15.06.2018, 15:32
Қараулар: 421
Жемқорлық – індет, жою – міндет

Жемқорлық – індет, жою – міндет

Елбасымыз Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауында көрсетілген «Жемқорлықпен күрес және заңның үстемдігі» жөніндегі тапсырмаға орай, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі қабылдаған «Адал жол – Честный путь» атты сыбайлас жемқорлыққа қарсы республикалық марафоны Бөкей ордасына да келіп жетті.

Құрамында Жаңақала ауданы әкімінің орынбасары Жасұлан Нұрғожин, ішкі саясат бөлімінің басшысы Қалаубек Теміров, жастар ісі жөніндегі ресурстық орталықтың басшысы Жақсылық Қайрелов бар делегацияны аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов бастаған топ Сайқын ауылының кіре берісінен қарсы алды. Одан әрмен көк байрағымыз бен акцияның ресми туын желбіреткен автошерушілерге қосылып, күйшілер аллеясына ат басын тіреді. Аталмыш алаңда Нұрлан Сағынтайұлы жиналғандарға «Адал жол Честный путь» жобасы аясында онкүндіктің бастау алғанын хабарлап, қоғамды жегідей жеген індетпен күрес баршаға ортақ іс екеніне тоқталды. Одан кейін сахнаға көтерілген Жасұлан Сәкенұлы әр азаматты патриоттық сезіммен туған еліне, жеріне адал қызмет етуге шақырып, акция туын аудан әкіміне табыстады. «Нұр отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Тілеген Арыстанбеков бөкейордалықтардың жемқорлықпен күреске жаппай үн қосатынына сенім білдірді.

Салтанатты рәсімнен соң мекеме қызметкерлері мен жасөспірімдер тізгіндеген велошеруге старт беріліп, демалыс орталығының өнерпаздары Жоламан Сисенғалиев пен Миллат Насыров әннен шашу шашты. Айта кетейік, осынау акция аясында ауданымызда түрлі басқосулар, спорттық жарыстар, т.б. шаралар оздырылып, одан әрі ту ресми түрде Жәнібек ауданына табысталмақ.

Арайлым ЕСМАҒҰЛОВА.