28.11.2017, 11:38
Қараулар: 169
Жалынды жас, өмірдің өріне шық!

Жалынды жас, өмірдің өріне шық!

 

г-829-1

Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Біз «Жаныңда жүр жақсы адам» деген сөздің байыбына бара бермейміз. Шын мәнінде, Тәуелсіздік дәуірінде өзінің еңбегімен, білімімен, өнерімен озып шыққан қаншама замандастарымыз бар. Олардың жүріп өткен жолдары – кез келген статистикадан артық көрсеткіш. Сондықтан, оларды телевизиялық деректі туындылардың кейіпкеріне айналдыруымыз керек. Жастар өмірге шынайы көзбен қарап, өз тағдырларына өздері иелік ете алатын азаматтар болуы үшін оларға үлгі ұсынуымыз керек. Қазіргі медиамәдениетті суырыла сөйлейтін «шешендер» емес, өмірдің өзінен алынған шынайы оқиғалар қалыптастырады» деген-ді. Осы ретте біздің ауданымызда да еңбегімен еленген жерлестер анықталып, олардың бағындырған биіктері жан-жақты насихатталып келеді.  Бұл үрдіс аудан жастары арасында да қолдау тауып, биыл екінші жыл қатарынан аудан жастары форумы аясында «Жыл үздігі» жастар сыйлығының салтанаты оздырылды. Осынау «Туған өлкем – тірегім» тақырыбында өткен аудан жастарының форумында аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов: «Елімізде орын алып жатқан бастамалар, сан алуан жобалар, тіпті, «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сай жүзеге асып жатқан әрбір шара, әрбір іс сендер, яғни, мемлекетіміздің тізгінін ұстайтын келер ұрпақ үшін жасалып жатыр»,-деді.

Шын мәнінде де,  аудан тұрғындарының арасындағы 3959 адам 14-29 жас аралығындағылар болса, олардың қай қайсысы да өмірден өз орындарын тауып келеді. Жұмыссыз жүргендерінің биыл 80-і тұрақты, 19-ы әлеуметтік қызмет орындарына, 64-і жастар тәжірибесіне, 103-і ақылы қоғамдық жұмысқа тартылса, 23-і бос жұмыс орын жәрмеңкесі арқылы орналасты. «Игілік» жобасымен тағы бір жігерлі жасымыз 5 миллион 300 мың теңге несие алып, мал өсірмек. Мұның бәрі форумды ұйымдастырушы аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық пен «Нарын жастары» қоғамдық бірлестігі әзірлеген толық емес атқарылған жұмыстар көрінісі. Әрі күні бүгін аудандағы мемлекеттік қызметкерлердің 27%-ын  жастар құраса, бір замандасымыз округ әкімі, біреуі мәслихат депутаты және 68-і жеке кәсіппен айналысып отыр.

Аталмыш форум барысында кейінгі буынға жігер берер сөздер аз айтылмады. «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Тілеген Арыстанбеков алға ұмтылу жолында «Үлкендердің ағарған басын сыйла, ақылы азайса, жасын сыйла» деген бабалар өсиетін ұмытпауға шақырса, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы арқылы баспаналы болған Мерей Бисембаев, биылғы жылдың үздіктері Бұлбұл Құбаева мен Гауһар Сатыбалдиева және «Нарын жастары» ЖҚБ жетекшісі Мұхтар Жоламанов жемісті еңбектің үздіктері болайық десті.

Енді елге өнеге болған жастарға оралайық. Биыл жәңгірхандық оқушы Ұлмекен Сағидоллақызы спорт әлеміндегі елеулі жетістіктерімен  ауданда «Жылдың жас спортшысы», жексенбаевтық оқу озаты Гауһар Сатыбалдиева «Жылдың үздік мектеп көшбасшысы», жарыстарда білек күшін көрсетіп жүрген Бөкей ордасы колледжі студенті, ақынжанды жігіт Мейрамбек Мұқаев «Жылдың үздік студенті» атанды. Ал, «Жылдың жас ұстазы» номинациясы сағырбаевтық Бұлбұл Құбаеваға бұйырып, ордалық Артур Ғабдушев «Жылдың жас кәсіпкері», сайқындық Әсемгүл Мергенбаева «Жылдың жас медицина қызметкері», аудандық саз мектебінің педагогы Ермек Шәріпов «Жылдың жас өнерпазы», «ҚазТрансГазАймақ» акционерлік қоғамының аудандық учаске слесары Махат Бирахметов «Жылдың үздік жас маманы» болып танылды. «Жылдың жаңалығы» атты аталымға Түркияның төрінде қазақтың қара домбырасын күмбірлетіп, халықаралық балалар фестивалінде І орынды жеңіп алған бабажановтық Ерасыл Есмақ ие болды. Мұнда жастар саясатын жалпыға насихаттау ісіне қолдау білдіріп жүрген бірқатар мекемелер де, облыс жастарының ІІІ спартакиадасында жүлдегерлер сапынан табылған жерлестер де марапатталды.

Айта кетелік, форум  шеңберінде фойеде жас қолөнер шеберлерінің көрмесі жасақталып, флеш-моб билегендер «Рухани жаңғыру» эмблемасын көкке самғатты.

Раушан БАҚЫТОВА.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар