10.01.2020, 11:06
Қараулар: 209
ЖЫЛДЫҚ ЕСЕП — МЕЖЕЛІ, АЛДАҒЫ ЖОСПАР — АУҚЫМДЫ

ЖЫЛДЫҚ ЕСЕП — МЕЖЕЛІ, АЛДАҒЫ ЖОСПАР — АУҚЫМДЫ

(Бөкей ордасы ауданы әкімі Н.Рахымжановтың 2019 жылы атқарған жұмыстары және алда тұрған міндеттері туралы есебінің тезисі)

 

БЮДЖЕТ

2019 жылы аудандық бюджет 4 млрд. 772 млн. 405 мың теңгені құрады. Жыл қорытындысында бюджеттің шығыс бөлігі 99,2%-ға орындалды. Аудандық бюджетке 394 млн. 702 мың теңге салық түсімдері түсіп, жоспар 131,7%-ға орындалды.

«Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы бойынша келген түрлі сала мамандарына әлеуметтік қолдау шаралары жыл сайын жалғасын табуда. Өткен жылы 39 маманға 7 млн. 575 мың теңге көтерме жәрдемақы төленіп, 20 маманға 68 млн. 335 мың теңге бюджеттік несие берілді.

 

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ

2020 жылдың 1 қаңтарына мүйізді ірі қара мал саны 68 200 басты құраса, қой мен ешкі – 87 608, жылқы – 24 773, түйе – 971 болып отыр. Ірі қараның саны 5,1%-ға, жылқы 8,3%-ға артып, қой мен ешкі – 5,4%-ға, түйе – 4,7%-ға кеміп отыр.

Ауданымызда 523 шаруа қожалық жұмыс атқарып келеді. Аудан шаруашылықтарымен 7178 тонна ет, 13 076 тонна сүт өндірілген, 2018 жылмен салыстырғанда ет өнімі 5,4%-ға, сүт өнімі 0,5%-ға өсті. Өткен жылы мақсатты пайдаланбаған 12 шаруа қожалығының 10 705 гектар жері мемлекет меншігіне қайтарылды. Жаңадан ашылған 15 қожалыққа 15 498 га жер телімі пайдалануға берілді.

«Сыбаға» бағдарламасы бойынша 6 шаруа қожалық Ресейден 166 бас (Боранбаев – 100, Файзхан – 46, Құспан – 20 ангус), Белоруссиядан 378 бас (Нарын – 100, Игнат – 140, Сисенгалиев Р. – 138 ангус) Герефорд және ангус тұқымының қашарларын сатып алып келді. Мұның сыртында «Нарын» шаруа қожалығы мемлекеттік асыл тұқым станциясынан 70 бас Герефорд асыл тұқымды қашарларын сатып әкелді.

Былтырғы жылы 3 шаруа қожалығымыз «асыл тұқымды мал шаруашылығы» мәртебесін алып, аталмыш шаруашылықтардың саны 24-ке жетті («Рауан» шаруа қожалығы — бактриан түйесін, 18 шаруа қожалығы — қазақтың ақ бас сиырын, 1 шаруа қожалығы — ангус тұқымының қашарларын, 2 шаруа қожалығы — Герефорд тұқымының қашарларын, 2 шаруа қожалығы — асыл тұқымды «Көшім» және «Жәбе» жылқыларын өсіреді). Оларда 7125 асыл тұқымды мал басы тіркелген (6074 ірі қара, 771 жылқы, 280 түйе).

2019 жылы мал шаруашылығы өнімдерінің өнімділігі мен сапасын арттыруды субсидиялау бойынша 226 шаруа қожалығына 486 млн. 575 мың теңге төленді.

Есепті мерзімде 639 (0,8%) мүйізді ірі қара және  9 (0,007%) ұсақ малы бруцеллезге шалдықты. 2018 жылмен салыстырғанда ауруға шалдыққан ірі қара саны 15%-ға,  ұсақ малы 65%-ға азайды. Ал түйе мен жылқыда бруцеллез ауруы анықталған жоқ. Ауру малдар  оқшауланып, сою орындарына тасымалданды.

Аудан бойынша 135 мың тонна мал азығы дайындалып, жоспар 100%-ға орындалды. Өткен жылы экспортқа 357 тонна ірі қара малының еті, 40 тонна қой еті және 4 тонна жылқының еті шығарылды.

Былтыр лизингке 33 трактор, 4 «Газель» мен 1 «УАЗ» көліктері және 50  ауыл шаруашылық техникасы алынды. Бұған қоса «Сыбаға» бағдарламасы аясында 1 шаруа қожалығы 2 америкалық «Джон Дир» тракторын сатып алды.

Ауданымызда 517 қыстақ болса, оның 291-і электр жүйесіне қосылмаған. Соңғы жылдарда осы 291 қыстақтың 183-іне энергияның баламалы түрі ретінде күн батареялары орнатылды. Соның ішінде өткен жылы 102 күн батареясы орнатылды. Сонымен қатар,  мал өсіруші шаруашылықтарды сумен қамтамасыз ету жобасы аясында 35 құдық қазылды.

Техникаларың жанартып, күн батареяларын орнатқан және құдықтарын соққан шаруа қожалықтар мемлекеттен 462 млн. 236 мың теңге көлемінде инвестициялық субсидияларын алды.

КӘСІПКЕРЛІК

2020 жылдың 1 қаңтарында ауданда 906 шағын кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Кәсіпкерлік саласында жұмыс жасайтындар саны – 2130 адам. Ауданның шағын бизнес субъектілері 7 млрд. 860 млн. теңгенің өнімін өндіріп, қызметтерін көрсетті, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 13,2%-ға жоғары. 2019 жылы нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы аясында 99 адам 362 млн. 950 мың теңге несие алды (Игілік – 280 млн. 950 мың, Іскер – 82 млн. теңге).

«Бастау бизнес» жобасы бойынша 267 адам оқытылып, оның 17-і шағын несие, 75-і 505 мың теңгеден және 12-і 252 мың  теңгеден ақшалай грант алды. Бұл қаржы мал өсіру, тұрмысқа қажетті қызмет көрсету орындарын ашу және шағын өндіріс орындарын ашуға бағытталған.

«Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында 1 кәсіпкерлік жоба, яғни Сайқын ауылында робототехника және модельдеу бойынша оқытуға  2 млн. теңге көлемінде мемлекет грантына ие болды.

 

ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР

2020 жылдың 1 қаңтарына аудандағы экономикалық белсенді халық саны – 8170 адам,  жұмыссыз адам саны — 314 адам, жұмыссыздық деңгейі — 3,8% құрады. 2019 жылы 808 адам жұмысқа орналасып (бос жұмыс орындарына орналасқан – 599 (оның 195-і уақытша орындар), әлеуметтік жұмыс – 125, жастар тәжірибесі — 84), 333 адам қоғамдық жұмыстарға тартылды. 116 жұмыссыз кәсіби оқуларға жолданды.

Аз қамтылған және көп балалы отбасыларды қолдау бойынша жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек 612 отбасына (2942 адам) тағайындалып, оларға 287 млн. 594 мың теңге төленді. Сонымен қатар,  жергілікті бюджет есебінен аз қамтылған азаматтардың кейбір санаттарына төленетін біржолғы материалдық көмекке 90 көп балалы ана құжат тапсырып, оларға 3 млн. 409 мың теңге қаржылай көмек көрсетілді.

Жаңа бизнес идеяларды іске асыруға аз қамтылған көп балалы отбасылары мен жастардың қатарынан 47 адам 20 млн. 705 мың теңге көлемінде мемлекеттік гранттарға ие болды.

Аудан бойынша 495 мүмкіндігі шектеулі адам бар. Олармен де нәтижелі жұмыс атқарудамыз. 2019 жыл қорытындысымен 1 мүмкіндігі шектеулі жан тұрақты жұмысқа орналасса, 6-уы қоғамдық жұмысқа тартылып, 5 адам әлеуметтік жұмыспен қамтылды. 7 адам өз ісін ашуға  «Еңбек» бағдарламасы арқылы несие алды және 3 адам кәсіптік оқуға жолданды.

БІЛІМ БЕРУ

Ауданның білім беру жүйесінде 18 мектеп, 1 колледж, 4 қосымша білім беру ұйымы, 1 жасөспірімдер спорт мектебі, 4 бөбекжай және 9 шағын орталық жұмыс жасайды.

2020 жылдың 1 қаңтарына аудан бойынша мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылу деңгейі  79% құрап отыр.

2019-2020 оқу жылында 517 педагог қызмет етіп, 2512 оқушы білім алуда.  13 жас мұғалім тұрғын үй алуға бюджеттік несие алды.

2019 жылғы түлектердің 138-і немесе 85%-ы тестілеуге қатысып, ауданның жалпы орташа көрсеткіші 72 баллды құрады. 18 оқушыға «Алтын белгі», 3 түлекке «Үздік аттестат» берілді. 68 мектеп бітіруші (49%) грант иегері  атанды.

1-4 сынып оқушылары және аз қамтылған отбасының балалары 100% ыстық тамақпен қамтамасыз етілуде. Жалпы оқушыларды ыстық тамақпен қамту көрсеткіші 80,3%.

2019 жылы оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыруға 5 млн. теңге қаржы бөлінді. 2018 жылы қаңқалы-модульдік бассейндер «Арай» және «Болашақ» лагерлеріне, 2019 жылы Б.Жәнекешев, Қ.Сағырбаев мектептеріне сатып алынды. Астана, Шымкент қалаларының және Ресей елінің Волгоград қаласының тарихи орындарына 112 бала барып саяхаттап келді.  Сонымен қатар Италияға аз қамтылған отбасынан 2 оқушы,  Көкшетау қаласындағы «Бурабай» курортына 14 оқушы барып демалып келді. Жалпы биыл 2298 оқушы (100%) демалыс және сауықтыру лагерьлерінде демалды.

Білім беру мекемелері ғимараттарының күрделі жөндеуі кезек-кезегімен жүргізіліп келеді. Соңғы 5 жыл ішінде 18 мектептің 6-уы күрделі жөндеуден өтті. Биылғы жылы М.Мәметова мектебін күрделі жөндеуден өткізуге республикалық бюджеттен 269 млн. 972 мың теңге бөлінді. М.Бегалиева  орта мектебін, аудандық туризм орталығын, Тайғара бастауыш мектебін, «Ақбота» балабақшасын және Б.Жәнекешев мектебі жанындағы интернатты күрделі жөндеуден өткізу жұмыстарының ЖСҚ-лары әзір. Аудан қаражаты есебінен Бөрлідегі «Балдәурен» балабақшасы жәй жөндеуден өтті.

2018 жылы газбен қамтылған елді-мекендердегі әлеуметтік нысандарды газге қосу жұмыстары өткен жылы да жалғасын тапты. Есепті мерзімде Ш.Жексенбаев, Т.Масин мектептері және «Балдәурен» балабақшасы көгілдір отынға қосылды.

Білім саласын цифрландыру бойынша біркелкі жұмыстар атқарылуда. Мектептердің интернетпен қамту деңгейі 100%-ды құрап отыр. 7 мектеп «Kundelik.kz» электронды журналы жүйесіне қосылған (2019 жылы 5 мектеп қосылды). Оқушылардың білім сапасына, білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға баса назар аударылып келеді. 4 мектепте заманауи робототехника кабинеттері жасақталған. 2018 жылы аудан орталығындағы М-С.Бабажанов мектебінде IT сынып ашылса, өткен жылы Жәңгір хан мектебінде жасақталды. Сонымен қатар М.Бегалиева мектебіне жаңа УАЗ автокөлігі,  аудандық туризм орталығына балаларды тасымалдауға «Газель» автокөлігі алынып берілді.

Халыққа қажетті құжаттарды дер кезінде дайын етіп, сапалы қызмет көрсете білу қай кезде болсын ең маңызды мәселе. Бұл бағытта М.Мәметова, М-С.Бабажанов мектептерінде 1-сыныпқа қабылдау қызметі, «Ер Төстік», «Салтанат», «Балдәурен», «Ақбота» балабақшаларында балаларды тіркеу және жолдама беру қызметі автоматтандырылды.

Бөкей ордасы колледжінде «Автомобиль жүргізушісі», «Ауылшаруашылық өндірісіндегі тракторист-машинист», «Аспазшы», «Сандық ақпараттарды қайта өндеу маманы», «Өндеу құрылыс жұмыстарының шебері», «Сатушы» мамандықтары бойынша 126 студент білім алуда. Колледж жанындағы жатақханада 21 студент тәрбиеленуде. Түлектердің жұмысқа орналасу деңгейі — 96%.

ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ

Ауданымызда 18 нысан тұрғындарға медициналық қызмет көрсетуде. Онда 28 дәрігер және 124 орта буынды медициналық қызметкер жұмыс жасайды.

Былтырғы жылы туылған сәби саны – 266, қайтыс болған адам саны – 101, табиғи өсім – 165 адамды құрады.

2018 жылы емханаға цифрлы рентген, жоғары  сапалы УЗИ аппараттары алынса, өткен жылы электронды флюроаппарат, наркоз аппараты және басқа да құрал-жабдықтар сатып алынды. Сонымен бірге 2 жаңа жедел жәрдем автокөлігі пайдаланылуға берілді (Саралжын, Ұялы).

Медициналық қызметтің сапасын арттыру электрондық денсаулық сақтау саласын дамытуды және қағазсыз құжат айналымына көшуді талап етеді. Бұл салада да тиісті жұмыстар жүргізілуде. Осылайша, медициналық құжаттарды қағазсыз жүргізуді енгізу аясында емхана пациенттің медициналық картасының электрондық нұсқасына толығымен көшті. «К врачу» мобильді қосымшасы арқылы дәрігердің қабылдауына жазылу және дәрігерді үйге шақыру енгізілді, бұл кезекте тұруды азайтуға және пациенттерге қызмет көрсету сапасын жақсартуға мүмкіндік берді.

Былтырғы жылы аудандық бюджет есебінен Ұялы ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пункт ғимаратын күрделі жөндеуге жобалық-сметалық құжаты дайындалып, Саралжын ауылындағы дәрігерлік амбулаториясын, Бөрлі ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пункті мен 4 медициналық пунктті газдандырылды (Шоңай, Жиекқұм, Жетібай, Көктерек).

 

МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ

Аудан бойынша  13 мәдениет үйі мен клуб, 10 мектеп жанындағы спорт зал, 1 спорт мектебі, 22 кітапхана мен 1 тарихи-мұражай кешені халыққа қызмет көрсетуде. 2019 жылы 808 мәдени-көпшілік және 189 спорттық шара өткізілді.

Баршаңызға белгілі ауданымыздың мақтанышы Хан Ордасы ауылындағы тарихи музейіміз халыққа қызмет көрсетіп келеді. 2019 жылы музейімізді 15 мыңға жуық адам тамашалады. Оған қоса музейдің қорына 275 экспонат қабылданып, ақын Шәңгерей Бөкеевтің әдеби мемориалдық музейі және Жәңгір ханның екі құдығы ашылды.

Қазіргі таңда Бисен ауылында жаңа мәдениет үйінің құрылысы үшін жобалық-сметалық құжаттама жасау жұмыстары басталды.

Соңғы жылдары барлық округтерде жасанды жабыны бар заманауи футбол алаңдары салынды, былтыр аудандық балалар спорт мектебіне және бұрын салынған 4 футбол алаңына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұған қоса биылғы жылы КПО б.в. компаниясының қаржысына Сайқын ауылында 160 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жоспарлануда.

РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ

Ауданымызда 2019 жылы «Рухани жаңғыру»  бағдарламасы  аясында  аудандық және ауылдық деңгейде 142 шара өтті. Оның  ішінде  «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасы бойынша 64 шара, «Рухани қазына» кіші бағдарламасы бойынша 57 шара, «Қазақ тілінің латын әрпіне көшуі» арнайы жобасы бойынша 21 шара оздырылды. Жалпы шаралар 16 мың 200 адамды қамтыды. «Ақпарат толқыны» кіші бағдарламасы аясында 309 материал жарық көрді, атап өтсек облыстық  телеарнада – 14, аудандық газетте – 105, әлеуметтік желілерде – 190 материал жарияланды. «Атамекен»  кіші  бағдарламасы  бойынша меценаттардың  демеушілігімен  2019 жылы құны  14 млн. теңгеге аудан бойынша 19 жоба іске асты. Олардың ішінде ірі жобаларды атап  айтатын  болсақ:  Бөрлі, Саралжын ауылдарында мектепшілік  музей жасақталуы, Мұратсай, Ұялы ауылдарындағы жаңа балалар ойын алаңдары.

ЖАСТАР САЯСАТЫ

Жастар жылы аясында елімізде жүзеге асқан «Zhas project» жобасымен бір миллион теңге қайтарымсыз қаржы ұтқан іскер жастырымыз 27 әлеуметтік жобаны жүзеге асырды. «Жас кәсіпкер» бағдарламасы аясында 40 жас 20 млн. 200 мың теңге көлемінде мемлекеттік гранттарға ие болды. Олардың ішінде: табиғи сүт өнімдерін шығару, құс шаруашылығы, таңдыр нан өнімдерін пісіру наубайханасы, кір жуу қызметі,  кондитерлік цех, фотосалон,  дыбыстық жазу, автокөлік жуу, шаштараз және т.б. Сонымен қатар сайқындық жас кәсіпкердің өз бастамасымен аудан орталығында суши мен пиццаны жасап, жеткізу қызметі ашылды.

 

ҚҰРЫЛЫС ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ

Соңғы 2 жылда үй саламын деген тұрғындарымызға толықтай инженерлік инфрақұрылымдарымен қамтылған 67 жер учаскесі берілді. Есепті мерзімде жеке тұрғындармен жалпы көлемі 4888 шаршы метрді құрайтын 24 тұрғын үй іске қосылды, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 41%-ға көп.

Аудан орталығында 16 екі пәтерлік тұрғын үйдің  құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Баспаналы болғандардың қатарында көпбалалы 14 отбасы, әлеуметтік осал топ санатындағы 8 отбасы, тұрғын үйі апатты жағдайда деп танылған бір отбасы бар. Бұлардан басқа мемлекеттік қызмет және бюджеттік саласының бес маманы мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған 4 жерлесімізге пәтер кілті табысталды.

Бұған қоса аудан орталығында қажетті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымы бар тағы 26 екі пәтерлік және  Хан Ордасы мен Бисен ауылдарында 4 екі пәтерлік тұрғын үйлердің құрылыстарына жобалық-сметалық құжаттамалар әзір. Сондай-ақ, Сайқын ауылында екі қабатты 12 пәтерлік үйдің құрылысына ЖСҚ дайындалуда.

СУМЕН ҚАМТУ

2017-2018 жылдары 8 ауыл таза ауыз суға қосылса, өткен жылы Тайғара мен Үштерек ауылдарына су жаңа құбырлары салынды. Нәтижесінде таза ауыз сумен қамтылған ауылдар саны 16-ға жетіп, аудан тұрғындарын таза ауыз сумен қамту көрсеткіші 82%-ды құрады.

Биылғы жылға Шоңай ауылындағы су құбыры құрылысына 198 млн. 473 мың теңге бөлініп, ауыз су тарту жұмыстары жалғасуда.

АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ

Аудан  бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 385 шақырым болса, оның республикалық маңызы бар автожолдар – 124 км, облыстық – 116 км, аудандық – 145 км. Республикалық жолдың 103 шақырымын күрделі жөндеуден өткізу бойынша конкурстар аяқталып, 50 шақырымның мердігері «Атырау жолдары» ЖШС-і, 53 шақырымның  «Ақ Жол Құрылыс» ЖШС-і болып анықталды. Бұл мекемелер әзірлік жұмыстарын бастап кетті.

Бисен ауылының кірме жолына асфальт жабынды төсеу үшін ЖСҚ дайындалуда. Саралжын ауылына баратын 26 шақырым жолдың қажетті учаскелеріне қиыршық тастар төселді.

Жалпы 16 шақырымды құрайтын Сайқын (15 көше) және Хан Ордасы (2 көше) ауылдарының көше жолдарына асфальт төсеу жұмыстарына ЖСҚ-лар әзір.

ИНТЕРНЕТ

«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында 11 елді мекенге талшықтық-оптикалық байланыс желiлерін қосу жұмыстары жоспарлы жүргізілуде (Сайқын, Жәрмеңке, Хан Ордасы, Сейітқали, Бисен, Жиекқұм,  Көктерек, Мұратсай, Бөрлі, Ұялы, Саралжын). Осы жұмыстардың нәтижесінде тұрғындарымыз сапалы интернетпен қамтамасыз етіледі.