17.01.2018, 10:19
Қараулар: 66
Өнерлі өрендер жеңісі

Өнерлі өрендер жеңісі

Ықылым заманнан Нарын топырағы өнерлілерге толы. Олар туралы туған өлкеміздің қатпарлы тарихында талай  сырлар сақталған. Сол бабалар салған сара жолды бүгінде аудандық балалар саз мектебі шәкірттері абыроймен жалғастырып келеді деуге әбден болады. Оған 5-6 қаңтар күні Орал қаласында оздырылған І республикалық «Қазақстан таланттары» рухани патриоттық әндер байқауында бақ сынаған кішкентай жерлестеріміздің жеңістері айқын дәлел. Тарқатып айтсақ, фортепиано аталымында өнер көрсеткен (ансамбль) Аянат Шынболатқызы мен Мәдина Оразғалиева бас жүлдені иеленіп, Алматы қаласындағы байқауға жолдама алды. Аянат жеке орындауда да бас жүлдені қанжығасына байласа, Мәдина ІІ, Әдемі Тайырқызы ІІІ дәрежелі лауреат, ал, Аяжан Сәрсенғали ІІ дәрежелі дипломант атанды. Қара домбыраны серік еткен шәкірттер Балайна Хамидолла, Ильфат Ахметкерей мен Айым Тимурқызы І, Нұрсәт Сұлтанияр мен Нұрдәулет Қайсағали ІІ, Ерасыл Есмақ пен Айгерім Ахонова ІІІ дәрежелі жүлдені иеленсе, қобыздың қоңыр дауысын сызылтқан Жансая Әміржан мен Рада Манасова І, Айназ Ниетқали мен Айгерім Сайфетден ІІІ орыннан көрінді. Айгерім Сайфетден мен Рада Манасованың ансамблі ІІ дәрежелі лауреат атанғанын да айта кетелік.

Бұл ретте, шәкірттерін жеңіске жетелеген ұстаздар С.Рахымжанова, З.Дүйсенғалиева, Г.Ихсанова, А.Зайноллин, Г.Айтмағанбетова, С.Әжіғалиева мен Ж.Қабденғалиеваның есімдерін айрықша атап кеткен жөн болар. Әрі олардың таланттарды тап басып тауып, жұртшылыққа танытып жүрген еңбектері жана түссе дейміз.

Раушан ЖАНАТҚЫЗЫ.

құттықтаймыз

Басқа да мақалалар