Тұрғын үй секторындағы өрт

 

Биылғы жазда өңірімізде де дала жанулары жиі байқалғанынан жұртшылық хабардар. Тілсіз жау ауыл ішінен де көрініс беруде. Таяуда ғана (12 қазанда) Бисен ауылындағы Ш.Жексенбаев көшесіндегі №4 үй тұрғыны А.Әлесовтің шөбі мен қорасы отқа оранды. Ол бойынша тиісті құжаттар толтырылып, шешім алу үшін аудандық ішкі істер бөліміне жолданды.

Өрт неден шығады? Көбіне адамдардың салғырттығынан, қауіпсіздік ережелерін сақтамауынан. Тұрмыстық техникалардың, электр желілерінің ақауын көріп тұрып, жөндеуді кейінге қалдыруынан. Осындай және басқа себептерден жыл басынан бері тұрғын үй секторында 10 өрт оқиғасы орын алды. Жіктеп айтар болсақ, аудан орталығы – Сайқын ауылының Т.Масин көшесіндегі Б.Жұмағұлованың (№26) үйі, Жәнекешев көшесіндегі М.Хамзиннің (№4) сарайы, М.Бегалиева көшесіндегі Қ.Өтешқалиев (№7/2) пен Н.Темешеваның (№11/1) шөп қоралары отқа шарпылды. Соңғы екеуіне, шөп қораларындағы өртке дәнекерлеу құралымен жұмыс істегенде бейқамдық танытқан көршісі кінәлі.

Округтерге келсек, Ордадағы Х.Чурин көшесіндегі К.Иманғалиевтің (№3) шөп, «Ақтеңге» қыстағындағы Р.Ділешевтің мал, Бисен ауылының Б.Жәнекешев көшесіндегі К.Бегалиевтің (№2) шөп, Саралжын ауылдық округі «Құрманкөл» қыстағындағы Н.Рахматоллиннің мал қоралары өрт құшағында қалды.  Аудан бойынша тұрғын үй секторында болған өрттен келген материалдық шығын 9350000 теңгені құрап отыр. Айтпақшы, Бөкей ордасы колледжінің «УАЗ-3163» маркалы автокөлігі «Шоңайкөлі» елді мекенінде жанып кетті.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастамасымен 15 қыркүйек 16 қазан аралығында «Тұрғын үй секторының жылу беру маусымына дайындығы» айлығы жарияланды. Біздің бөлім қызметкерлері де ауылдарды, үйлерді аралап, аулалардың тазалығы мен пештердің әзірлігін тексеріп, сақтық шараларын түсіндіріп, жадынамалар таратып, тағы да басқа үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сонымен қатар, №17, №29 өрт сөндіру бөлімі құрамдарымен бірлесіп, тұрғындармен «Ашық есік» күндері оздырылды. Сондай-ақ, округ әкімдері мен мекеме басшыларына, жолаушы тасымалдап жүрген автокөлік жүргізушілерге де жадынамалар беріліп, насихат ісіне тартылды.

Көп болып, қырағылық танытып, өрттің тұтануына жол бермейік!

Тұрарбек АПАҚАЕВ,

аудандық төтенше жағдай бөлімі бастығы,

азаматтық қорғау майоры.