13.06.2018, 17:09
Қараулар: 339
Ресей сахнасында – бөкейліктер

Ресей сахнасында – бөкейліктер

«Өнер өрге жетелейді» дейді дана халқымыз. Бұл сөздің ақиқатына Ресей Федерациясының көршілес Астрахан қаласында өткен «Ауыл шаруашылық жәрмеңкесінде» куә болғанбыз. Онда біз Волгоград облысы делегациясы құрамында өнер көрсеттік.

Дагестан, Калмыкия, Қарачай-Черкеш, Қарақалпақ, Адэгей, Шешен, Ингуш республикаларымен қатар, Ростов, Астрахан облыстарынан сынға түскен командалар арасында волгоградтық делегацияның біздің ұлтымызды дәріптеуі, яғни, қазақ елінің әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, өнері мен тірлігін насихаттауы тіптен құптарлық. Сөйтіп, Астрахан шаһарының төрінде алты қанатты екі киіз үй құрылып, біріншісінде қазақтың ұлттық киімдері, зергерлік, аңшылық бұйымдары, ыдыс-аяқтары қойылып, сандық үстіне төсек орындар жиналды, еденге оюлы киіздер мен теру алашалар төселді. Екіншісінде Волгоград облысының тарихы көрініс тауып, сол өңірдің ауыл шаруашылық ардагерлері суреттері ілінді, слайд та көрсетілді.  Сонымен қатар, онда бөкейлік өнерпаздар, нақтырақ айтсам, әріптесім Жасұлан Абаханов, аудандық демалыс орталығының қызметкерлері Ринат Машотов пен Арман Әршімов өз өнерлерін ортаға салды. Алдыңғы үйде Жасұлан екеуіміз біріміз домбырада, біріміз қыл қобызда күй шертсек, келесісінде Ринат пен Арман дәстүрлі әндерді қалықтатып, көрермендердің зор ықыласына бөленді. Осылайша, волгоградтық делегацияның бұл жолғы жеңісіне қазақтың ән-жырымен бөкейліктер де өзіндік үлесін қосып, олар аталмыш жәрмеңкенің жеңімпазы атанды. Яғни, жүлдеге тігілген «Нива» автокөлігін волгоградтықтар иеленді.

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған іс-сапар екі елдің достығын нығайтып, мәдениетімізді Ресей сахнасында кеңінен дәріптеді.

Жасмина ҚАБДЕНҒАЛИЕВА,

аудандық балалар саз мектебінің ұстазы.

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.