3.10.2017, 10:59
Қараулар: 131
Қаһарлы қысқа қамданыс қандай?

Қаһарлы қысқа қамданыс қандай?

а-592

Мизам шуағы азайып, қоңыр күз қыстың қыр астында екендігінен хабар бергендей. «Жаз шанаңды қамда…» деп аталарымыз бекер айтпаған. Елді мекендерге шығып, орталықта шаруа қожалығы жетекшілерімен кездесу өткізген аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі басшысы Сүйінбек Хайроллин, бас мамандары Серік Айтқалиев, Талғат Әбдірешевтер қысқа дайындық барысымен қатар, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан жеңілдіктер, берілетін қосымша қаржылай көмек жайын оларға сол көмекті алып отырған әріптестерін мысалға келтіре отырып түсіндірді.

Мал шаруашылықты аудан болғандықтан, қай округте де бұл саламен айналысушылар баршылық. Солардың 480-дейі шаруа қожалығы ретінде тіркелгенімен, мал тұқымын асылдандыруға бағыт ұстап, нормаға жеткізіп, бірдейлендіріп, компьютерге енгізіп, тиісті орындарға өтінім түсіріп, құжат тапсырып, субсидияға қол жеткізгендер 200-ден сәл асады. Рас, биыл ережеге өзгерістер жасалды, төлге де субсидия төленуде. Ауыл шаруашылығы бөлімі мамандары бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы да, аяқтай ел аралап, жұртшылыққа жар салғандарымен, сілкініс жасап, ағымға ергендер санаулы ғана. Әрі техниканы лизингке алғандарға да, толықтай өз қаржысына сатып алғандарға да, құдық қазып, жел, күн батареяларын орнатқандарға да мемлекет олардың шығындарының бір бөлігін өтейді. Қазіргі күні аудан аумағындағы 12 қыстақ тұрғыны жел, 39 қыстақ тұрғыны күн энергиясын пайдаланып отыр.

«Семіздің аяғы – сегіз» дейді қазақ. Яғни, қоңды мал өнімді деген сөз. Кәсіптің дәмін алған бисендіктерде бұрыннан екі мал бордақылау алаңы (А.Кәукешев пен М.Момынов) болса, болашақта олардың қатарына тағы екеуі («Көктеректен» С.Сарсенов, «Нияздан» Б.Лайықов салып жатыр) қосылмақ. Әйтсе де, «Береке» бағдарламасы негізінде отбасылық мал бордақылау ісі қарқын ала алмай тұр. Осы мақсатта ауданымызда құрамында 80 мүшесі бар 3 АӨК (ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі) құрылғанмен, әзірге солардың тең жартысы ғана малданып, іске жаңа кірісіп жатқанын айта кетелік.

– Биылғы жаздың қуаңшылықты әрі шабындықтардың жиі отқа орануы салдарынан қысқа қажетті шөптің дайындалуы әлі межеге жете қойған жоқ. Әсіресе, құм өңірінде кемшін. Сондықтан қожалық иелері агрегаттарын боз құрауға дейін доғармауды ұйғарып отыр. Сондай-ақ, әр округте қор жинақтауға күш салынуда,-дейді Сүйінбек Жексенбайұлы бізбен әңгімесінде.

Иә, шөбі көптің – малы тоқ. Қапысыз қамданғанға қыс қаһары қорқынышты емес.

Дәулет ӘЛИЕВ.

Ауыл жаңалығы

Басқа да мақалалар