28.11.2017, 11:19
Қараулар: 373
Сараның сара жолы

Сараның сара жолы

Қасиетке тұнған Хан ордасы ауылдық мәдениет үйінде осы топырақтың төл перзенті, Қазақстан Жазушылар  одағының мүшесі, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Сара Латиеваның мерейлі жетпіс жасқа толуына орай, ауыл тұрғындарымен кездесу кеші өтті.

Осы ауылдың ып-ыстық құмына табаны күйіп, балалықтың ең әдемі, қайталанбас көктемдерінен көкейіне ерте ой түйіп, қалам ұстаған бөкейлік қыз екінің бірінің қолы жете бермейтін ҚазМУ-дың журналистика факультетін 1969 жылы бітірген. «Жазушы болу да тағдырдан» дегендей,  қаламгердің сөз құдіретін сезініп өсуі алаңсыз балалық шақтың әдебиетпен үндестірер, тоғыстырар бағытының  ой-санаға сәуле шашыратуынан дер едік. Кіндік қаны тамған туған жер, құрбылармен құлын-тайдай тебісіп өскен алаңсыз жастық дәурен, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірген ыстық ұя…

Сондай-ақ, бұл кеште айтулы қаламгер өмірінен түсірілген бейнеролик бөкейлік көрермен назарын өзіне аударды. Ондағы шабыт шалқытқан сәттер, студенттік күндері бірге өткен Шәрбану Бейсенова, Мағира Қожахметовалардың әлі жұптары жазылмай келе жатқаны жайлы түсірілім құнды көрінді. Жүргізушінің: «Осы кезге дейін құрбылар іргесінің сөгілмеу сыры неде?»-деген сұрағына ол: «Қазақы мықтылығымыз болар»-деп, әдемі әзілмен ұтымды жауап қайтарды. Әрі айтулы тұлғалармен бірге түскен суреттер, ботагөз арудың балауса шағын бейнелейтін көріністер көптің назарына ілікті. «Үш қоңыр қаз» демекші, студенттік өмірдің қызығын бірге  кешіп, әдебиет әлеміне бірге қадам басқан нәзік әйел жаратылысы қоғам жүгін де арқалап қана қоймай, елдік мәселелерді өз шығармаларына арқау етуі үлкен ерлік. Қалампыр Кенжеғалиева мен Заря Жұбановалар бұл кездесу кешіне сонау Алматы шаһарынан жазушының шашбауын көтерісе келіп, Сара Латиева шығармашылығы жайында әңгіме өрбітті. Қаламгердің «Туған жердің түтіні» атты кітабы музей ұжымына сыйға тартылғанын да айта кетелік.

Құм Нарынның қасиетін бойына сіңіріп өскен ол журналистік салада да өзіндік ізін қалдырып, «Мен соғысты көргенім жоқ», «Бұлбұл», «Хадиша Бөкеева», «Төрелігін өздерің айтыңдар», «Туған жердің түтіні» атты кітаптар жазған. Осы күні мәдениет үйі фойесінде С.Латиеваның өмірінен арнайы көрме ұйымдастырылып, онда танымал тұлғалармен түскен суреттер қойылса, Х.Бөкееваның киген киімдері де көрініс тапқан.

Ауылдың үлкендерімен құшақ жая көрісіп, елге деген ыстық пейілін жеткізген жерлесіміздің кездесу кешін ауданымызға танымал өнерпаз Жоламан Сисенғалиев жүргізді. Жазушы да зал толы көрерменге риясыз көңілден шыққан ізгі ниетін жеткізіп, әке-шешесінің көзін көргендерге иіліп тағзым етті.

Өз кезегінде аудан көркемөнерпаздары ән-жырдан шашу шашты. Би үйірмесінің сүйкімді қыздары мың бұрала би биледі. Есте қалар осынау тағылымды кеш соңында аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева мерейтой иесін туған күнімен құттықтап, қазақы дәстүрмен  камзол кигізсе, тарихи-мұражай кешені директоры Ғайса Мақымов құттықтау тілегіне қоса, сый-сияпатын тарту етті. Ауылдас сіңлісі Ақзия Нұрлыбаева, туыстары атынан Райса Төленғалиевалар ақ тілектерін айтты. Мәнді шара жерлес сазгер, марқұм Қабиболла Әлесовтің сөзіне жазылған «Орда – туған мекенім» әнімен аяқталды. Мектеп оқушылары, ауыл тұрғындары қарымды қаламгермен естелік суретке түсіп, қолтаңба алуды да ұмыт қалдырмады.

Гүлнар ҚАДЫРОВА.

Суреттерді түсірген Арайлым ҚОЙШЫБАЕВА.

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар