«Тақиялы періште» немесе Тайлақпен кездесу

Ертеде Римге сапар шеккен бір жолаушы тоғыз жолдың торабына тап болып, солардың қайсысына түсерін білмей кезіккен кісіден: «Римге бару үшін қай жолға түсуім керек?»,-деп сұрағанда, ана кісі «Қалауың білсін, өйткені, барлық жол Римге апарады»,-депті.  Сол айтқандай, маусым айының 10-ы мен қыркүйек айының 10-ы аралығында халықаралық қатынастардың әуе, теңіз, құрлық жолдары Елордамыз – Астана қаласында тоғысты. Оған себеп  «ЭКСПО – 2017» мамандандырылған халықаралық көрменің өтуі еді. Ақпарат көздерінен білгеніміздей, 45 мемлекет пен 22 халықаралық ұйым қатысқан «Болашақ энергиясы» тақырыбында оздырылған бұл көрмені үш ай ішінде төрт миллионға жуық адам тамашалаған екен.

Тамылжыған тамыз айының соңына таман аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен бір топ еңбек ардагерлерінің «ЭКСПО – 2017-ге»  жолы түсті. Жанды жадыратқан бұл сапар жөнінде «Орда жұлдызының» 5 қыркүйектегі санында жарияланды да. (Авторы – Гүлжан Бисекенова). Елдің болашағы жастарға және біз сияқты  қарапайым еңбек ардагерлеріне Астана қаласы мен халықаралық көрмені көзбен көру мүмкіндігін жасаған аудан басшысы Нұрлан Сағынтайұлы мен шараны ұйымдастырушыларға менің де айтар алғысым шексіз.

«Орал – Астана» жүрдек пойызымен Елордаға тәулік жарымда жетіп бардық. Біздерді Лев Гумилев атындағы «Еуразия» университетінің 3-курс студенттері атыраулық жас жігіт Жантас Қайрат пен шымкенттік бойжеткен Мереке Жалғас теміржол вокзалынан қарсылап, «Ақмола турист» үш жұлдызды қонақ үйге әкеліп орналастырды. Олар туристік компаниямен келісім-шартқа отырып, «ЭКСПО» қонақтарына қызмет көрсетіп жүр екен. Келген күні Астананың әсем жерлеріне экскурсия жасадық. Келесі екі күніміз Г.Бисекенованың жазғанындай, көрмені  өзіміздің «Нұр әлем» павильоны мен шетелдік павильондарын аралауға арналды. Шар түріндегі 8 қабаттан тұратын  «Нұр әлем» сферасы өзінің алыптығымен бірге еліміздің әр саладағы жетістіктерін және сан алуан болашақ энергияның мүмкіндіктерін ашып көрсетуімен ерекшеленгенінің куәсі болдық. Сапар барысында  Қазақстанның ұлттық музейін, 10000 адам сыйатын Әзірет Сұлтан мешітін, Бейбітшілік және келісім сарайын, «Бәйтерек», «Хан шатыры» сияқты басқа да  сәулетті кешендерде болдық. Күтпеген екі кездесу есімізде жатталып қалды. Алғашқысы – «Тақиялы періште» киносының басты кейіпкері Тайлақтың бейнесін сомдаған Әлімғазы Райымбековпен, екіншісі – бүгінгі күні астаналық болып кеткен, танымал тұлға, саралжындық жерлесіміз Бақыт Жасқалиевамен кездесу еді.

Әбекеңнің айтуына қарағанда, «Тақиялы періштенің» жалғасы жақында экранға шықпақ көрінеді. Демек, бұл Тайлақпен тағы кездесеміз деген сөз. Сол жерде ақсақалмен ескерткіш суретке (ол бірінші қатарда сол жақтан үшінші отыр) де түстік. Ал, Бақыт Жасқалиева әріптесіміз алдағы уақытта «Орда жұлдызы» газетімен байланыс ұстап, өзінің қаламынан туған бірқатар туындыларын редакцияға жолдайтын болып келісті. Біз жерлесімізге шалқар шабыт тіледік.

Елімізде күннен, желден қуат алатын болашақ энергиясы даму үстінде. Аудан, округ орталықтарынан шалғайда орналасқан бірқатар шаруа қожалықтары күн мен желден қуат алатын құрылғыларды орнатып, баламалы энергияның қайырын көріп отырғаны соның дәлелі.

Сонымен, тоқсан үш күнге созылған халықаралық мамандандырылған «ЭКСПО – 2017» көрмесінің жабылу рәсіміне қатысқан Елбасымыз Астана мен еліміздің барлық өңірлері күш жұмылдырғанының арқасында көрменің табысты өткенін, Қазақстан экономикасын дамытуға мултипликативтік тұрғыдан оң әсер еткенін, сондай-ақ, көрме аясында оздырылған мәдени және халықаралық шаралардың маңызын ерекше атап көрсетті.

Иә, «ЭКСПО – 2017» еліміздің Еуразия өңірінде қауіпсіз әрі қарқынды дамып келе жатқан мемлекет екенін әлемге тағы бір паш етті.

                                                               Амантай ХАМЗИН,

                                                       еңбек ардагері.

                                                       Сайқын ауылы.