17.01.2018, 11:43
Қараулар: 55
Рождество мерекесі тойланды

Рождество мерекесі тойланды

Ұлы Отан соғысынан соң кең байтақ қазақ даласын қаншама ұлт мекендеді десейші! Бірі пана іздеп, өздері келсе, көпшілігі жер аударылып келген-ді. Уақыт өте бірқатары тарихи мекендеріне оралса, арамызда тұрақтап қалған отбасылар да жетерлік. Бүгінде олар тамырын тереңге жіберіп, ұрпақ өсіріп, шаттығына кенеліп отыр. Оған ауданымыздағы «Жақсылық нұры» («Луч добра») славян этно-мәдени бірлестігі ұйымдастырған дәстүрлі Рождество мерекесінде биыл тағы куә болдық.

Рождество тарихын христиан әлемі негізінен осыдан екі мың жыл бұрын Мария ананың Иса Пайғамбарды өмірге әкелген күнімен байланыстырады.  Аудандық демалыс орталығында осынау мерекеге жайылған дастарқанда Сайқындағы христиандар ұрпақтарымен жиналып, бір-біріне жылы лебіздерін білдірді. Оған қатысқан аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов пен «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Тілеген Арыстанбеков ізгілікке бастайтын аталмыш мейрамға орай, ізгі тілектерін жеткізді. Айта кетелік, Рождествоны барлық христиан әлемі, тек католиктер 25 желтоқсанда, ал, провославтар 7 қаңтарда атап өтеді. Әрі бұл күндері олар шіркеуде құлшылық етіп, уағыз, ғибратты әңгімелер тыңдайды, үй-үйді аралап, мерекелік әндер (калядка) шырқаған балдырғандарға тәттілер таратады. Бұл дәстүр осы шарада да жалғасып, өнерін паш еткен бүлдіршіндер аудан әкімі мен «Жақсылық нұры» славян этно-мәдени бірлестігі төрағасының сыйлықтарына ие болды. Сазды ән, әсем би, көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған кеште сөз алған Анна Марченко мен Людмила Березина аналық ақ батасын берсе, ерлі-зайыпты Дмитрий-Наталья Семилидилер бірлестік құруға қол ұшын созып, бастамаларға демеу болып, түрлі тартулар ұсынған аудан басшысына ризашылықтарын жеткізді.

Раушан  БАҚЫТОВА.

Сайқын ауылы.