15.06.2018, 15:38
Қараулар: 479
Халықаралық экспедиция Хан ордасында

Халықаралық экспедиция Хан ордасында

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің 55 жылдығына орай жасақталған халықаралық экспедициясының Атырау облысының Индер ауданына дейінгі жолды қамтитын сапарлары  бойынша  (Орал қаласы – Тасқала – Индер – Аралсор көлі – Хан Ордасы – Орал) Хан ордасы ауылына келді. Ондағы мақсаттары – ауданымыздағы Аралсор көлі мен Орда орманын кешенді түрде зерттеп, табиғи және тарихи нысандар жөнінде нақты ғылыми мәліметтер жинақтау.

Қазақстандық және ресейлік ғалымдардан тұратын топтың құрамында «Қазақстан ұлттық географиялық қоғамы» РҚБ мүшесі, география ғылымының кандидаты, профессор, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің биотехнология және табиғатты пайдалану ғылыми-зерттеу институтының директоры Қажымұрат Ахмеденов, тарих ғылымдарының кандидаты, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің аға оқытушысы Есқайрат Хайдаров, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің биотехнология және табиғатты пайдалану ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері, эколог-магистр Еркін Ахметов,  Ресей ғылым академиясы Волжск бассейні экология институты герпетология және токсинология зертханасының аға ғылыми қызметкері Андрей Бакиев, Астрахан мемлекеттік университетінің магистрі, орнитолог Михаил Шпигельман бар.

Киелі өңіріміздің тарихын зерттеп, зерделеуге келген қонақтар Бөкей ордасы тарихи-музей кешенінде ауыл жастарымен кездесіп, өлкемізге қатысты жаңалықтарымен бөлісті, жастар тарапынан қойылған сұрақтарға тұшымды жауаптар қайтарды. Сондай-ақ, Орда орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің жұмысымен танысып, «Жасыл ел – 2018» еңбек жасақтарының алғашқы маусымының ашылу салтанатына қатысты. Биыл жазда мұнда екі кезеңмен 40 студент еңбек етпекші. Орда орман шаруашылығы мекемесінің директоры Бауыржан Мырзағалиев ашқан бұл шарада жастармен жұмыс жөніндегі аудандық ресурстық орталық басшысы Исатай Құрмашев өткен жылы нәтижелі еңбек еткен сарбаздарды марапаттап, биылғы қатысушыларға жасылелдіктердің туын салтанатты түрде табыс етті. Әрі туған өлкені көркейтіп, гүлдендіру жұмыстарына сәттілік тіледі.

 Ернар ШАКЕНОВ.

жастармен жұмыс жөніндегі

аудандық ресурстық

орталықтың маманы.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар