5.12.2017, 10:53
Қараулар: 361
Қос ардагер ұлықталды

Қос ардагер ұлықталды

Жақында аудандық аурухана ұжымы мекеме басшысы Әділгерей Ғаббастың 65, осы мекемеде ұзақ жыл абыройлы қызмет еткен Сисемәлі Қуаншалиевтің 70  жасқа толуына орай, ұлықтау рәсімін өткізді. Слайд арқылы қос  денсаулық сақшысының жұбайлары Аққаным Ғаббасова мен Бақыт Ғаббасовалар отағаларына арнап ақ тілектерін айтты.

Алдымен, Әділгерей Уәлиұлы жетпіс жастың желкенін есіп отырған Сисемәлі ағаны мерейлі жасымен құттықтап, әріптесі жөнінде жылы лебіз білдірді. Аурухана директорының орынбасары Анарбек Белисанов та ұжымы атынан туған күн иелеріне ақ тілегін жолдады. Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Данагүл Ғайноллаева, медицина қызметкерлері кәсіподағы аудандық ұйымының төрағасы Әлімжан Жұмағалиев, сала ардагері, зейнеткер Зура Тәшімова және басқалар ізгі ниеттерін білдірді.

Одан әрі аудандық аурухананың өнерлі жастары кеш көрігін қыздырды. Арман мен Жаннұр «Әдемі» әнімен көпті баураса, М.Мақатаевтың «Туған күн» өлеңін Саят Сағын әдемі өрді. Жаннұр Мұратхан өз туындысын оқып, Райгүл Құбайтова «Ағалар» әнін тамылжытты. Мұнайдар Балмолданың «Құдай-ана» атты шығармасын сахналағандар да терең толғанысқа құрылған дүниенің нәзік иірімдерін дөп баса білді. Шағын көріністі сомдаған жастардың қай-қайсысы да өнерден құралақан еместігін байқатты. Олар кезегі келгенде заманауи билерімен де жиналғандардың  таңдайын қақтырды.

Жоғары деңгейде ұйымдастырылған шара соңында дәрігерлер мерейтой иелерімен естелік суретке түсті.

Тұрсын ТЕК.

құттықтаймыз

Басқа да мақалалар