19.09.2017, 23:44
Қараулар: 18
Сахнаның сәніне айналған әншілер

Сахнаның сәніне айналған әншілер

р-0219-1

Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, әнші Сұлушаш Нұрмағамбетова мен әнші-термеші Мейрамгүл Орашевалар арнайы тұңғыштар мекеніне ат басын бұрып, аудандық мәдениет үйінде «Бақыттың жиырма жылында» атты концерттік бағдарлама ұсынды.

Сахнаның сәніне айналған қос әнші ауыл жұртшылығын бір серпілтіп тастады. Өнерде өзінің дара жолын салып үлгерген күміс көмей әнші С.Нұрмағамбетова Қ.Аманжоловтың «Туған жер», Қ.Сәтмағамбетованың «Немерем», Ә.Бейсеуовтің «Жақсы көру», Н.Тілендиевтің «Өз елім», Ғ.Құрманғалиевтің «Оралым», «Сүйген жар», Ш.Қалдаяқовтың «Еркежан»  сынды танымал тұлғалардың әндерін нақышына келтіре орындады. Ал, М.Орашеваның әсем дауысы домбыраның қоңыр сазына қосылып, Махамбеттің «Мен едім…» термесін шабыттана төгілткенде залдағы көрермен сілтідей тынды. Рухты әуен қыранның бірде қанатын көкке құлаштай сермеп биіктеген, біресе бұйрат құмнан жемтігін көріп, алып денесін төменге қарай тастап жіберген сәтіндей құлдилап, мың құбылды. Әсем саз әншінің дауыс ырғағына орай тербеліп, баяу ғана жанып тұрған білтелі шамның жарығындай лаулай түсіп, кенет тиыла қалады.

Қос өнерпаздың Орда жеріне аяқ басып, жолдың қашықтығы мен ауыртпалығына қарамай келіп, көрерменімен қауышып, ән кешін ұсынғандары үшін аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов гүл шоқтары мен Алғыс хатын табыстады. Көңілдері әнмен сусындап, рухани байып тараған көпшілік өнер әлемінде жүрген жандарға ризашылықтарын білдірді.

Әділет ӘБДІРОВ.