23.01.2020, 15:29
Қараулар: 244
ЖАҢАҚАЛАДАН КӨШ КЕЛДІ

ЖАҢАҚАЛАДАН КӨШ КЕЛДІ

 

Биылғы жыл иісі қазақ үшін атаулы дата, айтулы мерейтойларға толы. Әлемге әйгілі Әл Фарабидің 1150, Хакім Абайдың 175 жылдық мерейтойлары. Алтын Орданың 750 жыл,  Ұлы Жеңіске 75 жыл толса, егемендік туралы деклорацияның қабылданғанына 30 жыл, Ата заңның қабылданғанына 25 жыл толды. Мұндай ел тарихындағы елеулі  даталарды тойлау – елдікті танытатын, бірлікке шақырып, топтастыратын, ұлттың ұпайын түгелдейтін шаралар.

Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы аясында «Тұңғыш Президент жолымен» халық экспедициясы» шарасы облыс орталығынан бастау алды. Эстафетаны Орал қаласынан қабылдап алған Ақжайық ауданы Жаңақалаға жалғаған еді. Жаңақала ауданының әкімі Наурызбай Қарағойшин бастаған әлеумет ауданымызға арнайы келіп, эстафетаны табыс етті.

Жаңақалалық көшті бөкейлік қауым қозы көш жерден «қош келдіңіз» айтып, ақ ұсынып, қарсылап алды. Бұдан соң қонақтар батыр қыздың ескерткішіне бет түзеді. Мәншүк Мәметованың ескерткішіне гүлшоқтарын қойып, тағзым етті.

Шара барысында бес бірдей диалог алаңына қоғамдағы түйткілді мәселелер талқыланды. Тарқатып айтсақ, М-С.Бабажанов атындағы мектепте «Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту Елбасының тарихи рөлі», «Медиация және дебаттар: жанасу нүктелері» сияқты екі бірдей тақырыпты қозғаған диалог алаңдары жұмыс жасаса, екі ауданның аға буын өкілдері аудандық мәдениет үйінде «Ата сөз – бата сөз» тақырыбында ой өрбітті.

Аудандық білім беру бөлімінің ғимаратында өткен басқосуда облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы жанынан құрылған аналар кеңесінің жұмысы қорытындыланып, мәселелер талқыланды.