23.01.2020, 16:02
Қараулар: 273
 ӘНМЕН ТҮЙІНДЕЛГЕН ЭКСПЕДИЦИЯ

 ӘНМЕН ТҮЙІНДЕЛГЕН ЭКСПЕДИЦИЯ

«Тұңғыш Президент жолымен» халықтық экспедициясы аясындағы ресми іс-шаралар аудандық мәдениет үйінде ұйымдастырылған көрме және  концерттік бағдарламамен түйінделді.

Клубтың ішіне енген сайқындықтар  бірден залға емес, фойеге аялдап, жаңақалалық  қолөнер, фототілшілердің туындылары қойылған көрмені тамашалады. Әсіресе, Жаңақала аудандық мектептен тыс тәрбие орталығының маманы Гүлбаршын Бақтығұлованың пейп-арт техникасы арқылы майлықпен безендіріп жасаған  декоративті ыдыстары, бір теңгелік тиындардан құрастырылған композицияларына көрермен ерекше тәнті болды.

Жаңақалалық көркемөнерпаздардың концерті халықтық ұлт-аспаптар оркестрінің  «Киелі күй елі – Жаңақала»  атты туындысымен түрілді. Хакім Абайдың 175 жылдығына арналған сахналық көрініс ақынның «Көзімнің қарасымен» әдемі үйлесім тапса, домбырашылардың күй тартысы, қобыздың қоңыр  үні өнерсүйер қауымның делебесін қоздырды. «Нұрбибі», «Гүлдәурен» ансамбльдерінің бишілері  «Жайлау», «Ерке сылқым», «Хоровод», «Андижан полькасы» билерін тамылжыта билесе, «Дедімайау», «Көкпар», жергілікті журналист, ақын Өмірзақ Ақбасовтың сөзіне жазылған «Жаңақала вальсі» әні мен «Цвети, земля моя», «Оралымасыл қалам» т.б тәжік, орыс шығармаларын көрші ауданның әншілері тебірене орындады.

Кеш соңында Жаңақала ауданының әкімі Наурызбай Қарағойшин «Тұңғыш Президент жолымен» халықтық экспедициясының эстафетасын ресми түрде аудан басшысы Нұрлан Рахымжановқа табыстап, ескерткіш сый-сыяпатын  тарту етті. Өз кезегінде Нұрлан Сағынтайұлы  да ізгі тілегін жеткізіп, бөкейліктер атынан құрметін білдірді.