29.05.2018, 10:06
Қараулар: 267
Соңғы қоңырау сыңғыры

Соңғы қоңырау сыңғыры

Дәстүрлі соңғы қоңырау шарасы биыл да аудан бойынша сән- салтанатымен аталып өтілді. Оқу жылын 2439 оқушы бітірсе, оның 157-сі білім ұясынан түлеп ұшпақ. Айта кетелік, жеті ұл-қыз «Алтын белгіден», тоғыз түлек «Үздік аттестаттан» үміткер. Ал, ҰБТ тапсыруға 104 мектеп бітіруші өтінім берген.

Ескерте кетер жайт, ұлттық бірыңғай тестілеу форматында еш өзгеріс жоқ. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстан Республикасы Білім және ғылым вице-министрі Асхат Айтмағамбетов мәлімдеген-ді. Яғни, сынақ емтиханы былтыр қабылданған жаңа формат негізінде өткізіледі. Оның бірі – қорытынды аттестаттау болса, екіншісі – ұлттық бірыңғай тестілеу.

Сондай-ақ, әр жылдары бітірген мектеп түлектері туған жерге тағзым етіп, субұрқақ, билбордтар орнатып, стрик уорк-аут жаттығу қондырғыларын тарту етіп, жерлестерінің қуанышын еселеді. Аталмыш нысандардың ашылуына аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов, т.б. аудан атқамінерлері куә болып, игі істердің жалғасын таба беруіне тілектестіктерін білдірді.

Жылдағы дәстүр бойынша бөкейлік шәкірттерді құттықтауға облыстан білім басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Сабыров, ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлыбек Даумов пен энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Шарафутдиновтер арнайы келіп (Саралжын, Хан ордасы, Жиекқұм ауылдарына), өздерінің жүрекжарды лебіздерін айтып, қасиетті де киелі туған өлкелерінің мақтаныштары бола берулерін тіледі.

Осылайша, түлектерді қияға қанат қақтырған тағы бір соңғы қоңырау сыңғыр қақты. Сәт сапар, жас түлек!

Арайлым ЕСМАҒҰЛОВА.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар