17.01.2018, 11:00
Қараулар: 104
Туған өлке тарихын білесіз бе?

Туған өлке тарихын білесіз бе?

Аудандық балалар-жасөспірімдер туризм және экология орталығының «Арай» туристік-сауықтыру лагерінің қысқы ауысымында биыл мектеп бітіретін 11-сыныптықтардың «Алтын белгіден», 9-сыныптықтардың «Үздік аттестаттан» үміткерлері демалды және ҰБТ-ға дайындалды.

Тәрбиеші Н.Халиоллина  Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында «Тарих мұрасы» жобасы негізінде «Туған өлке тарихы – ұрпаққа тағылым» деген тақырыпта шара ұйымдастырып, демалушылардың   өлкетану бағытындағы білімдерін сынады.  Жастармен жұмыс жөніндегі аудандық ресурстық орталықтың басшысы И.Құрмашев, «Нарын жастары» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы М.Жоламанов және туризм орталығының әдіскері А.Ерғалиева қазылық жасады.

Үш бөлімнен  тұрған сайыстың алғашқысында оқушылар өз ауылдарының  атауы (шығу тарихы) туралы постер (плакатка сол мекеннің эмблемасын салып, ауызша баяндау) қорғады. Құсайыновтық шәкірттердің айтуынша, ауыл атауы бұл араны мекендеген Мұрат деген байдың есіміне байланысты екен. Елді мекеннің жанымен сай өтетіндіктен «сай» сөзі қосылып, Мұратсай делініпті. Тұрғындары «Көлімен көркем, өнерлі өлкем, Мұратсай!» – деп әндететін көрінеді. Ал, жәңгірхандықтар  1801 жылы Бөкей ордасының  негізі қаланғанын тілге тиек ете отырып, Бөкей ханнан кейін  билік құрған  Жәңгір ханның өз ордасын осында тігуіне байланысты Хан ордасы аталғанын баяндады. Ауылдың іргетасы 1826 жылы қаланыпты.  Бегалиевалықтар ауыл тарихынан нақты мәлімет бере алмай, бұрындары бұл аймақта жыртқыш аңдардың көп болуына байланысты Бөрлі аталған шығар деп пайымдады.

Жәнекешевтіктер мекендерінің  қазақ-кеңестік тұңғыш атты әскер полкінің комиссары, ақын Бисен Жәнекешевтің есімімен аталатындығын мақтанышпен жеткізді. Айта кетелік, қай-қай командада да сол ауылда құрылған бұрынғы кеңестік шаруашылықтар туралы мәліметтер баршылық екен. Әсіресе, жексенбаевтықтар Ұялы  ауылы тарихынан гөрі «Искра» кеңшары жайында ұзағырақ әңгімелеп, білім ұясына қазақтан шыққан тұңғыш генералдардың бірі – Шәкір Жексенбаевтың есімі қалай берілгенін де ұмыт қалдырмады.

Сайыстың екінші кезеңі – танымал тұлғалар туралы әнгімелеуде құсайыновтықтар ауыл ақсақалы Каспи Жахатов пен күні кеше ауданымызға  гастрольдік сапармен келген әнші Дәурен Сейітжанов, жәнекешевтіктер бөкейліктер гимініне айналған «Орда – туған мекенім» әнінің авторы, әуесқой композитор Хабиболла Әлесов пен Ауған соғысында ерлікпен қаза тапқан «Қызыл Жұлдыз» орденді жауынгер Зүлзала Жиеналиев, бегалиевалықтар Бөрлі ауылының тумасы, танымал журналист Нартай Сәрсенғалиев, жәңгірхандықтар дәулескер күйші Ермек Қазиев, жексенбаевтықтар тарихшы-ғалым Хамит Маданов туралы тың деректер келтіре шебер баяндады.

Соңында оқушылар өздері атаған кейбір тұлғалардың шығармашылықтары жайында сөз қозғап, үзінді келтіріп, оқып берді. Жалпы, қорытындыда  құрамында Ш.Қазиолла, А.Мұратова, Ұ.Мақашева, А.Сәрсеналиева бар бегалиевалықтар командасы бірінші, жәңгірхандықтар екінші, жексенбаевтықтар үшінші орындарды иеленіп, оларға  Дипломдар мен сыйлықтар табыс етілді.

Шараға демеушілік жасаған жастармен жұмыс жөніндегі аудандық ресурстық орталыққа айтар алғысымыз шексіз.

Нұргүл ӘБІЛҚАСЫМҚЫЗЫ.

Сайқын ауылы.                 

Түсініктеме

Сәлеметсіз бе? Мен Бөкей ордалықпын. Маған Зүлзала Жиеналиевтың фотосы мен өмірбаяны керек болып тұр. Қайдан алсам болады. Алдын ала рахмет