29.05.2018, 10:00
Қараулар: 103
«MEN QAZAQPYN»

«MEN QAZAQPYN»

MEN QAZAQPYN» телевизиялық мегажобасының желбіреген жалауы кеше бізге де жетіп, екінші маусымының аудандық іріктеуін оздырды.

Осынау ауқымды жобаның жүзеге асуына жәрдемдесіп жүрген облыстық халық шығармашылығы орталығының бөлім басшысы, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Есенгелді Молдағалиев, «AQJAIYQ» телеарнасының бас редакторы, мәдениет саласының үздігі Гүлмира Тілеубаевалар үлкен-кішілі өнерпаздардың шеруін тамашалап, ауданымыздың атқамінерлерімен бірге «Күйшілер» саябағындағы есімдері қалың қазаққа әйгілі Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина, Сейтек сынды дала дарындарының ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Сонымен қатар, аудандық саз мектебі тәрбиеленушілерінің «Домбыра party» шарасына куә болды.

Ұлттық өнерімізді дәріптеп, шын таланттарды анықтауға арналған «MEN QAZAQPYN» додасына 18 бен 40 жас аралығындағы 14 үміткер қатысты.

Сөйтіп, дәстүрлі әнді әуелетіп, терме айтып, күй тартудан сынға түскен өнерпаздардың арасынан «Дәстүрлі әнде» ордалық Нұрлан Тұрәлиев пен сайқындық Гүлжанар Айтмағамбетованың, «Күй» аталымында сайқындық Саида Әжіғалиева мен саралжындық Нұрлыбек Қазиевтің асығы алшысынан түсіп, облыстық кезеңге жолдама алды.

Жеңісті күндеріңіз көп болсын, жерлестер!

Раушан ЖАНАТҚЫЗЫ.