27.12.2017, 10:04
Қараулар: 85
Ұлттық ойындар жарысы

Ұлттық ойындар жарысы

г-873-1

Қазақ халқының ұлттық ойындары табиғи заттармен ойнауға негізделген. Кәсібі малмен, әсіресе, қой шаруашылығымен байланысты болғандықтан, балалар ойынының көбі қой асығымен ұштасқан. Сондықтан асық ойыны ең көне ойын. Ол баланың жүйке жүйесін шыңдап, дәлдікке, ептілікке, ұстамдылыққа тәрбиелейді. Арқан тарту да қазақтың ұлттық ойыны. Ертеде мұны ойнау үшін бес-алты ойыншы тартқанда үзілмейтін арқан және үлкен адамның алақаны көлеміндей екі тақтай дайындап алатын. Тақтайлардың ортасынан арқан өтетіндей етіп теседі. Енді қарды жентектеп, аққалаға ұқсатып үйеді де, оның орта шенінен таяқпен тесіп, әлгі арқанды өткізеді. Содан кейін тақтайшаның екеуін арқанның екі ұшына кигізеді де, аққалаға екі-үш қарыстай қалғанда тоқтатады. Олар аққалаға тірелгенде кейін сырғып кетпес үшін арқанды түйеді. Бәрі дайын болған соң, балалар екі топқа бөлінеді де арқанды екі жаққа тартады. Аққала қалай құласа, сол топ жеңіске жетеді. Ал, жеңілген топ аққаланы қайта жасайды да, ойын кері басталады. Бұл қатынасушылардың күш-қуатын дамытуға, таза ауада дем алып, еңбектенуге үйрететін ойын.

Осынау ұлттық ойындарымыз бұрынғы тәртіппен болмағанымен, әлі де ойналады.  Мәселен, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында «Нарын жастары» жастар қоғамдық бірлестігі мен жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың ұйымдастыруымен жақында Бөкей ордасы колледжінде асық атудан, арқан тартудан жарыс оздырылды. Тартысқа толы болған екі сайыс түрінен де Бөкей ордасы колледжінің ұстаздарынан құралған «Ұстаздар» командасының асығы алшысынан түсті. «Аудандық аурухана» ІІ, колледж студенттерінің «Достар» командалары ІІІ орынды иеленді. Айта кетелік, алдағы уақытта да осындай шаралар өз жалғасын таба бермек.

Мұхтар ЖОЛАМАНОВ,

 «Нарын жастары» ЖҚБ төрағасы.