19.09.2017, 23:57
Қараулар: 33
Халқы қадірлеген Қайрат ақын

Халқы қадірлеген Қайрат ақын

р-0223-1

Біз жас ұрпақты отансүйгіштік, яғни, патриоттық рухта тәрбиелеу керек дейтін болсақ, елдің елеулі адамдарымен оларды үнемі таныстырып отыруды ұмытпауымыз қажет. Бұл жолы халқымыздың белді ақындарының бірі, кеше ғана туғанына 80 жыл толған жерлесіміз Қайрат Жұмағалиев туралы сөз етпекпіз. Ақынның қаламынан туған әдеби мұра сан жанрлы, мол көлемді, мәні жоғары да бағалы. Ол шығармашылық белестерге тек ізденіспен көтерілген жан. «Тұңғыш» атты жинағынан-ақ ақынның алымдылығы, ойының ұшқырлығы, қаламының үшкірлігі, талабының биіктігі айқын аңғарылған.

Өмірді жүрген жоқпыз сүріп бекер,

Әр күні арманыңды биіктетер!

Көңіліңде жарық еткен бір-ақ сәтке,

Құдіретті келешек сыйып кетер.

Бақытын сыйлап тұрып адамзатқа,

Тіршілік азабын да сүйікті етер!

Арман-талапсыз, тіршіліктің  бейнетінсіз рахат өмір де жоқ, сондай-ақ, поэзия азабынсыз жақсы жыр тумақ емес. Ақын талпынысы да осы бағдарда болған. Ал, «Анасы бар адамдар, Ешқашан қартаймайды» деген жыр жолдары халық аузында жүргелі қашан?!

Ақын шығармашылығын жас оқырмандар арасында насихаттау мақсатында аудандық балалар кітапханасында «Жүректен шыққан жырлары» тақырыбында поэзиялық кеш оздырылды. Оған М-С.Бабажанов атындағы орта мектептің 5-сынып оқушылары (жетекшілері С.Меңғалиева, А.Жаманғарина) қатысты. Кеш барысында кітапхана қызметкерлері ақынның өмір жолы мен шығармашылығы туралы мәліметтер берсе, оқушылар өз  кезегінде оның «Болашақ дәрігер» (Рада Манасова), «Түн» (Дильназ Бисенғалиева), «Таба нан» (Жансая Аманжолова), «Мен соғысты жек көрем» (Әсел Сағидоллақызы), «Алтын күз» (Аружан Ишанова), «Кім ойлап тапқан?» (Айзере Қапанова), «Апорт» (Айназ Ниетқали), «Сары аяз, көше мұз» (Махаббат Төлегенова) сынды  өлеңдерін жатқа оқыды .

Шара соңында ақын туралы түсірілген бейнефильм көрсетіліп, «Арманы тұрар жаңғырып, ақиық ақын мәңгілік» атты кітап көрмесіне шолу жасалды.

Айнагүл БАТЫРХАНОВА,

кітапхана қызметкері.

 

***

 

Ақын Қайрат Жұмағалиевтің 80 жылдығына орай ауылдық кітапхана меңгерушісі Лунара Сембиева Б.Жәнекешев атындағы орта мектептің 7 «а» сыныбында «Туған жерін жырлаған сыршыл ақын» атты әдеби кеш ұйымдастырды.

 

Қ.Жұмағалиев өзіндік үнімен, ой-толғауымен қазақ поэзиясының арналы жыр-дариясына бұлақ болып құйылған мөлдір сезімді ақын. Оқырмандарын нәзік лирикамен баурап алған сыршыл жырларының біразы жас жеткіншектерге арналған. Оның артында қалған мол мұрасын насихаттау мақсатында өткен бұл кеште Ділназ Зейноллина ақынның өмірбаянымен таныстырса, Лунара Русланқызы «Қайраттың қайсар жырлары» атты кітап көрмесін шәкірттер назарына ұсынды. Мұхаммед Бақтыгереев, Ақерке Ақылбекқызы, Айым Қалемғалиева, Гүлназ Жұмагереевалар ақын өлеңдерін нақышына келтіре оқып берді. Нарғыз Ерболқызы «Анашым» әнін тамылжыта шырқады.

Кешке қатысқан ауылдық округ жастарының жетекшісі Нұрбол Өтеғалиев: «Атамыздың жалынды жырларын жаттап, мақтанышпен айтып жүрейік»,-деп ізгі тілегін жеткізді. Туған жерін жырға қосқан Қ.Жұмағалиевті жерлестері әрқашан мақтан тұтады.

Екатерина МӨКЕШЕВА.

Бисен ауылы.