15.03.2018, 16:56
Қараулар: 485
Халық денсаулығы – ел байлығы

Халық денсаулығы – ел байлығы

Елімізде 2015 жылдың 16 қарашасында «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) туралы» заң қабылданып, 2016 жылдың қыркүйек айында қаржы ресурстарын жинақтайтын әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (ӘМСҚ) құрылғаны баршаға мәлім. Сақтандырылған азаматтардың жынысына, жасына, әлеуметтік жағдайына, тұрғылықты жеріне, табысына қарамастан, медициналық және дәрілік көмекке тең қолжетімділікті қамтамасыз ететін мемлекеттік МӘМС жүйесінің 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілетінен де жұртшылық хабардар. Қазір барлық жерде де жүйе туралы, оның қорына жарна аудару, кімдер үшін жарнаны мемлекет төлейтінін, өзге де туындаған сұрақтарға жауап беру, түсінік жұмыстарын жүргізу кең етек алуда. Құрамында коммерциялық емес «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» акционерлік қоғамы облыстық филиалының бөлім басшысы Қуаныш Сансызбаев, облыстық еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Арман Тұйғынбетов, облыстық ішкі істер департаментінің көші-қон полициясы басқармасы бастығы, полиция полковнигі Ертас Бисенов бар облыстық түсіндіру тобы аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында жиын өткізді. Оған аудан әкімі аппаратының жауапты қызметкерлері, мекеме басшылары, ауылдық округ әкімі, колледж, орта мектеп директорлары, үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері, ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Жиналысты аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева ашып, жүргізіп отырды.

Кезек-кезек мінбеге көтеріліп, күн тәртібіндегі мәселені егжей-тегжейлі баяндаған Қуаныш Боранбайұлы, Арман Орашұлы, Ертас Бересұлы жалпы азаматтардың тұрғылықты жері бойынша да, медициналық мекемеге де тіркелулерінің, жұмысшы-қызметкерлердің еңбек шартын жасасуларының міндеттілігін атап көрсетіп, әр тұлғаның мәртебесін анықтаудың маңыздылығына тоқталды. Аталмыш заңды, қордың жұмысын қарапайым тілмен ұғындырып, біраз мәліметтерді келтірді. Қойылған сұрақтарға жауап қайтарды.

Жиынды қорытындылаған Лариса Тельманқызы МӘМС-тің артықшылықтарын саралап, жиналғандарды өз білгендерін әріптестерімен, көршілерімен бөлісіп, насихат ісіне араласуға шақырды.

Дәулет ӘЛИЕВ.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар