарымыз қаншама?! Солардың бірі – жерлесіміз, сол соғыстың қан майдангері Мәскеуден Берлинге дейін жеткен Камелетдин Құспанов болатын.

Камелетдин Құспанов 1911 жылы 1 тамызда Орал облысы Орда ауданында туған.  Он екі Ата Байұлының ішіндегі Беріш руынан тараған Жаңбыршы бөліміне тараған. 1929 жылы Теректі бастауыш мектебінің 4-сыныбын аяқтаған.

Туған ауылында еңбекке араласып, алғашында сатушы, кейін өзге де жұмыстар атқарады.

1942 жылдың 1 мамырында әскерге шақырылып, 306-атқыштар полкі құрамында қысқа мерзімдік әскери дайындықтан өтіп, сол жылдың 10 мамырынан бастап, алғашқы шайқастарға қатысады. 1943 жылдың аяқ кезінен жауынгер Құспанов I Украин майданы сарбаздары қатарында Смоленск бағытындағы  ұрыстарға, кейін Днепр өзенінен өту операциясына, Киев қаласын, Молдова, Литва, Венгрия елдерін, сонымен қатар Варшава қалаларын азат етеді. Одан әрі кеңес сарбазы Камелетдин  Құспанов Германия жеріндегі фашистерді талқандайды. Жеңіс сарбазы Камелетдин ата 1945 жылы елге оралады.

Сұрапыл соғыстағы жанқиярлық ерлігі үшін ол «Ұлы Отан соғысы» орденімен, «Варшаваны азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін», «1941-1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысындағы Германияны жеңгені үшін», тағы басқа мерекелік медальдар мен алғысхаттармен марапатталған.

Соғыстан кейін болса керек, Камелетдин ағай Ресейге қоныс аударған екен. Бұл жөнінде майдангердің ұлы Тастан ағамыз:

– Әкем бір жылдары  Ресей елінде тұрған болатын. Қай жылы, не себептен Ордадан Ресей еліне көшкендігін білмеймін. 1964 жылы Ресей елінен өзінің туған жері Ордаға ауылымыздың тұрғыны, немере ағасы, сол кезде жаңа құрылған Орда совхозында агроном қызметінде болған Кәрім Қабдрахимов көшіріп алып келген екен. Еліне оралғаннан кейін Сейтқали ауылының бергі жағында Мінәй елді мекенінде тұрған. Мінезі жайлы, білімді болатын. Әкем де, атам да молда болған, атам медреседе сабақ берген. Әкемнің інісі Ресейде, апасы Орал қаласының Ақжайық ауданында тұратын. Өздері осы өмірде болмаса да, ұрпақтары әр салада қызметте жүр, — деп әулет тарихын таратып.

Камелетден атамыз Рабиға әжемізбен отау құрып, екі ұл, бес қыз тәрбиелеп,  немерелерінің қызығын көрген. Бейнеттің зейнетін көрген кейіпкеріміз ұрпақ қызығын көрді. Қазіргі уақытта балалары да, немерелері де әр салада қызмет етуде. Қан майданда от кешіп,  елін қорғаған Камелетдин  ата 2000 жылы өмірден өтті.

Құмды ауылдың қарапайым баласы ел басына күн туған шақта сонау Берлинге дейін барды. Ұлы Жеңіске бір кісідей үлес қосты. Камелетдин  Құспановтай  қаһарман аталарымыздың ерлік жолын ескеру кейінгі буынға өтелмес парыз екені даусыз.

 

 

Алмагүл ЗАБЕСОВА,

облыстық тарихи-мәдени

архитектуралық-этнографиялық

музей қорығының экскурсия жүргізушісі