16.01.2020, 16:36
Қараулар: 347
Арайлым ЕСМАҒҰЛОВА, «Орда жұлдызының» тілшісі: «АБАЙТАНУ» ҚОСАЛҚЫ ОҚИТЫН, ЖҮРДІМ-БАРДЫМ ҚАРАЙТЫН ҚОСЫМША САҒАТ БОЛМАЙ, НЕГІЗГІ ПӘН БОЛСА ДА АРТЫҚТЫҚ ЕТПЕЙДІ

Арайлым ЕСМАҒҰЛОВА, «Орда жұлдызының» тілшісі: «АБАЙТАНУ» ҚОСАЛҚЫ ОҚИТЫН, ЖҮРДІМ-БАРДЫМ ҚАРАЙТЫН ҚОСЫМША САҒАТ БОЛМАЙ, НЕГІЗГІ ПӘН БОЛСА ДА АРТЫҚТЫҚ ЕТПЕЙДІ

 

– Иә, хакім Абайдың өлеңдерін жатқа айтудан ұйымдастырылған әдеби эстафетаның кең қолдауға ие болғаны соншалық Ресей, Франция  т.б мемлекеттердегі Джеки Чан, Игорь Крутой сияқты танымал тұлғалар челленджге үн қосты.  Қазақ халқы үшін ақылшы ұстаз, бағыт- бағдар беруші, жол көрсетуші болған Абайдай кемеңгердің ой-толғамдары осылайша кең сипатқа ие болып, әлемге тараса қандай жақсы?! Қытайлықтар Конфуцийді, Лао-Цзыны, немістер Гетені, француздықтар Вольтерді, орыс халқы Достоевский мен Толстойды дәріптейді. Қазақ халқы да біртуар перзентінің ойшылдық мұрасын насихаттауда олқылық танытпауға тиіспіз. Әлбетте, хакімнің  ұлылығын, ғибратты ғұмырын жер-жаһанға паш ету үшін де өзіміз оны танып, біліп, тереңірек зерттеп, ұғынуға тырысуымыз қажет-ақ. Осы орайда заңды сұрақ туады, біз Абайды қаншалықты тани алдық, Абайдың аманатына қаншалықты адалдық танытып жүрміз? Президентіміз Қ.Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында  «Біз Абайдың «толық адам» тұжыры­мын қайта зерделеуіміз керек. Бұл бағытта ғалымдарымыз тың зерттеу­лерді қолға алуы қажет. «Толық адам» концепциясы, шындап келген­де, өмірі­міздің кез келген саласының, мемле­кетті басқару мен білім жүйе­сінің, биз­нес пен отбасы институттары­ның негіз­гі тұғырына айналуы керек деп есеп­теймін» дегендей әрқайсымыз  адамшылық қағидатынан айнымай, халыққа, қоғамға пайдалы болудың маңыздылығын шын ұғынғанымыз абзал. Өйткені, қоғам жалғыздардан құралады.  Ұлттық болмысымыздың озық үлгісін қалап  берген кемеңгердің сөздерін жадыға түйіп қана қоймай, өскелең ұрпақтың санасына тоқи беруге ұмтылуымыз шарт. Әлбетте, бұндай тәлім-тәрбие әр шаңырақтан, ошақ- қасынан басталса игі. Ұл-қызымыз шәкірттік шағынан Абайдың шығармаларын ұғынып, жіті түсіне алса қор болмасы анық. Жаһандану тенденциясының құрығына оңайлықпен шырмалмасы және анық. Өйткені, Абайды жастайынан таныған жан рухани кемелдікке де қол жеткізері сөзсіз. Неден қашық болуға, неге  асық болу керектігін  жадыға терең сіңіріп қана қоймай, іс жүзінде де ізгілікке ұмтылары хақ. Баланың жадысы ақ парақ, жастайында не жазылса, соны өмірлікке алады дейді екен. Жастайынан жатқа оқыса, жүрекке жазылары анық. Қазіргі білім жүйесінде «Абайтану» факультативтік сағаты қарастырылған. Абайтану факультативтік сағат деп қосалқы оқитын, жүрдім-бардым қарайтын қосымша сағат болмай, негізгі пән болса да артықтық етпейді.