10.10.2017, 11:38
Қараулар: 383
Жұртшылықты желпіндірген шара

Жұртшылықты желпіндірген шара

Ауыл жастарының бірлесіп, қоғамдық жұмыстарды атқаруы қуантады. Ел болашағы жастардың қолында екенін еске алсақ, ауқымды істердің басы-қасында жүргендеріне риза болып, сүйсіне қарайсың.

Тұңғыштар мекені Нарын өңірі небір таланттарды өмірге әкелгені тарихтан белгілі. Солардың ұрпақтары Саралжын ауылында да бар. Олай дейтінім ауылдық мәдениет үйінде ауыл жастарының ұйымдастыруымен өткізілген «Жалындаған жастардың жыр әні» атты концерттік бағдарлама тыңдармандарын сүйсінтіп, қошеметке бөледі. Кеш барысында әуелете шырқалған ән де, күмбірлей төгілген күй де орындалып, көрерменді күлкіге бөлеген астарлы әзілге толы қойылым да түсінген адамға салмақты ой салды.

Ауылдастарының ризашылығына кенелген көркемөнерпаздарымыз көршілес Бөрлі, Ұялы, сондай-ақ, Қазталов ауданының Көктерек, Киров елді мекендерін де аралап қайтты. Сөйтіп, жұртшылықты желпіндіріп тастады. Сол сапарларда жеке көлігімен көмектескен Нұрболат Тастеевтің азаматтығын да айта кеткеніміз жөн шығар.

Тұрғындарына сәтті демалыс сыйлаған жастарымыздың өнерлері асқақтап, өркен жаюына тілектеспіз.

Ақылай ҒҰБАШЕВА,

зейнеткер.