26.09.2017, 11:54
Қараулар: 400
Алғыр Айдос және оның шәкірттері

Алғыр Айдос және оның шәкірттері

г-758-1

Ұстаз деген – жарық күні ғаламның,

Ұстаз деген – анасы ол адамның.

Бүкіл әлем мойындайды еңбегін,

Сен де одан адам болып жаралдың.

Қай дәуірде болсын, ұстаздарға құрмет жоғары болған. Бұл мамандық иелеріне деген ыстық ықылас бүгіннен не кешеден бастап көрсетіліп келе жатқан жоқ, ұстаздықтың шоқтығы ықылым заманнан-ақ биік тұр. Өйткені, ұстазға құрмет – білімге деген құрмет. Тарихта ақыл-парасаты мол тұлғалардың көпшілігі ұстазына ерекше құрметпен қарап, әрдайым ізетпен еске алғаны мәлім. Айталық, Ескендір Зұлқарнайын – Аристотельді, Абылай хан – Төле биді, Шәкәрім – Абайды, Жамбыл – Сүйінбайды өзіне ақылшы әрі ұстаз тұтқан. Мәселен, Ескендір Зұлқарнайын өз ұстазы туралы «Мен ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспін. Әкемнен өмірді алсам, Аристотельден сол өмірге керектінің бәрін алдым» депті. Сондықтан да, ұстазды сыйлау – өмірдегі бір борышың. Осы қағиданы ұстанымына айналдырған ұялылық Айдос Меңдіғалиев биология пәніне деген қызығушылығын дамытып, мұғалімдікке жетелеген Сақыпжамал Ғұмарованың сара жолымен жүруді өзіне парыз санаған. Сөйтіп,  Ш.Жексенбаев атындағы орта мектепті тамамдаған жас түлек Жәңгір хан атындағы аграрлық университетті экология мамандығы бойынша бітіреді де, жүрек қалауымен М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дан биология пәні мұғалімі мамандығын меңгеріп шығады.  Жоғары білімді жас еңбек жолын өзі түлеп ұшқан алтын ұясынан бастайды. Содан бергі бес жыл ішінде, Айдос Рахымұлы өзінің жан-жақтылығымен әріптестерінің жоғары бағасына ие болды. Жастық жігермен сүйікті қызметіне кіріскен жас жігіт бүгінде жеткен жетістіктерімен мақтана алады. Ол екі мәрте облыстық экологиялық-биологиялық орталықтың, облыстық білім басқармасының Алғыс хаттарымен марапатталған, 2015 жылы республикалық «Жыл мұғалімі» байқауының мектепішілік кезеңінде «Жыл мұғалімі» номинациясының иегері атанса, биыл «Үздік тәрбие сағаты» аудандық сырттай байқауының «Толеранттылыққа тәрбиелеу бойынша»  аталымында  І орынды жеңіп алды және «Үздік ұстаз – 2017» кубогына қол жеткізіп, аудан әкімінің Алғыс хатымен мадақталды. Айта кетелік, оның Рабиға есімді жары да биология пәнінің мұғалімі.

Ақын Фариза Оңғарсынова айтпақшы, ұстаздар «көрінбес ғажап еңбектің бейнетін кешіп жүрген» жандар. Десе де, жас маманның алдын көрген оқушылардың білімге деген құлшынысы көз қуантады. Жансая Қиланбекова есімді талапты шәкірті әр жылдары аудандық пән олимпиадасында биологиядан жеңімпаз атанып жүрсе, 2015 жылы жас экологтардың «ЭКСПО – 2017» экологиялық форумының аудандық кезеңінде ІІ орынға ие болды әрі облыстық кезеңінде білім басқармасының Алғыс хатымен марапатталды. Оның құрбысы Балжан Маратова да аталмыш пән сынағында бінеше рет жүлдегерлер сапынан табылған. Ал, «Тұрақты даму үшін экологиялық білім беру бойынша балалар бизнес-жобалары» атты облыстық байқауда Темірлан Маратов «Мал шаруашылығы кешенінің қалдықтарынан биогаз алу» жобасымен  екі жыл қатарынан ІІІ орын иеленді. «ЭКСПО – 2017» шеңберінде «Қазақстан – менің елім» жас натуралистер мен экологтардың облыстық форумында жас ұстаз әзірлеген команда «Табиғаттың құтқарушы шеңбері» номинациясы бойынша І орынды, Гауһар Сатыбалдиева «Жасыл экономикада» ІІ орынды иеленіп, республикалық кезеңге жолдама алғаны және бар. Жаз кезінде Қаратөбе ауданының Егіндікөл ауылында ұйымдастырылған экологиялық жарыста Айдостың жетекшілігімен мектепішілік команда топтық сайыста І орынды иеленгенін де айта кетелік. Сонымен қатар екі оқушысы Гауһар Сатыбалдиева мен Жайдарман Қалмиярова облыстық экспедиция құрамында Ресейдің Самара қаласындағы Жигулевск қорығына саяхатқа барып келген екен. Өткен оқу жылында биология пәнінен мемлекеттік емтиханға әзірлеген 3 оқушысы мемлекеттік грант негізінде оқуға түссе, алдыңғы буын шәкірттері де биология пәнінен терең білімді қажет ететін фельдшер, мал дәрігері сынды қызметтерді абыроймен атқарып жүр.

«Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан» деп ұлы Абай айтқандай, мұғалім тәрбиесі мен өнегесі оқушының болашақ азығы. Жақсы ұстазға кезігіп, тәлім-тәрбие алған шәкірт өмір майданында мойымай күресіп, алған бағытынан таймасы анық. Жаһандану заманында ұлттық бәсекеге қабілетті болудың көрсеткіші – білім. Сондықтан әлемдік білім кеңістігіне кірігіп, білім беру жүйесін халықаралық биікке көтеру кезек күттірмейтін өзекті мәселе. Әрі оны шешудің кілті – ұстаздардың қолында.

Француз ойшылы Жан-Жак Руссо сөзімен айтар болсақ, «өз уақытын аямайтын, өзгенің бақытын аялайтын» Айдостай алғыр ұстаздарымыздың қатары көбейе бергей!

Раушан БАҚЫТОВА.

Суреттерде: ерлі-зайыпты жас ұстаздар және шәкірттері.