16.01.2020, 16:25
Қараулар: 182
Каспи ЖАХАТОВ, ардагер ұстаз, Мұратсай ауылдық округінің тұрғыны: «АБАЙДЫҢ СЫНЫ – АУЫР СЫН. СОЛ СЫННАН ҚАЙ МІНІМІЗ ТҮЗЕЛДІ?»

Каспи ЖАХАТОВ, ардагер ұстаз, Мұратсай ауылдық округінің тұрғыны: «АБАЙДЫҢ СЫНЫ – АУЫР СЫН. СОЛ СЫННАН ҚАЙ МІНІМІЗ ТҮЗЕЛДІ?»

Күні кеше Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты баяндамасы шықты. Абай тойының тағылымы айтылып, ақын еңбегін насихаттауға қатысты бірқатар тапсырмалар беріліп, міндеттер жүктелді. «Бәрекелді» дестік.

Хакім Абайдың туғанына 175 жыл толды. Бір ғасырдан астам жыл өтсе де, ақынның сөзі елдің аузында. Естімін деп екі ауыз сөз айтқан қазақ не айтса да Абай сөзін дәйек етеді. «Абай – қараңғы заманда шырақ жаққан шамшырақ. Абайдың өлген күнінен қанша алыстасақ, рухына сонша жақындармыз. Үнемі бұл күйде тұрмас, халық ағарар, өнер-білімге қанар, сол күндері Абай құрметі күннен күнге артылар. Бірінші ақынымыз деп қадіріне халқы жиі-жиі зиярат етер, халық пен Абай арасы күшті  махаббатпен жалғасар» деген Міржақып Дулатовтан асып, не айта аламыз?.. Десе де, «Алаш ардақтылары құрметі күннен күнге артылар деп сенген абыз ақынның сөзін қаншалықты түйсініп оқып, танып жүрміз?» деген сауалмен оқырмандарымызбен ой бөліскен едік.

 

Каспи ЖАХАТОВ, ардагер ұстаз, Мұратсай ауылдық округінің тұрғыны:

«АБАЙДЫҢ СЫНЫ – АУЫР СЫН. СОЛ СЫННАН ҚАЙ МІНІМІЗ ТҮЗЕЛДІ?»

–  2015  жылы Қадыр Мырза Әлидің мерейтойында сұңғыла Әбіштің айтқаны бар. Топ алдына шыққан екі қазақтың бірі  сөзіне халық мақал-мәтелін, Абай мен Қадыр Мырза Әлидің қара сөз, өлең шумағын сөзіне дәйек, ойына тұздық қылады. Оларсыз сөздің қиюы келмейді, мәні ашылмайды. Мектепте алтыншы сыныптан бастап, ақсақал жасқа жеткенше Абайды оқып келеміз. Абайды толық таныдым деп айтуға болмайды. Сөзге дәйек қыламын деп Абайдың қара сөзін, өлең шумағын «жұлмалап, кесіп» алғанмен, тереңіне бойлап жатқанымыз жоқ. Астарына үңіле бермейміз. Біз таныдық деген Абай Айсбергтің судан бетіне шыққан бөлігіндей ғана.  Абайдың қайтқанына да бір ғасырдан астам уақыт өтті. Ал сөзінің, сынының мәні жоғалған жоқ.   Абайдың сыны – ауыр сын. Сол сыннан қай мініміз түзелді? Жас келген сайын, әр оқыған сайын Абайдың ғұламалығына, сұңғылалығына бас иесің.