27.12.2017, 10:23
Қараулар: 26
Хан Ордасындағы қуаныш

Хан Ордасындағы қуаныш

г-874

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Ертеде герман тайпаларында Жаңа жылда қарағай немесе қылқанжапырақтылардың бұтасын үйге кіргізу дәстүрі болған.  Біртіндеп  түгел терек кіргізіліп, оны сəндеу қолға алынған.

Жаңа жылдың негізгі белгісіне айналған шырша биыл қарағайлы Хан ордасындағы білім ұясы төрінен өзіндік сəн-салтанатымен орын алды. Мұндағы Жәңгір хан атындағы орта мектепте аудан әкімінің балаларға арналған Жаңа жылдық мерекесі оздырылды. Бұл мейрамның барысы төмендегіше өрбіп, мән-маңызымен ерекшеленді.

Иә, табалдырығымызды аттағалы тұрған 2018 жылы жас һәм бас қаламыз – Астананың 20 жылдық мерейтойы өтпек. Міне, осы тақырыпқа шығарма жазуға қиналған оқушы Жаңа жыл түнінде бір таңғажайып түс көреді. Онда ертегі кейіпкерлері және білімімен, талабымен танылған аудан шəкірттері Астанадағы шырша тойында жүр екен. Аудан әкімі бастамасымен шырша төріне өтіп, маскарад киімін киген оқушылар қаланың тарихына үңіліп, өздерінің өнерлерін де ортаға салып жатты. Бұл жерде әжесіне жол іздеген Қызыл телпектер де, əсем əн мен көңілді биді, ағылшын тіліндегі ертегі қойылымын қызыға тамашалаған Аяз Ата мен Ақшақар да болды. Айтулы даталар да назардан тыс қалмапты. Қатысушылар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жолдаған құттықтауын, аудан әкімі Нұрлан Рахымжановтың оқуда озат, үлгілі тәртібімен ел мақтанар азамат болып өсіңдер деген тілегін ұйып тыңдады. Түсінде Астанаға саяхат жасап, өз замандастарының қуанышына куә болып, сонымен қатар, астанамыз туралы көптеген мәліметке қаныққан оқушы оянысымен көтеріңкі көңілмен шығармасына кірісіп кетті.

Осындай жаңа жылдық түс арқылы шырша шырайын ашқан аудандық мектептен тыс тәрбие орталығы, Жәңгір хан атындағы орта мектеп пен аудандық саз мектебі ұжымдарының еңбегін айрықша айтып өткен орынды. Әрі  әр округтен шақырылған оқушылар үшін «тәтті үстел» жайылып, арнайы сыйлықтар да табыс етілді. Оның сыртында бүлдіршіндер Бөкей ордасы тарихи-мұражай кешенін тамашалап, тамыры тереңде жатқан өлке тарихына қанықты.

Раушан ЖАНАТҚЫЗЫ.