3.10.2017, 10:12
Қараулар: 1344
Шаш бояған сананы өсірмейді

Шаш бояған сананы өсірмейді

в-328

Жұмыс барысында түрлі жағдайларға кезігіп жатамыз. Солардың бірі көңілге ой салып, қолымызға қалам алуға жетеледі.

Мәдениет үйіндегі түлектерге аттестат табыстау салтанатында мектеп бітіруші қыздардың бірінің шашындағы (төбе тұсындағы) жасыл жолақ көзге қораштау көрінді. Алғашында мән бермеп едім, кейін алда отырған екі әжейдің әңгімесін естіп, селк еттім. Не құлағыма, не көзіме сенерімді білмей дал болдым. Әлгі жасыл жолақ дегенім, бояп қойған шашы екен. Соны көре тұра аға буынның арасынан «мұның қалай, үйдегі ата-анаң не дейді?» деп айтатын адамның табылмағанына қынжылдым. Өскелең ұрпақтың санасында шетелдіктерге еліктеу қалыптаса бастағаны рас. Солардың бірі өзіміздің тұңғыштар мекені – Орда өңірінен шығып отыр.

Ұлылықты ту еткен кешегі қазақтардың бүгінгі ұрпағы арасында ұлттық құндылықтарымызды аяққа таптап, ардан аттап, ұяттан безіп жүргендері де  жоқ емес. Біз кеше кім едік, бүгін кімбіз? «Қызға қырық үйден тыйым» деп бабаларымыз қатты ескерткен. Алайда, бүгінгінің қыздары бесіктен белі шықпай етегі түріліп, көше кезіп, сән қуып, адасып кеткендері қаншама?! Оларға «қой» дейтін қожа, «әй» дейтін әже жоқ. Себебі, елдің намысын қанжығасына байлап, ұрандап жауға шапқан өткеннің батырлары бүгінде қолына шылым ұстап, бұрыш-бұрышта тығылып, отты судан ұрттап, ырғалып басып көшенің шаңын сүртіп жүрсе, қос бұрымы жер иіскеп, шолпысы сыңғыр қаққан аруларымыз қазір шашын қиып, боянып кердең қағуда. Кей жігіттер құлағын тестіріп, шашын тұлым етіп өсіріп, қайсыбірі иықтан төгілтіп, ойына келгенін істеуде. Заман ағымы солай деп бәрін шеткері ысырып тастайтынымыз тағы бар. Ешкім өзіне кінә артқысы жоқ.

Ата-ана балаға қарауды ұмытып, жұмысбасты болып алған шетінен. Сегіз сағат кеңседе отырып, шаршап келгендей үй-ішіне, бала тәрбиесіне мән бермейді. Әлі мектепке бармаған, әріп танымайтын бала телефонның құлағында ойнайды. Не көршісін танымайды, не көшеде ойнамайды. Бәрі сол телефонның құдіреті. Азаннан қара кешке дейін үлкені де, кішісіде сол қораптың ішіне үңіліп отырғандары. Сондағы қарайтындары пайдалы дүние болса бір сәрі-ау! Көретіні ғаламтордың жын-ойнағы. Көшеде біреуін кездестіре қалсаң құлағын тығындап алып, өзімен-өзі былдырлап келе жатқаны. Әлгінің айтқанын не сен түсінбейсің, не өзі түсінбейді. Оған мысал, қазіргі қазақ жастарына жақсы таныс «Ninety One» тобы. Сахнада селкілдеген бес жігіт, тіпті, жігіт деп айтуға ауызың бармайды. Өйткені, үстеріне кигені киім емес, қырық құлаш мата дерсің, бірінің шашы сары, бірінікі жасыл түсті. Осылардың өнерін тамашалап өскен жас буын қандай өнеге алады? Бұл қазақтың төл өнерін, оған қоса ана тілін аяққа таптап, қалай болса солай қолдану емей немене? Қылықтары қандастарымызды ұялтпаса, қызықтырмайтыны анық. Бірақ, қаншама пікірлер айтылса да, олар оң көзқарас танытып жүрген жоқ.

Осындай жайттарды күнделікті өмірде кездестіріп те жүрміз. Жолыққанына көз жұмып, қолды сілтеп өте берсек, ертеңгі атар таңымызда бізді не күтіп тұр? Әліптің артын бағып, қуыста қол қусырып қарап қалмай, бүгіннен бастап балаларымыздың тәрбиесіне көңіл бөлейік. Боянған жастарымызға таңырқай емес, жек көре қарайық. Құлағын тескен серінің қылығына күліп, шашын өсіргенін елемей өтпейік. Керісінше, оларға ескерту жасап, ақыл айтсақ, мүмкін ойланар.

Әділет ӘБДІРОВ.