Мәншүкті көрген әже бүгінде Ресей елінде тұрады

Қан майданда қаһармандық танытып, ерлікпен қаза тапқан Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың көзін көрген һәм құрдасы Әсия есімді әжейдің Ресей Федерациясының көршілес Волгоград облысы, Палласовка ауданының Красный Октябрь селосында тұратынын естігенбіз. Ақ жаулықты қандасымызбен кездесіп, әңгімелесудің де сәті түсті. Сұрапыл соғыс жылдары көппен бірге тылда тыным таппаған сүйегі асыл кейуана әңгімешіл екен.

– Қазақ елінен бізді жоқтаушылар табылады деп ойламаппын. Журналистер іздеп келе жатыр деген соң, ата-баба дәстүрімен қой сойып, күтіп отырмын. Қош келдіңіздер,-деген әжеміз бізді  арқа-жарқа болып, қуана қарсылап, көзіне жас алды. Аман-саулықтан кейін:

– Әуелгі сөзді балалық бал шағыңыздан, батыр Мәншүкті көргеніңізден бастасақ, -деп сөзге тарттық.

– Қыз кезімдегі тегім – Шәпиева, есімім – Әсия. 1923 жылы 5 маусымда Орда ауданының Талап ауылдық кеңесінде дүниеге келдім. Әкемнің есімі Шәпи, анамның аты-жөні Нәсіпқаным Аймурзина. Руым – қазанқұлақ ноғай. Балалық шағым Орда жерінде өтті. Мектеп табалдырығын сол жерден аттадым. Негізі туған әкем Бисенғали, анам Нәбира, олар Жәнібек ауданының Ақоба ауылында тұрды. Мені тоғыз айлық кезімде Шәпи мен Нәсіпханым асырап, бауырларына басқан. Мәншүк дейсің бе? Біз оны Мәнсия деп атайтынбыз. Иә, батыр Мәншүкті көзіммен көре қалдым. Бала кезімнен жақын құрбым еді. Екеуміз бірге жүріп, бірге ойнадық. Мәнсия қараторы, ер бала секілді киініп жүретін, өжет, тентектеу болды. Ұлдармен төбелесіп жүретін-ді. Мен интернатта жаттым. Мәнсия аға-жеңгеммен бірге тұрамын деуші еді. Әйтеуір, әке-шешесінің қолында болған жоқ. Мен қазақ класында оқыдым. Ол орысша жақсы сөйледі. Әкесі Ахметті көрген жоқпын, бірақ, әкесі туралы жиі айтатын. Оның әкесі Ахмет Мәметов 1938 жылы үкіметке қарсы болды деген айыппен ұсталып кетті ғой.

Мектепте оқығанда физикадан Файыз деген ұлты татар мұғалім сабақ берді. Жеке өзінің велосипеді болатын. Сондай велосипед Мәнсияда да болды. Мені оған үнемі міңгестіріп жүретін. Ол тұрған үй әлі көз алдымда. Сонымен қатар Ғұмар деген мұғалім есімде. Әйелі Бәтима да ұстаз, ботаникадан сабақ берді. Өкінішке қарай, сол Мәнсияның туған жерін сұрамаппын. Он алты жасымда тұрмысқа шығып кеттім де, қайтып көргенім жоқ. Жолдасым Айсу Салихов №67 жылқы зауытында бас зоотехник болды. Денсаулығына  байланысты майданға алынбады. 1943 жылы ауыр сырқаттан дүние салып, екі баламен қалдым. Айболат – 1942 жылғы, Жанболат –1944 жылғы. Айболат Старый Балкада, Жанболат Волгоград қаласында тұрады. Екі баламен жесір қалғанымда сол кездегі жылқы зауытының басшысы, аты мен фамилиясын (жұрт «Петрович» деп атайды) ұмытып қалыппын, сол азамат көп көмектесті. Өте жақсы адам еді. Дүкенге сатушы етіп орналастырып, маман жіберіп есеп-қисапты үйреткізді. Сол уақыттарда Орда жеріне маршал Буденный келді. Буденный келген кезде екінші жолдасым Зинедин оның қасына ілесіп жүрді. Ол кезде аштық жайлап, халықтың жағдайы қиын еді. Бірақ, Петрович қайдан әкелетінін білмеймін, арпа, ұн, тары, сойылған малдың еті үзілмейтін. Әйтеуір, халыққа азық тасып, аман алып қалғаны есімде. Буденный Петровичке: «Зауыт жылқысына бөлінген тамақты халыққа беруің заңсыздық. Сені соттау керек»,-деп айқайлаған шақта Петрович орнынан атып тұрып, үстіне киген плащын шешкен екен. Костюмінің омырау тұсындағы Ленин орденін көрген сәтте айқайлап тұрған Буденныйдың үні шықпай қалыпты. Бір орден бір адамның өміріне араша болды дегенге кім сенер? Сонымен не керек, қиын-қыстау тұста халықты аштан аман алып қалған Петрович сүттен ақ, судан таза болып, аман қалды. Сол азаматтың арқасында соғыс жылдары №67 жылқы зауытында адам шығыны болған жоқ. Өзге өңірлерде адамдар аштан қырылып жатты. Көзімізбен көргенді айтып отырмын.

– №67 жылқы зауытында жұмыс істеген болсаңыз, Кеңес Одағының Батыры Темір Масинді де көрген боларсыз?

– Темірді көрдім. Неге көрмейін? Батыр Темір Масинмен көрші тұрдық. Руы – шеркеш. Ол соғысқа дейін жылқы зауытында саяси жетекші болып жасады. Өте өжет еді. Ата-анасын да көзім көрді. Екі  баласы болды. Әйелінің атын ұмытып отырғаным-ай… Темір соғысқа кеткен соң, оның отбасы көп қиындық көрді. Әйелі мен екі баласын №67 жылқы зауытына алып келгенде олар аштан ісініп кеткен-ді. Соғыс жеңіспен бітіп, Темір батыр елге келе жатыр дегенді естіген атқамінерлер оның әйелі мен екі баласына Ордадан керемет ағаш үй берді. Кейін Тайпақ жерінде дала өртін сөндіру кезінде ол бір әйел адамды құтқарамын деп жүріп, отқа күйіп қайтыс болды деп естідім.

– Соғыс жылдарында жау ұшақтарының Орда, Сайқын жерлерін бомбалағанына да куә болған шығарсыз?

– Иә, жау ұшақтары күндіз бомбалайтын. Жоғарғы Басқұншақ стансасында сондай бомбалау сәтінде соғысқа бара жатқан ордалық жігіттер мерт болды. №67 жылқы зауыты Жоғарғы Басқұншақтан 6, Төменгі Басқұншақтан 12 шақырым болғасын, бомбалардың ысқырған дауысы естіліп тұратын. Солай балам, біз не көрмедік…

– 1952 жылы Орда ауданы тарағанда қайда болдыңыз?

Ол кезде құмда едік, ауданның біраз халқын өзге жақтарға көшіргенін көре қалдық. Сол жылы жылқы зауыты да ажыратылып, малдары әр жаққа таратылды. Жылқыларды әскери адамдар келіп, аяқтай өзге жаққа айдап кетті. Зауыттағы жылқылар үш түрлі: теңбілкөк, торы және қара болатын. Осылардың ішінде теңбілкөктерін Шахаев деген бақты. 1955 жылы декретке шығып, жолдасымның ата-анасы тұратын Палласовка ауданының Красный Октябрь селосына қоныс аудардық. Құжаттарымның жоғалуына байланысты соғыс жылдарында №67 жылқы зауытындағы еңбегім ескерусіз қалды. Негізі тыл ардагері атануым керек қой. Ресей еліне қоныс аударған соң қой бақтық. Еңбек ардагері әрі көпбалалы ана ретінде 1973 жылы зейнеткерлікке шықтым. Үйіміз өртеніп кеткендіктен, құжаттар мен суреттер сақталмады. Өкінішті, қайтейін.

– Соғыстан кейінгі қиын кезде Орда жерінде болған қалмақ бандысын естуіңіз бар ма?

Банды қалмақтың қарапайым халыққа жасамағаны жоқ. Бисен ауылының бір қызын алып қашқанын жұрт біледі. Оның аты дүркіреп тұрған кезде жолдасым Зинедин ауылдық кеңесте хатшы болатын. Үкімет адамдары ұйымдасқан түрде ізіне түсіп, біраз қуып көрді, ұстай алмады. Сүйіндіктің бер жағында Шамақ деген жер (байдың атымен аталған) бар. Қателеспесем, сол уақытта банды қалмақтың соңына түскен милиция қызметкерлері өздерімен бірге мерген Аманғали Нұрмағамбетов дегенді ілестіріп шыққан. Сол жігіт бандыны атып өлтіріпті.

 – Әсия әже, ұзақ ғұмыр кешуіңіздің сыры неде?

Кішкентайымнан тайға мініп өстім. Нағашыларым ұзақ жасаған адамдар. Тек сонау сұрапыл жылдары көрген қиындықтарымыз болмаса, қалғанына шүкіршілік етеміз. Соғыстың салқыны санамыздан кетер емес. Енді соғыс болмасын деп тілеймін. Айболат, Жанболат, Ақболат, Есекен, Қайырболат, Мәншүк, Валя және Сергей есімді ұл-қыздарымнан бүгінде 31 немере, 46 нементай, 18 шөбере сүйіп отырмын.  Ұрпақтарымның арқасында орыс, өзбек, тәжік, корей, лезгин, татар, украин ұлттарымен құда-құдағайлы болдық. Құр бос қарап отыра алмаймын, іс тігумен айналысамын.

– Әсерлі әңгімеңізге рақмет, әже! Ұрпақтарыңыздың қызығын көріп, аман-есен отыра беріңіз.

                                                                            

Ахмедияр БАТЫРХАНОВ,

 Жәнібек аудандық

«Шұғыла» газетінің редакторы.