30.01.2018, 16:53
Қараулар: 525
Жақсының аты өлмейді

Жақсының аты өлмейді

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Аудандық мәдениет үйінде кітапханашылардың ұйымдастыруымен тарихы бай шежірелі өлкемізден шыққан танымал азаматтардың бірі һәм ақын Нұрхат Шәріпқалиевке арналған «Нарыным – нар тірегім» атты еске алу кеші өтті.

Н.Шәріпқалиев 1939 жылдың қаңтар айында қазіргі Атырау облысына қарасты Ноғайбай ауылында дүниеге келген. Орда механизация училищесін бітіріп, М.Мәметова атындағы кеңшарда механизатор болып еңбек жолын бастайды. Кейін Орда ауылында автомобиль жүргізуші болған. 1972 жылдан бастап аудан көлеміндегі айтыстарға қатысып, жүлдегер де атанған. 1989 жылы «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған ол ауданның құрметті азаматы да болды. Ақынның 2008 жылы «Нарыным – нар тірегім» атты өлеңдер жинағы жарық көргені және бар.

Аталмыш кеште М.Мәметова және М-С.Бабажанов атындағы мектеп оқушылары мен Бөкей ордасы колледжі студенттері Н.Шәріпқалиевтің туындыларын тыңдармандар назарына ұсынды. Мысалы, А.Айдаралиева «Бөкей – Нарын», А.Мақашева «Нарыным», Ә.Мұрадым «Мәншүк аты өлмейді мәңгілікке», Е.Файзоллин «Еңбегі ерен ер тұлға», М.Мұқаев «Армандадым» және жиені Б.Нүркенова «Жиенім менің, Балжаным» атты өлеңдерін нақышына келтіре жатқа оқыды. Баланың әкеге деген махаббаты мен сағынышына құрылған «Арманым бар» әнін Е.Ерсайынов, «Аққуды» А.Мақашева, «Мәңгілікті» (бәрінің де сазын жазған А.Зайноллин) А.Кендібайұлы асқақтата шырқап, көрермендерін бір серпілтті.

Ауданымыздың құрметті азаматтары Чарльз Қойшыбаев, Елдос Кенжеғалиев, Ноқаш Қадымовтар Нұрхат аға туралы өз естеліктерімен бөлісіп, Нарында туған нар ұлдың есімі ел есінен өшпейтіндігіне сенім білдірді. Ақынның ұл-қыздары кешті ұйымдастырушыларға, әкелері туралы жылы лебіз білдіргендерге ризашылықтарын жеткізіп, кітапхана мен Бөкей ордасы колледжі ұжымына ескерткіш сыйлықтарын табыс етті.

Айша ҚҰРМАШ.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар