12.12.2019, 17:39
Қараулар: 253
ЖЕЛТОҚСАН ЖЕЛІ, ТОҢДЫРДЫ МЕНІ…

ЖЕЛТОҚСАН ЖЕЛІ, ТОҢДЫРДЫ МЕНІ…

1986 жыл. 16 желтоқсан. Тарихта қалған бұл айтулы күн «қазақпын» деген ұлтжандыны бейжай қалдырмайтын қасиетті де, азалы күн. Осы айтулы күнде алаңнан табылғандар қатарында ордалық оғландарымыз бен аруларымыз да болған еді. Ұлт үшін ұлық күнде желтоқсаншы аға-апаларымызды сөзге тартқан едік. Көзайым болыңыз!

Шолпан ХАЙРУШЕВА

Желтоқсан оқиғасы қанды, қастерлі оқиға. Жүрек шымырламай, еске алу еш мүмкін емес. Әлі күнге көз алдымда. Бейкүнә, еш пәле, қатер күтпестен алаңға жиналған жастар аяусыз жазаланды. Соққы астында қалды, аязды күні өрт сөндіру машиналарынан шашылған мұздай суға малшынды, ол ол ма, мерт болды… Отаным деп сенген, өз елім деп сенген жастар өз Отанынан, өз үкіметінен, өз әскерінен соққы алды, ажал құшты. Осы қасіретті оқиға, азалы күндер әлі күнге өз бағасын алған жоқ. Ал сол қасіретті үш күнгі шеру бүгінгі Тәуелсіздігіміздің бастауы болды. құрбандықпен келген Тәуелсіздіктің бағасын білеміз бе? Мен үшін 16 желтоқсан мейрам емес. 16 -21 жастарында еш күнәсіз ажал құшқан марқұмдардың, қудалауға түсіп, армандары іске аспаған, сол алаңнан алған соққының, қорлықтың зардабын әлі күнге тартқан мүгедек азамат, ұрпақсыз аналар үшін қаралы күн.

Мен де сол күні алаңда болдым. Ол кезде мектеп бітіріп, қалаға жаңа барған бойжеткен кезім. Қ.Сәтбаев атындағы политехника институтының І курс студенті едім. Арман қуып барған Алматыдан сол алаңға барғаным үшін ауылға кері қайттым. Қанша уақыт өтсе де сол кездегі куә болған, көз көргенді айту кез келген желтоқсаншы үшін аса ауыр. Жүрегің ауырады…