29.05.2018, 9:49
Қараулар: 211
Нарынның нар ұлдары

Нарынның нар ұлдары

Бисен ауылында кезінде кеңшардың бөлімше зоотехнигі болған, студент шағында күреспен айналысып, 1970 жылы КСРО универсиадасы чемпионы тұғырына көтерілген Бекболат Құбиевті (1948-1988) еске алуға арналып, қазақ күресінен облыстық турнир (көршілес Жаңақала, Жәнібек аудандары мен Сайқын, Ұялы, Мұратсай, Бисен ауылдарының палуандары қатысымен) оздырылды.

Бұдан оншақты жыл бұрын жеке кәсіпкер, спорт жанашыры Ермек Меңдешевтің демеушілігімен қолға алынған шараның қайта жандануына мұрындық болған ауыл әкімдігі мен Қайролла Сабыров, Шынтемір Лайықов, Ермек Меңдешев, Арон Кәукешев сынды қалталы азаматтар.

Турнирдің ашылу салтанатына аудан әкімі Н.Рахымжанов, орынбасары Р.Зұлқашев, мәслихат хатшысы Е.Таңатов, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Т.Арыстанбеков, мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысы Ә.Айтқалиев сынды басшылармен қатар Орал қаласынан Бақтияр Баймырза (доғарыстағы полковник), Ермекқали Құрманғалиев, Жеңіс Бисенбаев, Ермек Қазиев, қазақ күресінен еліміздің абсолюттік чемпионы болған жаңақалалық Жайсаң Есенов, Зарлық Мусин сынды сыйлас іні, құрбы-дос, бозкілемде бірге жаттыққан командаластары мен құрдастары, әріптестері, тума-туыстары, жалпы ауылдастары көп жиналды.

Аудан әкімінің алғысөзінен кейін, ауыл әкімі Қ.Саматов қонақтарға қош келдіңіздер айтып, ардагерлер кеңесі төрағасы Қ.Сабыров Бекболат Құбиевтің өмірбаянымен таныстырды. Бозкілемнің шаңын бірге қағысқан командаласы Ермекқали аға досының Орынбор, Алматы, Орал, Павлодар қалаларындағы жеңістерін, универсиада чемпионы атанғанын еске түсірсе, Ермек Еселұлы құрбысының жан-жақты талант иесі, шебер домбырашы, әп-әсем ақындығы барын, ал, Жеңіс Бисенбаев өз ісінің білгір маманы екенін, Зарлық Мусин адамгершілігінің молдығын сөз етті. Бөкеңнің ұлы Абзал мен қызы Шынар ұйымдастырушыларға, демеушілер мен жақын-жуықтарына, барша бисендіктерге шексіз ризашылықтарын білдірді.

Кешікпей төреші ысқырығы жарысқа қатысушылардың белдесуі басталғанын паш етіп, өгіз, түйе палуандар да күш сынасты. 30 келі салмақта тиісінше жеңіс тұғырына жәнібектік Әлижан Рахмошев, сайқындық Асылжан Қажыбаев, жаңақалалық Мирас Қуанышқалиев көтерілсе, 32-де салмақ дәрежесіндегі жүлделерді толықтай жаңақалалық бапкер Жайсаң Есеновтің шәкірттері Нұржан Әлиев, Ерасыл Ижанов, Әлішер Лұқпанов еншіледі. 35 келіліктерде бисендік Мерей Жемісов (бапкері Н.Құрақов), сайқындық Әділ Бұрқан, жәнібектік Думан Мұсаның, 38-де жәнібектік Саят Нұрсұлтан (бапкері Е.Темірәлиев), жаңақалалық Иман Қадыров, бисендік Қуанышбек Сабыровтың, 42-де жәнібектік Айдар Есенболат, сайқындық Ернұр Ержан, бисендік Мерхан Қабылқақтың, 46-да Медет Мақсот (бапкері Т.Жұмағазиев), жәнібектіктер Әлімжан Жұмағалиев пен Манас Ережеповтің мерейлері үстем болды. 50-де жәнібектік Дарын Асқаров, сайқындық Думан Ғиззатов, мұратсайлық Оралбек Файызхан, ал, 50-ден жоғары салмақта сайқындықтар Эльдар Сатқанов, Нұрлат Сұлтанияров, Асылжан Бауыржан өзгелерге дес бермеді.

«Өгіз палуандар» арасында сайқындық Нұрбек Ғазезов, жәнібектік Сырым Бәйісов, бисендік Дулат Еділбаевтың, «түйе палуанда» жаңақалалық Ақжол Қатапов, сайқындық Баймырза Меңдешев, жәнібектік Ниязбек Оңайәлиевтің жолы болды. Жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар, медальдар мен дипломдар табысталды.

Сөз соңында Бекболат Құбиевтің өмірдерегінен қысқаша мәлімет беруді жөн көрдік. Ол мал дәрігері болған Құби Сұлтанов пен Нәсила Еркінәлиеваның отбасындағы 5 ұл, 4 қыздың Ғиният, Ерболат, Қалиматтан кейінгі төртінші ұл. Ағалары да, қарындастары Қалима, Жаңылсын, Ақлима да домбырада күй тартып, ән салатын өнерпаз жандар. Білім ұясы есігін Бөрлі ауылынан ашып, 3-8-сыныпты Большевик орталау мектебінде оқыған Бекболат кәмелеттік аттестатты Жәнібек орта мектебінен алып, 1966 жылы Орал ауыл шаруашылық техникумына түседі. Осында бапкер Ганышев Николай Васильевичтен еркін күрестің айла-тәсілдерін үйренеді. Бала кезінен ат құлағында ойнап, тез қимылдап, шапшаңдылығымен танылған ол облыстық, республикалық жарыстарда 48 келі салмақ дәрежесінде сынға түсіп, үлкен табыстарға жетеді, спорт шеберлігіне кандидат атанады. «Бисен» совхозының Жамбыл, Көктерек, Жиекқұм бөлімшелерінде зоотехник болып, абыройлы қызмет атқарады. 1970 жылы мұғалім Әлия Кәрімовамен отбасын құрып, 3 ұл, 5 қыз тәрбиелеп өсіреді. Өмірден озғанына да биыл – 30 жыл.

«Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, өлмейтұғын артында із қалдырған» деп ақын атамыз жырлағандай, артында жоқтаушысы, ағайындары мен ұрпағы барда Б.Құбиевтің өмірі, адамгершілік қасиеті мен спорттық жетістіктері дәріптеліп, ауылдастарының қолдауымен жалғасын таба бермек.

Екатерина МӨКЕШЕВА.