10.01.2020, 10:45
Қараулар: 191
МЕРЕЙІ ТАСЫҒАН МЕРЕЙЖАС ИЕЛЕРІ

МЕРЕЙІ ТАСЫҒАН МЕРЕЙЖАС ИЕЛЕРІ

Ауданға есімі елеулі ақсақал Иран Дәуленов 80-ге толды. Аудан әкімдігінде мерейтой иесіне құрмет көрсетілді.

Осы бір айтулы күнде мерейтой иесін аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов, облыстық жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары басқармасының басшысы Медет Шақаев, аудандық мәслихат хатшысы Ерболат Танатов, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мейрамбек Аққалиев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Иманбай Машотов және ағамыздың үзеңгілестері құттықтап, құрмет көрсетті.

Мерейтой иесінің иығына шапан жабылып, облыстан арнайы келген БҚО жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары басқармасының басшысы Медет Махамбетұлы облыс әкімінің құттықтау хатын табыстады.

Иран атамыз да өз кезегінде ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.

***

Сонымен қатар, ауданы әкімі орынбасары Лариса  Қайырғалиева, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Асқар Әжіғалиев және Сайқын ауылдық округінің әкімі міндетін уақытша атқарушы Нұргүл Омарова Күләш Ғұмарованың шаңырағына арнайы барып, мерейлі 80 жасымен құттықтап, құттықтау хат пен естелік сыйлықтар табыстады. Күләш Қабдоллақызы қыздарын қияға, ұлдарын ұяға қондырған көпбалалы асыл ана. Кезінде түрлі қоғамдық қызмет орындарында жұмыс жасаған. Бүгінде сол еңбегінің зейнетін көріп отырған ананың қуанышымен бөлісті.

***

Аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева бастаған бір топ лауазымды тұлғалар ұзақ жылдар аудандық ауруханада медбике қызметін атқарған, сондай-ақ ауданның мәдени әлеуетінің дамуына зор үлес қосқан Галина Дүйсенованы мерейлі жетпіс жасымен құттықтай барды. Айта кетелік, Галина Мұқасқызы негізгі қызметімен қоса халық аспаптар оркестрінің солисті ретінде де ордалық ағайынға жақсы мәлім.

– Сіз әсем дауысыңызбен тек ордалықтарды ғана емес, кезінде Мәскеу, Германия жұртшылығын да тәнті еткен жансыз. Ел осынау еңбегіңізді ұмытқан емес. Саналы ғұмырыңызды медицина саласына арнасаңыз да, жаныңыз өнермен үндес. Деніңізге саулық тілейміз,- деп тілегін жеткізді аудан әкімінің орынбасары.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ