28.11.2017, 12:41
Қараулар: 557
ХАН ОРДАСЫ. ЕЛБАСЫ. ХАЛЫҚ немесе жылжып өткен 20 жыл

ХАН ОРДАСЫ. ЕЛБАСЫ. ХАЛЫҚ немесе жылжып өткен 20 жыл

«Орданың тарихи музейінен зор әсер алдым. Өз жерінің, өз елінің тарихын, атақты азаматтарын құрметтей білу деген халық сана-сезімінің өсуіне себеп болмақ. Орда жұртшылығына, музей қызметкерлеріне зор бақыт, табыс тілеймін».

Бұл Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қасиетті Бөкей Орда жеріне алғаш аяқ басқан сапарында (1990 жылдың 1 қыркүйегінде) Орда тарихи музейінің ұсыныс-пікірлер кітапшасында қалдырған қолтаңбасы. Бұл кез еліміздің тәуелсіздікке әлі қолы жете қоймаған шағы еді. Соның өзінде Нұрекең халықтың сана-сезімі туралы сөз қозғап, ұлттық салт-дәстүрді жоғалтпауды меңзеп тұр емес пе?! 1990 жылдың 25 қазанында «Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы» Декларация қабылданды. 1991 жылдың 1 желтоқсанында Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті сайланды. (Президенттік билік жүйесі елімізде 1990 жылдың 24 сәуірінде енгізілген-ді).

«Бас басына би болған өңкей қиқым» деп, ұлы ақынымыз жырлағандай, президенттік мемлекет құру бізді жан-жаққа тартудан, алауыздықтан құтқарды. Және қазақстандықтардың заман талабына лайық Ұлт Көшбасшысын, Елбасын тап басып таңдай білуі бағымызды ашты. Отандастарының сеніміне ие болған Нұрсұлтан Әбішұлы  өзіне жүктелген бар жауапкершілікті айқын сезіне отырып, елі мен халқының тағдырын дұрыс бағдарлай білді. Өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай, қиын-қыстау кезеңнен аман алып шығып, Мәңгілік Ел болудың барлық алғышарттарын жасап (әлі де жасап келеді), даңғыл жолға салды. Елбасымыздың «Қазақстан – 2050» стратегиясы алысты аңдаған, болашақты болжаған, келешекке көрегендікпен көз тіккен, бүгінімізге бел шешіп, ертеңімізге еңсе тіктеп барар бағдаршамымыз.

Ел ішінде де, шетелдерде де жиі айтылатын «Қазақ елін, қазақ деген ұлтты әлем әуелі Назарбаев есімі, Назарбаев келбеті арқылы таныды» немесе «Назарбаев нені болса да елімен бірге көрді, елімен бірге төзді, елімен бірге жеңді» деген сөздердің жаны бар. «Біз кеше қандай едік, бүгін қандаймыз?» деп, өзімізге өзіміз сауал қойсақ, ширек ғасыр ішінде жаһанға танылған жас мемлекеттің бейнесі көз алдымызға келеді. БҰҰ, басқа да халықаралық қоғамдастықтарға мүше болғанымыз өз алдына, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етіп, аузын айға білеген әлемнің небір мемлекеттері он бір жыл бойы өткізе алмай келген, сөйтіп, арқауы босай бастаған ЕҚЫҰ-ның саммитін 2010 жылдың 1-2 желтоқсан күндері Астанада өткізуміздің өзі неге тұрады?! Тізбектей берсек, барша әлемді елең еткізген қазақстандық тың бастамалар баршылық. Олардың ішінде Елбасымыздың өз Жарлығымен Семей атом сынақ полигонын жауып, ядролық қарудан өз еркімен бас тартуын, сол үшін ядролық қарусыз әлем құрудың бас архитекторы атанғанын айтсақ та жеткілікті. Сондай-ақ, оның Ақорданы Сарыарқаның төріне ауыстырып, Астана сынды жаңа Елорданың да бас архитекторы болғанын жаһан біледі. Биылғы жыл сол Астана қаласында табысты оздырылған «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесінің атақ-даңқы және бар.

Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты 2011 жылдың 10 желтоқсанында «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңға толықтыру енгізіп, 1 желтоқсанды Тұңғыш Президент күні деп белгілеп, мемлекеттік мейрамдар қатарына қосты. Құптарлық шешім. Халқы үшін, елі үшін дамыл таппастан еңбектеніп, мың ойланып, жүз толғанып, өткенді саралап, алдағыны салмақтап, түбегейлі тоқтам жасай білетін сарабдал саясаткерімізге, халқымыздың бақытына біткен тұлғаға жалпақ жұрттың ризашылық білдіретін күні бұл.

Иә, Н.Ә.Назарбаевтың қарапайымдылығы жөнінде бұқаралық ақпарат құралдарында бұрында айтылып, жазылып жүр. Әсіресе, бұқарамен кездесулеріндегі аңғарымпаздығы, жатшылдығы көпшілікті еріксіз таң қалдырады. Сөзге де жүйрік. Менің бүгін қолыма қалам алып отырған себебім, Елбасының Ордаға келген екінші сапарында оны қарсы алуды ұйымдастырушылар сапында жүру құрметі бұйырды. Халқымыздың Еуропа өркениетіне қосылуы жолында бірнеше тың реформаларды қолға алып, біршамасын жүзеге асырған қазақтың соңғы хандарының бірі Жәңгір Бөкейұлына тұрғызылған кесененің ашылу салтанатына 1997 жылдың қыркүйегінде Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың өзі қатынасқаны көпке мәлім. Жасыратын несі бар, көршісін қонаққа шақырса да, үйін, аула-қорасына дейін тазалап, қойын сойып, дастарханын жайнатып қоюға ұмтылатын қазақ емеспіз бе?! Ауданымызда да арнайы комиссия құрылып, Елбасының сапарына орай 1-2 ай бұрын дайындық жұмысына кірісіп кеттік. Қарағайлы «Қандыағаш» деген елді мекеннің маңындағы алаңқайға іштен қатысатын үш киіз үй тіктіріп, оны жиһаздармен жабдықтап, қонақасы мәзірін де әзірледік. Бәрі де ойдағыдай шықты.

…Кесене күмбезін толық жапқан сусылдақ жібек мата Елбасы жіпті тартқан сәтте-ақ сусып жерге түсуі керек-ті. Бірақ, жоғарыдағы кертіктердің қуысына көбірек жиналып қалды ма, тұрып қалды. Осыны байқаған Нұрсұлтан Әбішұлы жіпке қолын жайлап бір тигізіп еді, жамылғы іркіліссіз жерге түсті. Мұны дәл сол жерге таяу тұрған менен өзге ешкім сезген жоқ. Сосын мәртебелі мейманға ұлттық дәстүріміз бойынша ат мінгізу ұйғарылып, «Красногор» жылқы шаруашылығынан көшім тұқымды екі сәйгүлік алдырылған еді. Ат иесі, бұрын партконференциялар мен съездерге барып, сөз сөйлеп жүрген Серғазиев Ибрайым (Ыбыл) ағамыз кейін бізге Елбасының алдында абдырап, жөнді сөйлей алмағанын әңгімелеп: «Шамасы, мысы басып кетті-ау деймін. Тегін адам Президент бола ала ма?»,-дегені бар-ды.

Ендеше, Елбасымыз екі рет келген Хан ордасының да тегін өңір болмағаны ғой… Әрі биыл бұл тарихи оқиғаға 20 жыл толды. Ол бөкейордалықтардың есінен кетпес елеулі күн болып, тарих қойнауына кеткені және айқын. Бірақ, мұны біреу білсе, біреу білмес… Тек кейінгі толқын ендігі жерде осынау аға ұрпақтың ісін лайықты жалғастырып, «Біздер Тұңғыш Президентіміз топырағын екі рет басқан қасиетті жердің жеткіншектеріміз» деп мақтанып жүрсе болғаны да.

Талғат САМАТОВ,

Орда орман және жануарлар

дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік

 мекеменің директоры.

(Суреттер мұражай қорынан алынды).