17.10.2017, 11:28
Қараулар: 62
Бақытнұрды демеді сайқындықтар

Бақытнұрды демеді сайқындықтар

Б-9-2

 

Газетіміздің сәуір айындағы №15 санында жарық көрген «Ана бүйрегі періштесінің ғұмырын ұзартты» атты мақалада мұратсайлық сегіз жасар  Бақытнұрдың бүйрегі толық жетілмегені анықталып, анасы Сымбаттың бүйрегі алынып, трансплантация жасалғаны туралы жазған болатынбыз. Әрине, «бауыр еті баласы» үшін шыбын жаны шырқыраған ата-ана қиналасын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.

Бұрын Мұратсай ауылдық округінің әкімі қызметін атқарып жүрген Сымбат Қапезоваға ауыр жағдайдан соң дәрігерлер  жұмыс жасауға тиым салған. Ай сайын Астанаға қаралып тұратын балақайдың жол қаражаты, ем-домы қалтаға соғатыны белгілі. Бақытнұрдың әкесі Руфат Хабиев, ата-әжесі, бауырлары қолдан келген көмектерін ұсынып жатқанымен, қаржының молынан керегі түсінікті.

Осыны ескерген Сымбаттың бір кездегі әріптестері, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, спорт және дене шынықтыру бөлімі мен демалыс орталығы «Мейірбандық күндері» айлығы аясында тағдырдың ауыр сынағына ұшыраған балақайға көмек қолын созып, Сайқын тұрғындарына «Жүректен жүрекке» атты қайырымдылық концертін өткізді.

Өнерде өз қолтаңбасы бар Жоламан Сисенғалиев жүргізген кеш ізгі ниетті жандарға үлкен ой салғаны сөзсіз. Айтулы шараға аудан әкімі Нұрлан Рахымжановтан бастап мекеме басшылары, ауыл тұрғындары көптеп қатысты. Арнайы жәшік қойылып, жерлестеріміз барынша демеушілік жасады. Бұл шара ай бойы жалғасын таппақ.

Концертте Миллат Насыровтың орындауындағы «Ана» әні әп дегеннен тыңдармандарын жып-жылы сезіммен баураса, Бақытнұр мен оның ата-анасы жайлы түсірілген бейнефильм көрермендерді бей-жай қалдырмады. Сондай-ақ, қайырымды жандардың ізгі амалына құралған бұл концертте «Маған құшақ жайған адам» әнін Құрмет Мусин шырқаса, «Аққу арман» әнін анасы Айнұр Мусина мен қызы Еркенұр Ғиылмановалар әсерлі жеткізді. Дильназ Жасқайратова оқыған Ф.Оңғарсынованың «Тыңдаңдар, тірі адамдар» өлеңі де  көптің көңілінен шықты. М.Мақатаевтың сөзіне жазылған Т.Рахимовтың «Сәби болғым келеді» әнін Арман Әршімов қалықтатса, «Дала дарындары» фестивалінің лауреаты Рада Манасова қобызбен (фортепианнода сүйемелдеген Самал Рахымжанова) Обердің «Тамбурин» шығармасын төгілтті. Саз мектебінің оқушысы Айназ Ниетқали қобызбен Жаяу Мұсаның «Ақ сисасын» аңыратса, фортепианнода Айнат Шынболатқызы Ғазиза Жұбанованың шығармаларын орындап, көптің қошеметіне бөленді.

Балалар үйіндегі қоғам ауруын бейнелеген көрініс те сәтті шықты. Жанарларға еріксіз жас үйірген бұл қойылым терең мағынасымен отырғандарға ой салды. Ринат Машотов әуелеткен «Сәби бақыты» әні де жандүниені тебірентсе, Рауан… Айзада Тілепова «Әйел бақыты» әнімен кешті аяқтады.

Сахнаға Бақытнұрдың анасы Сымбат көтеріліп, көмек қолын созып жатқандарға аналық алғысын жеткізді.

Әр ананың көз жасы текке төгілмей, әр үйдің сәбиі ауырмасын! Қалталы азаматтар мен жомарт жандарды осынау қайырымды істен шет қалмауға шақырамыз. Ниет білдіргендерге мәдениет үйінің фойесіне қойылған жәшіктің ай бойы тұратынын қаперге береміз.

Гүлнар ТАСБОЛАТҚЫЗЫ.