26.09.2017, 14:47
Қараулар: 280
Салмақты ой арқалатқан жиын

Салмақты ой арқалатқан жиын

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауының бесінші басымдығы қауіпсіздікке және сыбайлас жемқорлықпен күреске бағытталғаны баршаға аян. Осы ретте жақында «Парасыз болашаққа. Бірге!» ұранын ту еткен сыбайлас жемқорлыққа қарсы облыстық мобильді топ ауданымызда болып, мемлекеттік мекеме, дербес бөлім, қоғамдық ұйым, квазимемлекеттік сектор ұжымдарымен кездесті.

Алдымен, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департамент басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Болат Исақов елімізде мемлекеттік қызметтің сапасы Біріккен Ұлттар Ұйымының электрондық үкімет даму индексіне сай 81-ші орыннан 48-ші сатыға көтерілгенін, келер жылы «2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы Стратегиясының» жаңа сатысын жүзеге асыру міндеті тұрғанын мәлімдей келе,  ауданымыздағы атқарылған жұмыстар мен кейбір «әттеген-айларды» баса көрсетті. Мәселен, соңғы екі жылда ауданымыз бойынша сыбайластық қылмыс фактілері тіркелмегенімен, өткен жартыжылдықта облысымызда түрлі тәртіптік жазаға тартылған 496 азаматтың 15-сі біздің ауданнан көрінеді. Әрі қажетті ақпараттар беріле тұрса да, аудан мекемелерінде бірде-бір рет ішкі талдау жүргізілмегені, мемлекеттік стандарт бекітілмегені сынға алынды. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы ауданымызда үш-ақ баннер ілінсе, оның екеуін аталмыш департаменттің өзі жолдапты.

«Сыбайлас жемқорлыққа нөлдік төзімділік қалыптастыруымыз қажет. Сонда өңірлік «Таза қол» атты жобалардың да еш қажеті болмайды»,-деген топ мүшесі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының Батыс Қазақстан облысы бойынша департамент басшысы Мақсат Қожабаев та парақорлықтың түбі қорлық екенін нақты мысалдар келтіре жеткізді. Құрметті мейманның сөзін айқындай түскен бейнероликтер де жиынға қатысушыларға салмақты ой арқалатқандай болды.

Өз кезегінде Әдеп жөніндегі аудандық уәкіл әрі жиынды ашып, жүргізіп отырған аудан әкімінің орынбасары Рүстем Зұлқашев тақырыпқа сай сөз сабақтап, орын алған олқылықтарды түзеу жөнінде жұмыстанатындықтарын жеткізді.

ӨЗ ТІЛШІМІЗДЕН.

«Парасыз болашаққа. Бірге!»

Басқа да мақалалар